Парламент Сенатының депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Рысқали Әбдікеров аймақтарға сапар аясында Қарағанды облысындағы Қаражал-Жәйрем аймағының тыныс-тіршілігімен танысып, бірнеше кәсіпорындарды аралады.
Депутат Қаражал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары құрылыс және тұрғын үй инспекциясы бөлімі мекемесінде, №5 мектепте, су қоймасында, «Өркен-Атасу» өкілдігінің «Өркен» мекемесінде болып, еңбек ұжымдарымен кездесті. Р.Әбдікеров «Өркен» мекемесіндегі кездесуі барысында кәсіпорынның жұмысымен танысып, өндірілетін кеннің қоры және оны игеру мәселелерін көтерді.
Бұдан кейін сенатор Қаражал қалалық мәслихатының депутаттарымен, аймақтағы мекеме басшыларымен, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесіп, оларға Елбасының бес әлеуметтік бастамасының маңызын түсіндірді. Сонымен қатар 7-20-25 бағдарламасы мен білім гранттары, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жайы да әңгіме болды.
– Биыл Жаңаарқа ауданы бойынша мектеп түлектерінің 80 пайызы техникалық мамандықтарға құжат тапсырыпты. Болашақта олар Қаражал-Жәйрем аймағындағы фабрикаларға жұмысқа орналасып, жұмыссыздық азаяды деп ойлаймын, – деді сенатор. Ол аймақта атқарылып жатқан игі істерге тоқталып, еңбеккерлердің қажырлы қызметіне ризашылығын білдірді.
Р.Әбдікеров Қаражал қаласының әкімі Т.Досаевпен бірге өңірдегі алып кәсіпорын «Жәйрем кен-байыту комбинаты» акционерлік қоғамында болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Сенатор кәсіпорын басшылығымен және жұмысшылармен кездесу барысында олардың еңбектерінің табысты болуына тілектестігін білдірді.
* * *
Сенатор Нұржан Нұрсипатов аймақтарға сапары аясында «Нұр Отан» партиясының Павлодар облыстық бөлімшесіне барып, жергілікті азаматтарды қабылдады.
Қабылдау барысында Павлодар облыстық экология департаменті зертханалық-талдау бөлімінің басшысы Ерік Егімбаев жобалық құжаттарды әзірлеу барысында экологиялық мониторингті автоматтандыру керектігі туралы ұсынысын жеткізді. Сондай-ақ Павлодар облысындағы аудандық маңызы бар және ауылдық дәрігерлік мекемелердің қолданыстағы негізгі тарифтерін өзгерту туралы мәселе көтерілді. Ал Шарбақты аудандық мәслихатының депутаты Людмила Маринко болса, елімізде Ресей үлгісінде ана капиталы жүйесін енгізу мүмкіндігі туралы ойын ортаға салды. Кездесу соңында Сенат депутаты талқыға салынған мәселелерді назарында ұстайтынын жеткізді.
Сондай-ақ Н.Нұрсипатов партияның облыстық бөлімшесіндегі Партиялық бақылау комиссиясы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелерімен жұмыс бабындағы кездесу өткізді. Онда партияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 жылдарға арналған бағдарламасы, «Нұр Отан» партиясының және еліміздің Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ынтымақтастық туралы меморандумы аясында бірлескен шаралар жүргізу жоспарын іске асыру, Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасының орындалуын партиялық бақылаумен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
* * *
Аймақтарға сапар аясында сенатор Сергей Ершов Қарағанды облысындағы Ұлытау аудандық мәслихатының депутаттарымен және тұрғындарымен кездесу өткізді.
Тұрғындармен кездесу барысында Сенат депутаты Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы мен бес әлеуметтік бастамасын және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға қатысты Парламент Сенатының заң шығару қызметі туралы әңгімеледі. Сонымен қатар жергілікті өзін-өзі басқару мен жер қатынастарын дамыту мәселелері, Парламент таяуда қабылдаған «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдардың ережелерін іске асыру тетіктері талқыланды.
Аудандық мәслихат депутаттары туризм саласындағы мамандарды даярлау мен экологиялық заңнаманы жетілдіруге байланысты сұрақтар қойды. Сондай-ақ олар сенаторға облыстағы мекеме құрылысы, автомобиль жолдарын жөндеу және тағы басқа өзекті мәселелердің тізімін берді. Сенат депутаты бұдан өзге Ұлытау аудандық орталық ауруханасында және оқушылар үйінде болып, бірқатар кездесулер өткізді. Дәрігерлермен кездесу барысында депутат денсаулық сақтау және білім саласындағы заңнаманы жетілдіруге қатысты сауалдарға жауап берді.
Ал 3 шілде күні С.Ершов Жезқазғанда осы шаһар мен Сәтбаев қалаларына, Ұлытау, Жаңаарқа аудандары мен Қаражал кенті, Жәйрем ауылының тұрғындарына тәулік бойы жедел дәрігерлік көмек көрсететін орталық қалалық ауруханада болды. Депутат облыстағы денсаулық сақтау саласының мемлекет-жекеменшік әріптестігі бойынша қарқынды дамып жатқанына куә болып, ұжыммен кездесу барысында еліміздің денсаулық сақтау саласының алдында тұрған бірқатар міндеттер, атап айтқанда медицинаның сандық тұрғыда дамуы, электронды денсаулық құжатын енгізу мәселелері тұрғанын айтып өтті. Сонымен бірге мамандар даярлау және олардың әлеуметтік қамтылуы мәселесі көтерілді. Осы орайда айта кетер жайт, соңғы үш жыл ішінде Жезқазғанға 17 жас маман келген көрінеді. Сенат депутаты мамандар тапшылығы мәселесі тиісті министрліктер мен ведомстволар деңгейінде көтерілуі қажеттігін атап өтті. Ол «Қазақмыс» компаниясының үлгісінде жергілікті жастарды оқытудың келешегі өте зор екеніне тоқталды.
Дайындаған
Венера ТҮГЕЛБАЙ, «Егемен Қазақстан»