Аңыз айтады, құйрық бауыр жесіп, бесік құда болған екі бай аумағы тай шаптырым жер үшін келісе алмай қалған деседі. Аумағы тайшаптырым ғана болғанымен, талайлардың көз құртына айналған құйқалы жер екен де. Айтысуға тұратын, тартысуға жарайтын табиғаттың тамаша бір тамылжыған мүйісі. Әкелерінің арасындағы дүрдараздықтың салқыны бірін-бірі сүйген қыз бен жігіттің махаббатын сөндіре алмаған. Ақыры үлкендердің тыйым салғанына қарамай, үйлерінен қашып шығып, Көкаралға табан тірепті. Көл ортасындағы Көкарал бірін-бірі өліп-өшіп сүйген екі жасты көкорай шалғынына жасырып, қорғаныш болған екен. Ақ сойылын сүйретіп жоқ іздегендер ат ізін суытпай қаншама сүзіп өтсе де, екі жас олардың көзіне түспеген. Аңыз соңы ғашық жүректердің мәңгілік табысуымен аяқталады.
Кейін көл суы тартылған соң Көкарал түбекке айналған. Ілкідегі аңызды естіп-білген жергілікті жастар табиғаттың осы бір таңғажайып пұшпағымен танысуға әуес. Мәңгі жасыл қарағайлар мен ақ балтыр қайың ормандарының жағалауын баса қонған Көкарал көз ұшынан-ақ мұнартып, қойнауына шақырып тұрғандай. Қырқабау шоқысына шықсаңыз, көз алдыңыздан әлдебір суретшінің қылқаламымен кескінделгендей ғажайып көріністің айшуақ ажары көз арбап, жалт ете түсер еді.
Қасиетті Көкшенің тосыннан көрген жан тосырқай қарайтын талай тамаша жері «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық саябағының еншісінде. Саябақ 1996 жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Солтүстік Қазақстанның таулы-орманды және көлдерінің эко жүйелерін, табиғи археологиялық және ұлттық мәдени ескерткіштерін сақтау мақсатында құрылған болатын. Облыс орталығынан оңтүстік батысқа қарай алпыс шақырым жол жүрсеңіз, саябақтың саялы қойнауына күмп ете түсесіз.
Негізгі міндеті, табиғи кешендерді және мәдени мұраларды көздің қарашығындай сақтау. Сақтап қана қоймай, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және туризмді дамыту.
Қазіргі күні саябақ аумағында біз атын біле бермейтін 600-ден астам өсімдік түрі өседі. Оның 84 түрі жер бетінен жоғалып кетуге шақ тұрған өсімдіктер. Демек, олар айрықша қорғауды талап етеді. Ағаш тектес өсімдіктердің ішінде саябақта қарағай мен қайыңның үлес салмағы басым. Мұндай орманды алқаптардың жалпы көлемі 118 мың 555 гектар жерді алып жатыр. Орманды алқапта жалғыз қарағай мен қайың ғана емес, ақ үйеңкі, балқарағай, шегіршін де молынан кездеседі. Өсімдіктердің бірқатары Қызыл кітапқа енгізілген. Олардың арасында бұғы мүгі, көктем жанаргүлі, кәдімгі шолпанкебіс және тағы басқалары бар.
Саябақтағы дендропарктің негізі сонау 1904 жылы қаланған. Ғасырдан астам тарихы бар денропаркте екпе ағаштарына сынақ жүргізіледі. Алғашқы көшет отырғызу жұмыстары 1905 жылдары қолға алыныпты. Бүгінгі таңда дендропаркте отыздан астам ағаш түрлері өсіріледі. Бұта тұқымдастардан сары акация, жұпаргүл, күнжара, таңқурай, қара және алтын түстес қарақат, аюбадам, тошала тәрізді өсімдіктер бар. Оңтүстік батыс жақ беткейінде 1960 жылдардың басында отырғызылған жеміс бағы орналасқан.
