• RUB:
    5.4
  • USD:
    478.57
  • EUR:
    526.91
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Шілде, 2018

Elbasy joly – жаңа туристік маршрут

564 рет
көрсетілді

Қарағандыда Elbasy joly жолы деп аталған жаңа туристік маршруттың тұсаукесері болды. Ашылуы Астананың 20 жылдық мерейтойына орайластырылған жаңа тарихи-ақпараттық турға Қарағанды облысының әкімдігі бастамашы болған.  

Елімізде алғаш рет ашылған тақырыптық тур Қазақстанның Тұңғыш Президенті оқыған және еңбек еткен нысандарды­ аралап көруге арналған. Тур­дың алғашқы аялдамасы – Темір­таудағы Тұңғыш Прези­денттің тарихи-мәдени орталығы. Турис­тер мұнда 6 экспозициялық залды аралап, ондағы 3 мыңнан астам экспонатпен танысуға мүм­­­кіндік алады.

Одан кейін саяхатшы қауым атақты Қарағанды металлур­гиялық комбинатының тыныс-тіршілігімен танысады. Мұнда жас горновой Нұрсұлтан Назарбаев­ Қазақстанның алғаш­қы шойыны алынған тарихи сәт­тің куәгері болған. Әрі қа­рай туристер Елбасы білім ал­ған Қарағанды мемлекеттік тех­никалық университетінде болып, альма-матерді аралап көреді. Турдың соңғы нүктесі – Қарағандыдағы шахта-музей. Бұл жерде туристер жер астына түсіп, өздерін аз ғана уақыт болса да кенші кейпінде сезіне алады.

– Астанаға келетін қонақтар туристік саланың жетістігіне әрі қарай қызығушылық танытар болса, Қарағандыны да еске алар деген ойдамыз. Егер де біз берік байланыс орнатар болсақ, онда туристер ағынын 2-3 есеге көбейте аламыз деп жоспарлап отырмыз, – дейді облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева.

Қарағанды облысына бір жылда 300 мыңнан астам турист келеді екен. Өңірде 60-тан астам бекітілген туристік маршрут қонақтарға қызмет көрсетеді.

Қайрат ӘБІЛДА, «Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы