• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Өнер Бүгін, 09:50

Ырғақ пен сезім тоғысқанда

40 рет
көрсетілді

Ұлттық музейде корейлік жаңа медиа суретші әрі композитор Хван Сонджонның «Планетарлық өрім: Теллуриялық ырғақтар мен тоғысқан естеліктер» атты жеке көрмесі ашылды.

Көрме адамның әлемді қабылдау шекараларын зерделейді. Адам мен табиғат, тірі мен өлі, көрінетін мен көрінбейтін, дос пен қас сынды үйреншікті жіктеулерден бас тартуға үндейді.

Іс-шараның салтанатты ашылуында сөз сөйлеген Ұлттық музей директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ақмарал Ибраева көрме көрерменге ерекше әсер сыйлап, адам мен табиғат арасындағы байланысты тереңірек түсінуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Қазіргі әлем жаһандық өз­герістер мен жаңа сын-қатерлер кезеңін бастан өткеріп отыр. Осындай уақытта өнер адамзаттың табиғатпен, технологиямен байланысын тереңірек түсінуге мүм­кіндік беретін бірегей кеңістікке жол ашады. Хван Сонджонның шы­ғармашылығы да дәл осы өзара байланысты жаңа қыры­нан пайымдауға шақырады. Мұн­дай жобалар Қазақстан мен Ко­рея арасындағы мәдени ынтымақ­тастықты нығайтып, заманауи өнер саласындағы халықаралық диалогтің дамуына ықпал етеді деп сенемін», деді Ақмарал Ибраева.

Кейінгі бес жыл бойы автор табиғат ырғақтарына, адамның қоршаған ортамен өзара әрекет­тесуіне негізделген шы­ғармалар арқылы «Tanhamu» атты көркем тұжырымдамасын дамытып келеді. Оның жұмысында адам мен өзге тіршілік иелері дене, табиғат, технология және экология арасындағы үздіксіз өзара ықпалдастықта әлемді қалай бірге сезіне алатыны зерттеледі. Автор шығармаларында әлемге «біз бұл планетада бір-бірімізді қалай сезіне аламыз? Бізді қандай ырғақтар мен тыныс біріктіреді?» деген сауал қояды.

Корея Республикасы елшілі­гі Корей мәдени орталығының басшысы Ку Бон-чоль екі ел ара­сындағы мәдени байланыстың одан әрі дами беретініне тоқталды. Ал көрме авторы Хван Сонджон Ұлттық музейге, Корей мәдени орталығына және барлық қатысу­шыларға алғыс айтты.

«Мен өз шы­ғар­мала­рымда ми­целий же­лі­ле­рін, ней­рондық жүйе­лерді, эко­логиялық үде­рістерді көбіне метафора ретін­де емес, ойлау тә­сілі ретінде қарас­ты­рамын. Олар ақыл, жады мен сезіну бір ғана тіршілік иесіне тиесілі емес, керісінше байланыстар арқылы таралатынын көрсетеді. Көрмені тамашалағанда сіз­дер тек қараумен шектелмей, тыңдап, сезініп, бәлкім өз қабылдауыңыздағы нәзік өз­герісті байқайсыздар деп үміт­тенемін. Себебі бізді байланыс­тыратын нәрсе – толық түсінікті болмаса да, бірге сезінуге болатын құбылыс болуы мүм­кін», деді суретші.

Сөз соңында Хван Сонджон жиналған көпшілікке визуалды әрі дыбыстық композициясын ұсынды.

Жалпы, көрме экспози­циясында оннан аса бейне, дыбыс, қозғалыс және визуал­ды об­раздарды біріктіретін муль­ти­­сенсорлық кеңістік ретін­де­гі туынды ұсынылды. Автор инс­талляциялар мен дыбыстық ком­позициялар арқылы таби­ғат ырғақтарын сезінуге мүм­кіндік беретін ерекше орта қалып­тастырып, көрерменді плане­талық экожүйедегі барлық эле­мент­тердің өзара байланысы тура­лы ойлануға шақырады.

Көрме 24 мамырға дейін созылады.

Соңғы жаңалықтар