Елорда тойында ерекше думанға бөленген жерлердің бірі қала сыртындағы «Қазанат» атшабары болды. Астананың 20 жылдық мерейтойына 20 миллион теңге жүлде тағайындаған айтулы бәйгені көруге асыққан жылқы жанды көрермен бәйге басталмай-ақ атшабарды лық толтырып тастапты.
Сонымен дүбірлі бәйгенің алдында 29 маусымда басталып, ақтық сайысын 6 шілдеге орайластырған көкпардың финалдық жекпе-жегі ұйымдастырылды. Бәсеке 15 командадан финалдық кездесуге жолдама алған Жамбыл облысының «Әулие ата», Түркістан облысының «Құлагер», Маңғыстаудың «Адай ата» және Қызылорда облысының «Сейхун» командалары арасында өтті. Нәтижесінде, «Сейхунды» жеңген Маңғыстау көкпаршылары III орынға табан тіресе, неше жылдан бері чемпиондықты бермей келе жатқан Жамбыл облысы II орынды қанағат тұтты. Сөйтіп жақында ғана мәртебесі өскен Түркістан облысының командасы жеңімпаз атанып, мерейі үстеп, мейманасы тасыды.
Қазақ үшін қашанда бәйгенің орны ерекше екенін тағатсыздана күткен көрермен тағы да бір дәлелдеді. Бәйге 16 шақырымдық кіші аламан, 25 шақырымдық үлкен аламан болып бөлінді. Ұйымдастырушылар алаң өлшемін ескеріп, әр өңірден екеуден ғана ат қатыстырған бұл бәйгеге облыстағы таңдаулы, алдына қара салмаған жүйріктер келген. Сонымен алғашқы 16 шақырымдық аламанға қатысқан 24 аттан мәреге 8 ат келді. Оның бесеуіне жүлде берілді.
Алматы облысының Талғар қаласынан келген үш жасар «Мұрагер» есімді көк құнан қара нөпір қалың елді шулатып бірінші келді. Жүйріктің иесі – Мерхат Бұлғынов, бапкері – Айдын Үтбаев. Ал шабандозы әйгілі жел тақым Ақжол Жұматай. Бірінші орынға 3 300 000 теңге көлеміндегі жүлде берілді.
Екінші болып Қарағанды облысының «Лайт Энджл» атты ағылшын тұқымды күрең дөнені келді. Ат иесі – Дулат Баешов, ал бәйгеге жаратқан бапкері – Шаризат Қазтаев, шабандозы – Рахмен Әлішер. Олар 1 850 000 теңге көлеміндегі жүлдемен марапатталды.
Арнұр Курванжан тақымдаған Астана қаласының «Алматы» есімді үш жасар ағылшын тұқымды жирені мәреге үшінші болып жетті. Бәйгеге жаратқан бапкері – Мақсат Төкенов болса, иесі – Қуаныш Әкімжанов. Үшінші жүлдегер 1 200 000 теңге көлеміндегі сыйлықпен марапатталды.
Дамир Сүлейменов мінген Шығыс Қазақстан облысының Таскескен ауылынан келген «Созидан» есімді жирен қасқа тізгінді төртінші болып ұстатты. Ат иесі – Ерасыл Сүлейменов болса, бапкері – Бекен Абақанов. Оларға 550 000 теңге табысталды.
Бесінші орын Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданынан келген Серік Бекқайыровтың «Роза» есімді үш жасар жүйрігіне бұйырды. Атты жаратқан бапкер – Мақсат Бекқайыров, шабандозы – Бекзат Сәдуақас. Жүлде – 400 000 теңге.
Ендігі қызық 25 шақырымдық бәйгеде. Елдің де делебесі әбден қозған. Алдынан шауып өткен жүйріктердің қайсысы бірінші келетінін болжам жасап, бәстесіп жатқандары да аз емес. Кімнің қандай атты белгілеп отырғаны да көпшілікке хабарланып, тақым қысқан жұрттың қарасы онан сайын молая берді. Сөйтіп үлкен аламанның жүлделі жүйріктері де анықталды.
Сағымдай жүйткіп, жұлдыздай аққан Бекзат Сәдуақастың тақымындағы Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданынан келген Серік Бекқайыровтың «Қаракөз» есімді үш жасар ағылшын тұқымды торысы басқаларынан озық келді. Атты жаратқан бапкер Мақсат Бекқайыров 6 600 000 теңге көлеміндегі жүлдені қанжығалады.
Екінші болып «Қаракөзге» шылбыртастам ғана жетпей Ақжол Жұматай мінген «Бұйражал» атты Қарағанды облысының ағылшын тұқымды жирен қасқа бестісі келді. Ат иесі – Нұрлыбек Мұхамедияров, ал бәйгеге жаратқан бапкері – Бақтияр Құралбаев. Олар 3 300 000 теңге көлеміндегі жүлдені иеленді.
Оразалы Жорабек тізгіндеген Алматы қаласының «Верный» есімді ағылшын тұқымды күрең бестісі үшінші болып жетті. Бәйгеге жаратқан бапкері – Айдын Үтбаев. Үшінші орынға 1 650 000 теңге көлеміндегі сыйақы берілді.Төртінші болып Хакимбек Қожақов мінген Жамбыл облысынан келген «Сұңқарторы» есімді ағылшын тұқымды торы құнан келді. Ат иесі – Диас Мырзахан болса, бапкері – Бақытбек Сыбанбаев. Бұл орынға 650 000 теңге көлеміндегі жүлде тағайындалыпты.
Арнұр Курванжанның тақымында ойнаған «Бақторы» есімді сәйгүлік бестікті түйіндеді. Астана қаласы атынан қатысқан ағылшын тұқымды торы бесті. Жүйріктің иесі – Қуаныш Әкімжанов, ал бапкері – Мақсат Төкенов. Бесінші орын жүлдесі – 500 000 теңге.
Сонымен сегіз күн бойы елордадағы «Қазанат» атшабарын дүбірге бөлеген Қазақстанның чемпионаты осылайша аяқталды. Чемпионаттың жабылу салтанатына Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет қатысып, жеңімпаздарды марапаттады.
Астананың 20 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығы, Мәдениет және спорт министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен бұл бәйгенің үлкен аламанында бірінші келген хас жүйрік «Қаракөз» аламан бәйгеге тұңғыш рет тігілген «Астана кубогын» еншілеп қайтты.
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»