• RUB:
    5.4
  • USD:
    478.57
  • EUR:
    526.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Шілде, 2018

Қостанай облысында орман алқабы 16 мың гектарға көбейген

945 рет
көрсетілді

Бұл туралы облыс әкімдігінің аппарат мәжілісінде айтылды. Жалпы облыстың барлық аумағының 1,2 пайызы ғана орман алқабын құрайды. Облыста барлығы 230 мың гектардан сәл ғана асатын аумақты орман алқабы алып жатыр. Оның өзі де  жиі өртке шалдығады. Оны қайтадан қалпына келтіру  қаржымен қатар, еңбекті, көп уақытты талап етеді.

Облыстық табиғи ресурстар мен табиғат пайдалану басқармасы басшысының міндетін атқарушы Самат Қалиевтың айтуынша, соңғы жылдары орман  мекемелерін қаржыландыру жақсарып келеді. Соған орай жыл сайын жасыл желекті аумақтарды қорғау, орман қорын қалпына келтіру шаралары  үздіксіз жүргізіліп келеді. 2013 жылдан бері облыс өңірінде орман алқабы 16 мың гектарға кеңейген. Бұл жақсы нәтиже.

«Орманды өрттен қорғау жұмыстарының 2018-2020 жылдарға арналған жоспары бекітілген. Онда жергілікті әкімшілктер мен  Төтенше жағдайлар департаменті,  ауыл шаруашылығы, жолаушылар көлігі мен автожолдар  басқармалары, «Қазақстан темір жолы» Қостанай бөлімшесі бірігіп әрекерт етеді. Биыл «Семиозер» және «Михайлов» орман шаруашылықтарында оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілді» дейді Самат Қалиев.

Көлемі 217 мың гектар болатын қылқан жапырақты орман алқабын авиациялық бақылау республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Мамандар орманға негізгі қауіп өз-өзінен тұтанатын дала өртінен болатынын айтып отыр.

 Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай