• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Шілде, 2018

Түркі әлемін түгендеген – Астана-Арқау

364 рет
көрсетілді

Бүгінгі жаһандық саясат пен мәдениеттің қанат жайған қалпына көз жүгіртсек бір жерді мекендеген ұлт пен ұлыс Жер-Ананың кең құшағын еркін жайлап, мидай сапырылысып, уақыт қақпақылына түсіп тіршілік кешуде.  

Сол қатарда Ергенеқонды ен жайлаған түркі жұрты да тарихи ареалынан ұзап, Еуразия, Солтүстік Америка, Аустралия құрлықтарына тарыдай шашы­лып, әлденеше іргелі ел, боса­ғалы мемлекет құрып, заман көші­нен қалмай келеді. V ғасыр­да Шығыста қытай жазбаларында, Батыста Менандр мен Фео­фан сынды византиялық тарих­шылардың еңбектерінде Түр­кі жұртының аты аталған кез­ден бастап, бүгінге дейін туыс­тық тамырын, бауырлық қамын ұмытпаған алтын зәу­зат Астана төрінде он бірінші мәрте бас қосып, түбі барып бір арнаға тоғысатын мәдениетін Сары­арқа төрінде кезекті рет қанат қақ­тырды. Елордамыздың 20 жыл­дығына арналған биылғы шара­ның – жөні де, жолы да бөлек. Дәу­­летіне сәулеті жарасқан, бір­лігіне берекесі жымдасқан бай­тақ еліміздің алтын діңгегі – Ас­та­­на­ның мерейлі көркіне әлем көз тікті. 

Көне заманнан жеткен, баба­дан қалған асыл мұраны екі күн бойы елорда төрінде қа­лың жұрт­шылыққа паш еткен өнерпаздар барша түркі елдерінен келді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­тамасымен 2013 жылы ашыл­ған, әлемдік сәулет өнерінің ең үз­дік классикалық дәстүрлері ес­ке­ріліп, архитектурасында ұлттық нақыш айқын байқалатын «Астана-Операның» концерт залында қобыздың қоңыр үні, домбыра мен қомуздың күмбірі, туыстас жұрттың әсем әні мен ұлттық музыкалары салтанат құрды. Отызға жуық өнер майталмандары көсіле шапқан «Астана-Арқау» фестивалінің музыкалық редак­торы Мүсілім Әмзе: «Өз­бек­стан, Қырғызстан, Түркия, Украина, Иран, Татарстан, Қара­қалпақстан, Әзербайжаннан кел­ген қатысушылар екі күн бойы жанды дауыста өнер көр­сетіп, тыңдармандардың құ­лақ құ­рышын қандырады. Біз түркі жұртының дәстүрлі өнер шын дәріптеп жүрген нағыз дүл­­дүлдерді ғана шақыруға ты­рыс­тық», деді. Бұл фести­валь негізінен белгілі бір тақы­рып­ты арқау етеді. Бірақ бүгін­гі күні кеңге құлаш жайған ке­­­лісті шараның ауқымы да өсіп келеді. Жалпақ әлемнің түк­пір-түкпіріндегі бауырлас халықтардың музыкасын тың­дағанда, түбі барып бір атаға тіре­летіні де байқалатындай. Дауылпаз күйші Қазанғаптың күй мұрасын отыз жылдан бері зерт­теп келе жатқан Абдулхамит Райымбергеновтің пікірінше, шара өте жоғары деңгейде ұйым­дастырылыпты. «Біз бір кезде бүтін болған тұтас дененің бөлшек­теріміз. Осы шараға келген әрқайсымыз сол өткенімізден бір-бір мұрагері болып келіп отыр­мыз. Бәлкім, осы фестиваль тарыдай шашылған түркі жұр­тының қайта тұтасып, бірігуі болар. Біз бір-бірімізді өте жақсы түсінеміз. Тамырымыз, тарихымыз ортақ», деді күйші. 

Сонымен қатар осындай ірі мәдени бас қосулардың ұлттық өне­рімізге, ғылымымызға да зор ықпалы болатыны айтылды. Бір замандарда қазақ даласында болған сыбызғы ұмытылып, тек атауы ғана қалған кезде баш­құрттардың «қурай» аспабы арқылы қалпына келтірген болатынбыз. Сондай-ақ жетігеннің де аты қалып, заты жоғалған шақта, хакастардың чатхан аспабы сеп болып, жетігеннің үнімен қайта қауышыппыз.  Башқұртстан Мемлекеттік филормониясының солисі Азат Бекчурин қурай аспабымен башқұрттардың «Жаяу Махмұт» деп аталатын ұлттық күйін орындады. «Қазақ еліне сый ретінде қазақ ұлттық әуендерін қураймен орындаймын. Қурай – біздің ұлтымыздың символы. Бұл өсімдіктің гүлі біздің елтаңбамыз бен туымызда бар. Қазақ пен башқұрт рухымен де, тілімен де жақын. Біздің де домбырамыз, қобызымыз, қурайымыз бар» деп ойымен бөлісті Азат Бекчурин.

Хомуста ойнайтын Ива­нида Бугулова Астанаға Саха Рес­публикасынан келген, ол өзімен бірге ансамблін ала келмегеніне өкінеді. «Мен Астанаға бі­рін­ші рет келіп тұрмын, осындай бірегей фестивальге қа­тыса­тыныма қуаныш­тымын, оның өтетіні туралы құрбымнан білдім. Ол «Астана Арқау» фес­тиваліне бірнеше рет қа­тысқан. Мен хомуста және күп­сірде ойнаймын – бұл барабан және халық әнін айтамын. Жал­пы, біздің ансамбліміз бар, бұл жолы жалғыз келгенім өкі­ніш­ті. Ке­лесі жолы ансамбльмен толық құрамда келеміз деп ой­лаймын»,  дейді якутиялық қонақ. 

«Астана-Арқау» фестивалі түркі дүниесінің бас қосатын үлкен платформасына айналды. Дәстүрлі өнерді ұрпақтан ұрпақ­қа жеткізуді, ұлттық өнерді байы­туды көздеген игі бастаманың баянды болуына тілекшіміз. 

Астана төріне төркүл дүниенің түркі жиналған екі күнде оянған рухты, бауырластық сезімді барша түркі баласына теңдей ғып үлестіріп беретін ғажайып болса деп қиялға шомасың. Сәулесіне сызат түспеген, рух оты өшпеген түркі дүниесінің бірлігі мығым болғай.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,  «Егемен Қазақстан»