• RUB:
    5.4
  • USD:
    478.57
  • EUR:
    526.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Шілде, 2018

Депутаттар – ел ішінде

395 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Рысқали Әбдікеров аймақтарға сапар аясында Қарағанды облысындағы Қаражал-Жәйрем аймағының тыныс-тіршілігімен танысып, бірнеше кәсіпорындарды аралады.

Депутат Қаражал қаласының тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары құрылыс және тұрғын үй инспекциясы бөлімі мекемесінде, №5 мектепте, су қоймасында, «Өркен-Атасу» өкілдігінің «Өркен» мекемесінде болып, еңбек ұжымдарымен кездесті. Р.Әбдікеров «Өркен» мекемесіндегі кез­десуі барысында кәсіпорынның жұмысымен танысып, өндірілетін кен­нің қоры және оны игеру мәселелерін көтерді.

Бұдан кейін сенатор Қаражал қа­лалық мәслихатының депутаттары­мен, аймақтағы мекеме басшыларымен, бұқаралық ақпарат құралдары­ның өкілдерімен кездесіп, оларға Елба­сының бес әлеуметтік бас­т­ама­сының маңызын түсіндірді. Соны­мен қатар 7-20-25 бағдарламасы мен білім гранттары, студенттерді жатақ­ханамен қамтамасыз ету жайы да әңгіме болды. 

– Биыл Жаңаарқа ауданы бойынша мектеп түлектерінің 80 пайызы техникалық мамандықтарға құжат тапсырыпты. Болашақта олар Қаражал-Жәйрем аймағындағы фабрикаларға жұмысқа орналасып, жұмыссыздық азаяды деп ойлаймын, – деді сенатор. Ол аймақта атқарылып жатқан игі істерге тоқталып, еңбеккерлердің қа­жырлы қызметіне ризашылығын біл­дірді.

Р.Әбдікеров Қаражал қаласының әкімі Т.Досаевпен бірге өңірдегі алып кәсіпорын «Жәйрем кен-байы­ту комби­наты» акционерлік қоға­мында бо­лып, атқарылып жатқан жұмыс­тармен таныс­ты. Сенатор кәсіпорын басшы­лығымен және жұмыс­шы­лармен кездесу барысында олардың ең­бектерінің табысты болуына тілектестігін білдірді. 

* * *

Сенатор Нұржан Нұрсипатов аймақтарға сапары аясында «Нұр Отан» партиясының Павлодар облыстық бөлімшесіне барып, жергілікті азаматтарды қабылдады.

Қабылдау барысында Павлодар облыстық экология департаменті зертханалық-талдау бөлімінің басшысы Ерік Егімбаев жобалық құжаттарды әзірлеу барысында экологиялық мониторингті автоматтандыру керектігі туралы ұсынысын жеткізді. Сондай-ақ Павлодар облысындағы аудандық маңызы бар және ауылдық дәрігерлік мекемелердің қолданыстағы негізгі тарифтерін өзгерту туралы мәселе көтерілді. Ал Шарбақты аудандық мәслихатының депутаты Людмила Маринко болса, елімізде Ресей үлгісінде ана капиталы жүйесін енгізу мүмкіндігі туралы ойын ортаға салды. Кездесу соңында Сенат депутаты талқыға салынған мәселелерді назарында ұстайтынын жеткізді. 

Сондай-ақ Н.Нұрсипатов пар­тия­­ның облыстық бөлімшесіндегі Пар­­тиялық бақылау комиссиясы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­­мыл жөніндегі қоғамдық кеңес мүше­­лерімен жұмыс бабындағы кез­де­су өткізді. Онда партияның Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 жыл­дарға арналған бағдар­ламасы, «Нұр Отан» партия­сының және еліміздің Мемлекет­тік қызмет істері және сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігі­нің Ынтымақтастық туралы меморан­думы аясында бірлескен шаралар жүр­гізу жоспарын іске асыру, Мемлекет бас­шы­сының бес әлеуметтік бастама­сы­ның орындалуын партиялық бақылаумен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. 

* * *

Аймақтарға сапар аясында сенатор Сергей Ершов Қарағанды облысындағы Ұлытау аудандық мәслихатының депутаттарымен және тұрғындарымен кездесу өткізді. 

Тұрғындармен кездесу барысында Сенат депутаты Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жол­дауы мен бес әлеуметтік бастамасын және «100 нақты қадам» Ұлт жос­парын жүзеге асыруға қатысты Пар­ламент Сенатының заң шығару қызметі туралы әңгімеледі. Сонымен қатар жергілікті өзін-өзі басқару мен жер қатынастарын дамыту мәселелері, Парламент таяуда қабылдаған «Қа­зақ­стан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне сайлау мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне жер қаты­нас­тарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдардың ережелерін іске асыру тетіктері талқыланды. 

Аудандық мәслихат депутаттары туризм саласындағы мамандарды даярлау мен экологиялық заңнаманы жетілдіруге байланысты сұрақтар қойды. Сондай-ақ олар сенаторға облыстағы мекеме құрылысы, автомобиль жолдарын жөндеу және тағы басқа өзекті мәселелердің тізімін берді. Сенат депутаты бұдан өзге Ұлытау аудандық орталық ауруханасында және оқушылар үйінде болып, бірқатар кездесулер өткізді. Дәрігерлермен кездесу барысында депутат денсаулық сақтау және білім саласындағы заңнаманы жетілдіруге қатысты сауалдарға жауап берді.

Ал 3 шілде күні С.Ершов Жез­қаз­ғанда осы шаһар мен Сәтбаев қала­ларына, Ұлытау, Жаңаарқа аудандары мен Қаражал кенті, Жәйрем ауы­лының тұрғындарына тәулік бойы жедел дәрігерлік көмек көрсететін орталық қалалық ауруханада болды. Депутат облыстағы денсаулық сақтау саласының мемлекет-жекеменшік әріптестігі бойынша қарқынды дамып жатқанына куә болып, ұжыммен кездесу барысында еліміздің денсаулық сақтау саласының алдында тұрған бірқатар міндеттер, атап айтқанда медицинаның сандық тұрғыда дамуы, электронды денсаулық құжатын енгізу мәселелері тұрғанын айтып өтті. Сонымен бірге мамандар даярлау және олардың әлеуметтік қамтылуы мәселесі көтерілді. Осы орайда айта кетер жайт, соңғы үш жыл ішінде Жезқазғанға 17 жас маман келген көрінеді. Сенат депутаты мамандар тапшылығы мәселесі тиісті министрліктер мен ведомстволар деңгейінде көтерілуі қажеттігін атап өтті. Ол «Қазақмыс» компаниясының үлгісінде жергілікті жастарды оқытудың келешегі өте зор екеніне тоқталды.

Дайындаған

Венера ТҮГЕЛБАЙ, «Егемен Қазақстан»