Көрме «Нұр Отан» партиясының қолдауымен суретші Амандос Aқанаевтың 70 жылдық мерейтойы мен шығармашылығының 50 жылдығына және Астананың 20 жылдық торқалы тойына орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отыр. Ақанаевтар әулетінен шыққан суретшілер мен басқа да қылқалам шеберлерінің еңбектері қойылған көрмеге «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, елімізге белгілі суретшілер мен өнер қайраткерлері қатысты.
Іс-шара барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары халқымыз үшін мәдениет пен өнердің алар орны қашанда ерекше екенін айтты. Сол себепті де Елбасымыз бұл салаға айрықша мән беріп, оның қарқынды дамуына барлық жағдайды жасап келеді.
– Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұлттық кодымызды сақтай отырып, әлемнің озық тәжірибелерінен үлгі алып, болашаққа батыл қадам жасауға бағытталған. Одан бөлек, Мемлекет басшысы алдымызға әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу жөнінде нақты міндет қойып отыр. Бұл жерде тек экономика ғана емес, рухани және мәдени саланың да өркендеуіне баса мән беріледі. Осы тұрғыдан келгенде, Амандос Әтібекұлының еңбектері халқымыздың ұлттық кодын сақтап, оны өскелең ұрпаққа насихаттауға және дамыған елдермен терезесі тең дәрежеде тұруға мол мүмкіндік береді, деді Мәулен Әшімбаев.
Көрмеге «Менің замандастарым» атты жанрлық портреттер топтамасына 20-дан астам танымал тұлғалар бейнеленген өнер туындылары кірген. Суретші осы жоба бойынша он жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеуде және оны алдағы жылдарда жалғастыруға ниеттенген. Портреттер циклі Амандос Ақанаев пен оның отбасы мүшелері – «Ақанаевтар суретшілер әулеті» атты шығармашылық жобасымен толықтырылған. Сонымен қатар көрмеге Қытай Суретшілер одағының мүшесі Сюй Инлидің де туындылары қойылған.
Көрмеге әртүрлі техникамен жасалған 70-тен астам туынды кенеп, коллаж, рельефтік кескіндеме, графика, қабырға суреттері мен қондырғыларының эскиздері әрқилы бейнеленген.
Мәдениет пен рухани құндылықтардың дамуы экономикалық өсім мен халықтың тұрмысын жақсарту сияқты ең маңызды мәселелермен қатар тұрады. Сол себепті де елімізде экономикалық, саяси, әлеуметтік және рухани жаңғыру бастамалары жүйелі жүзеге асырылуда. Осылайша бүгінде қазақстандық мәдениетті әлемдік мәдени мұраның ажырамас бөлігіне айналдыруға айрықша мән беріліп отыр. Ол үшін өнердің дамуына тың серпін беретін осындай іс-шараларды жиі өткізіп, таланттарды қолдаудың берері мол екені анық.
Көрменің ашылуында Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, белгілі дипломат, Көркемөнер академиясының академигі Жекен Қалиұлы, Қазақстан Суретшілер Одағының төрағасы Жанұзақ Мүсәпір, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Айтуаров және тағы басқа қоғам белсенділері мен белгілі суретшілер сөз алып, іс-шараның маңызына назар аударды.
«Амандос Ақанаев – бейнелеу өнерінің жаңа дәстүрін қалыптастырған суретші. Бүгінгі әңгіме Ақанаевтар әулеті туралы болуы керек. Өйткені Ақанаевтар отбасының барлығы суретші және өнер әлеміне өзіндік ерекшеліктерімен танылған. Елордамыздың 20 жылдығына арналған бұл көрме нағыз бейнелеу өнерінің шыңын көрсететін көрме деп айтуға болады. Суретшілер отбасы аз емес, бірақ Ақанаевтар отбасы – бірегей. Өзгеге үлгі, ұрпаққа өнеге», – деді Жанұзақ Мүсәпір. Амандос Ақанаев барша өнерсүйер қауымға және көрменің өтуіне атсалысқан азаматтарға алғысын білдіріп, ерекше ризашылығын жеткізді.
Амандос Ақанаев – тек елімізде ғана емес, Орталық Азияда кеңінен танымал шебер суретші. Оның қайталанбас, өзіне ғана тән өрнектері тұтас түркі жұртының аңыз-әпсаналарынан сыр шертеді. Оның картиналарына қарап көшпелі түркі халықтарының мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік туады.
Қылқалам шеберінің еңбектері осыған дейін әлемнің бірқатар елдерінде өткен көптеген көрмелерге қойылған. Соның ішінде АҚШ, Испания, Германия, Ресей сияқты елдерді ерекше атап өткен жөн. Одан бөлек, Швейцария, Франция, Италия, Жапония және тағы басқа ондаған елдердің жеке коллекцияларында суретшінің шығармалары сақтаулы тұр.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»