• RUB:
    5.4
  • USD:
    478.57
  • EUR:
    526.91
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Шілде, 2018

Айтыскер ұстаған домбыра

891 рет
көрсетілді

Алматыдағы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының абайтану және әдебиет тарихы бөлімінің меңгерушісі, зерттеуші Серік­қазы Жарма аудандық Мәдениет үйіне қазақтың көрнекті айтыскер ақыны, өлке­танушы, шежіреші, журналист Қалихан Алтын­баев талай айтыста қолына ұстаған домбыраны тапсырды.

«Өскемендегі Жамбыл атындағы мектеп-интернатты 1974 жылы бітірген кезде бұрынғы Шар аудандық газетінің бас редакторы Мерген Тұраров мені қызметке ша­қырды. «Биыл мектепті бітіреді екенсің. Бір орын саған дайын» деді. Ол кезде тіпті КазГУ-ді бітірген жур­на­листердің өзіне орын табылмайтын. Кейін осы ауда­н­дық газетте жұмыс істедім. Ауыл-ауылдарды ара­лап мақала жаздым. Сол кезде Қалихан Алтынбаев ағамыз Көкпекті аудандық «Жұлдыз» газеті редакторының орынбасары қызметін атқарды. Бір күні ол кісі маған: «Жазуың жақсы. Өзің біздің жақтың баласы екенсің. Талабыңа нұр жаусын. Қолдаймын»  деп хат жазыпты. Жас балаға үлкен мәртебе ғой бұл. Сосын ағамен үнемі хат жазысып жүрдік. Бір хаты – бір тарих еді. Ал домбыраға келсек, 1990 жылы жазда Алматыда Әуезов атындағы театрда Қазақ КСР-нің құрылғанының 70 жылдығына орай үлкен айтыс өтті. Айтыстан соң ақын біздің үйде қонақта болды. Сол жолы жан серігі – өзінің ұстаған домбырасын маған ескерткіш ретінде сыйға тартты. Домбыраны 28 жыл үйімде сақтадым. Жарма ауданының 90 жылдығы қар­саңында дара тұлғаның алақанының табы қалған құнды жәдігерді туған жеріне сыйға тартуды жөн көр­дім. Жастарға үлгі болсын, айтыскердің жолын жас ұр­­пақтарға берсін деген ниет­пен әкелдім», – дейді С.Қо­рабай. 

Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлі­мінің басшысы Аманжол Дауытов ақын ұстаған дом­быра жақында аудандық музейге қойылатынын айтады. 

Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, ​​​​​​​Қалбатау ауылы