Саябақ аумағында республикалық маңызға ие 13 табиғат ескерткіші бар. Бүгінгі күні оларға туристік бағыттар жасалған. Бұл ескерткіштердің барлығы жергілікті тұрғындар мен алыстан ат сабылтып жететін туристердің сүйікті орындарына айналған. Табиғат ескерткіштеріне қоса, мемлекет қорғауына алынған 185 археологиялық тарихи сәулет монументальді өнер ескерткіштері бар. Соның ішінде әлемге аты әйгілі Ботай ескерткіші. Ертедегі адамдардың жылқыны алғаш қолға үйретіп, тұрмыстық салт-дәстүрлерін дамытумен құнды. Қазба жұмыстарының нәтижесінде 60 мыңнан астам сүйек пен тастан жасалған заттар табылған. Оның ішінде тасбалта мен үшкір жебе, найза ұштары, тас пышақ, сүйек ине және саздан жасалған ыдыс сынықтары көптен кездеседі. Көне Ботай жұртының үйлері ағаш пен саздан тұрғызылыпты, тастан қаланғандары да бар. Тұрғын үйлер дөңгелек пішінді болып келеді екен. Төбедегі шаңырақ іспеттес сұлбаға қарағанда, кәдімгі қазақтың киіз үйін еске түсіреді. Ботай мәдениеті еуразиялық орманды, далалық белдеудің ежелгі тарихын зерттеуде үлкен маңызға ие.
Саябақ аумағындағы Шалқар көлінен басқа көлдердің суы негізінен тұщы әрі таза болып келеді. Шалқардың су құрамында аздаған тұз концентрациясының болуы оның емдік қасиетін айқындай түседі. Осы маңда атақ-даңқы алысқа кеткен, туған жерін жоңғар шапқыншылығынан асқан ерлікпен қорғаған Ағынтай мен Қарасай батырларға мемориалды-тарихи кешен орнатылған. Ал сәл әрірек жақсылар ұшқан жасыл тау – Сырымбеттің етегінде Айғаным ханшаның қонысы, Шоқан Уәлихановтың мұражайы бар. Бұл Айыртау өлкесі. Әсем табиғат қана емес, тағылымды аңызға да бай өңір. Тағы да аңызға құлақ түрелік. Айыртау шоқысына байланысты мынадай бір аңыз айтылады. Бағзы заманда бейбіт жатқан ел үлкен шапқыншылыққа ұшыраған екен. Жер қайысқан қалың қол қара бұлттай төніп келіп қалды дейді. Еркек кіндікті тегіс атқа мінген. Қалың қолдың басында ағалы-інілі екі батыр. Қиян-кескі шайқас болады. Әлгі ағайынды батырлардың екеуі де көздеп атқан жау оғынан мерт болып, үлкенді-кішілі төбелерге айналса керек. Батырлардың қарындастарының көз жасынан оймақтай тұзды көл пайда болыпты. Жау жағынан қанша адам қырылса, беткейді бойлай сонша ағаш өсіпті. Ал жазықсыз, ел қорғаған жауынгерлердің қан тамшыларынан қып-қызыл болып жеміс-жидектер өсіп шыққан деседі.
Саябаққа жататын тағы бір тамаша өңір – Имантау. Имантау елді мекенінде шамамен төрт шақырым жерде Имантау көлінің нақ ортасында Тасарал бар. Бұл да республикалық маңызы бар табиғи ескерткіш. Ең бір қызық жері, зәу биіктен қарасаңыз, әлгі Тасарал көзіңізге жүрек пішіндес болып көрінеді. Аралда бұл өлкеде сирек өсетін арша ағашы жағалауды өзінің сансыз бұталарымен көмкеріп, керемет сән беріп тұр. Аршадан сәл әріректе жасыл желек жамылған кәдімгі қарағай, сақалды қайың, жабайы шие киіздей тұтасқан. Ит тұмсығы өтпестей болып тусырап жатқан бұталардың арасында сужыландар мен сұржыландар жиі кездеседі.
– «Көкшетау» ұлттық саябағы аумағында танымдық және экологиялық туризмді дамытуға мол мүмкіндік бар. Оған қоса, спорттық және әуесқой балық аулауды да жолға қоюдамыз. Біздегі демалыс орындарының қаншалықты көркем екендігі алыс-жақын шетелдерге жақсы мәлім, – дейді саябақ директорының міндетін атқарушы Медеу Ражанов, – саябақ аумағындағы табиғат аясына әр жыл сайын отыз мыңнан астам адам келеді. Оларға үш емдеу және демалыс мекемелері, 1 шипажай мен 1 пансионат, 14 демалыс үйлері, сауықтыру орталықтары қызмет көрсетеді. Жадыраған жаз айларында 8 демалыс базасы мен 6 балаларды сауықтыру орталықтары жұмыс істейді. Экологиялық және танымдық туризмді дамыту мақсатында 20 туристік соқпақ бағыттары белгіленген. Олардың 14-і жаяу, екеуі су айдынында, ал қалған төртеуі аралас. Келушілер «Найзатас» шоқысы, «Шиелі» төбешігі, «Дәу саңырауқұлақ», «Буян шатқалы» тәрізді бағыттарда серуен құрып, тылсым табиғаттың тамаша көрінісіне көз қанықтырып, туған жеріміздің тарихымен таныса алады.
Саябақ басшыларының айтуына қарағанда, бұл бағыттарды жиі пайдаланушылар ұлттық саябақ аумағына жақын маңда орналасқан балалар лагерьлерінің демалушылары екен. Көкшетау қаласының мектеп оқушылары мен студенттері де жиі-жиі сапарға шығып тұратын көрінеді. Сапар барысында қызғылықты көрмелер мен әртүрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылып, ұлттық саябақтағы өсімдіктер әлемі мен жан-жануарлар дүниесін, сондай-ақ табиғи және тарихи археологиялық ескерткіштердің тарихы таныстырылады.
Саябақтың басты байлығы – орман. Оның жалпы көлемі 182076 гектар. Соңғы жылдары 16716 гектар жерге ағаш көшеттері отырғызылған. Экологиялық жағдайды жақсарту орманды қайта түлету мен аумағын барынша кеңейтуге тәуелді. Осы орайда, ұлттық саябақты ағаш көшеттерімен қамтамасыз етіп отырған төрт питомник бар екендігін айта кетуге тиістіміз. Ал қолда бар байлық көздің қарашығындай қорғалуда. Негізінде, инспекторлық қызмет жіті жұмыс істеп тұр. Өрт қаупі жоғары кезеңде әуеден бақылауда жүргізіледі. Бес байқау мұнарасынан кірпігі айқастырылмай күзетіледі. Негізінде, табиғи байлықтарды сақтау керектігі жұртшылық арасында кеңінен түсіндірілгені абзал. Әркім туған табиғатымыздың қорғаушысы болса, жағдай бүгінгіден де жақсара түсер еді. Сондықтан саябақ ұжымы өрт қауіпсіздігін сақтау тақырыбында өз аумақтарына 31 тақта орнатқан. Жүз шақырымды қамтитын минералды жолақтар құрылғысы жасалса, 10914 шақырым минералды жолақтарға күтім жүргізіледі.
Әрбір орман шаруашылығы су тартқыштармен өртке қарсы әрекет ететін аспалы қондырғылар мен байланыс құралдарымен, басқа да керек-жарақтармен қамтамасыз етілген.
Саябақ жұмысының тағы бір қыры – экологиялық ағарту жұмыстары. Бұқараның экологиялық сауаттылығын арттыру және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мәселесіне көңілін аударту нақты көмек көрсету мақсатында жыл сайын «Парктер шеруі» акциясы ұйымдастырылады. Екі айға созылатын аталмыш акция барысында бірқатар жұмыстар атқарылды. Көкшетау қаласы мен Зеренді, Айыртау аудандарының оқу орындарындағы өткізілген «Құстар күні», «Бүкілқазақстандық орман отырғызу күні», «Жер күні», «Таза жағалау» сияқты іс-шаралар барысындағы әңгімелесулер мен дәрістер, мұражайға экскурсия, табиғат тал бесікті сақтауға бағытталған викториналар акцияның маңыздылығын арттыра түсті.
Биыл өрт қаупі мол маусым пәлендей қиындық тудырған жоқ. Көктем мен жаз жаңбырлы. Ендігісі шіліңгір шілде айында орман кезіп кететін демалушылардың салақтығынан төнетін айтып келмес апатқа сақ болсақ болғаны.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы