Былтыр Шығыс Қазақстандағы 10 көлдің және бірнеше су қоймасының суына бальнелогиялық зерттеу жүргізіліпті. Нәтижесінде өңірдегі қай өзен-көлдің суы шипалы, денсаулыққа пайдалы екені анықталған. Курорттық аймақ құруға болатын жерлер де белгілі.
Қазір біздің өңірдегі демалушылар да жаз бойы Маралды көлінің жағасында. Бұрын да жергілікті тұрғындар тұзы мен балшығы ем деп баратынын еститінбіз. Мақала жазу барысында суына түспесек те өзіміз де барып қайттық. Бұрынғы жолсапарлар барысында да көлге соқпай кетпейтінбіз. Ол кездері тып-тыныш жататын көлдің әйтеуір, бір тылсым сыры бар сияқты көрінетін. «О, Маралдым, Маралдым!» деп Мұзафар ақын тегін жырламаса керек. Естай ақын Қорланмен кездескен жер десек, сыры мол, өткені шежірелі-ақ көл.
Ал облысқа әкім болып келген күннен бастап Болат Бақауов Маралды көлінің жағасында демалыс аймағын құрып, инфрақұрылымды дамытуды қолға алу үшін нақты іс-қимылға көшу қажет деп өңірдегі туризм басқармасына, аудан әкімдігіне тапсырма берген-ді. Өкінішке қарай, өңірдегі сауда және туризм басқармасының басшылары жиі ауысады, жуырда ғана туризм саласын дамыту жүктелген Қанат Шәбенов те қызметінен кетіпті.
Сөйтіп Б.Бақауовтың тапсырмасына орай, 2016 жылы алғашында көл жағасынан тереңдігі 100 метр жер қазылып демалушылар үшін тұщы су да шығарылып берілді. Бюджеттен тыс қаражатқа көлге апаратын жол салынды. Бір-екі дәретхана жасалды. Маралды – Жылыбұлақ ауылы автомобиль жолын 4,5 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстарына құжаттар әзірлеуге келісімшарт та жасалды. Одан кейін ұзындығы 3 шақырымды құрайтын жоғары вольтты желі тартылады. Осы маңнан Маралды курорты салынады деген хабарлар да тарап жатты. Тіпті Алтай өлкесіндегі Яровое демалыс орнының тәжірибесінен үйренуге кеңес те берілді.
Жалпы, Шарбақты ауданының аумағында 22 көл бар, оның 19-ы ащы, тұзды көлдер. Маралды көлін туристік орталыққа айналдырмақ жоба қолға алынар кезде аудан әкімдігі облыстық «Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасына» аудандағы су айдындарын төлқұжаттау туралы хат жолдайды. Сөйтіп Маралды көлі «СтройБиоРесурс» ЖШС-не 44 жылға жалға беріледі. Бұған дейін облыстағы «Орман және жануарларды қорғау жөніндегі» мемлекеттік мекемесінің уақытша қарамағына алынған-тын. Өңірдегі «Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстарын пайдалану» басқармасына конкурс өткізіп, көлдің иесін анықтау тапсырылған еді.
Жалға берілгендегі мақсат кәсіпорын көлдегі артемия-салина шаяндарын арнайы бекітілген тәртіпке сай аулайтын болуы керек еді. Көлде көл суына ғажайып бір қызғылт түс беретін аrtemiasalina шаяндары бар. Қызыл құрттар дегеніңіз, қып-қызыл байлық. Қара базарда үлкен сұранысқа ие дейді. Жалпы, артемия-салина шаяндарын аулауға тыйым салынған. Өйткені мамандардың айтуынша, құртты заңсыз жинаушылардың кесірінен олардың жоғалуы да мүмкін. Жұмыссыз жүрген ауылдықтарға бағалы құртты тергізіп, сатып алатындар оны Қытай асыратын көрінеді. Бұл да бір ойланатын мәселе. Екіншіден, заңсыз шаян аулаушылар жұмыртқасын ғана жинамай, шаяндардың аталығы мен аналығын қоса аулайтыны алаңдатады. Құрттар биоресурс құрамындағы ақуыздың молдығымен ерекшеленеді. Өнім медицина, ауыл шаруашылығы саласына аса қажет екен.
Жалпы, артемия құрты – жануарлар, балықтар, үйдегі тауықтар, егістік үшін таптырмас азық және тыңайтқыш. Тұзды судың омыртқасыз, шаян тәрізді жәндігі. Ащы суларда ғана өмір сүретін ол микроорганизмдермен және балдырлармен қоректенеді. Жұмыртқасы өте жоғары бағаланады. Балықтың қорегі – белок. Сондықтан біздер Маралдының ерекше қорғалатын экологиялық көл екенін ескергеніміз жөн.
Профессор, педагогикалық институт оқытушысы Қайырбай Базарбековтің айтуынша, Маралды көлін сақтау керек. Маралды көлі, жағалауы, жалпы Маралды жері-палентологиялық, археологиялық ескерткіштерге бай. Оны қалайда сақтап қалуымыз қажет. Курорт демекші, болашақтағы «Маралды курорты» ЖШС-ның жоба жетекшісі Дүйсенбай Дүйсеновтің айтуынша, алдағы уақытта көл мен саздың, тұзды судың емдік қасиетін анықтау үшін арнайы зерттеу жүргізіледі. Көлдегі емдік қасиеті бар балшықтың қоры 100 мың текше метр. Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің мәліметінше, «Маралды курорты» ЖШС 2017-2022 жылдар аралығында қонақүйлер, балшықпен емдеу шипажайларын, марал өсіретін орындар тұрғызу үшін көлде туристік бизнесті дамытуға қаражат салуды жоспарлап отыр.
Бірақ көл суына нақты зерттеу жүргізілмей, сынамалар алынбай тұрып курорт салу жұмысы басталып кеткені қызық. Кәсіпкер көлдің маңайындағы демалыс орнына өз қаражаттарына уақытша электр сымдарын тартпақшы. Бұдан кейін мемлекеттік бағдарлама бойынша электр қуаты жеткізіледі. Инвестор көл жағалауын жөндеуге кірісті. Көлді жалға алды деген кәсіпорын әлгі біз айтқан болашақта болатын «Маралды курорты» ЖШС болып құрыла қалған кәсіпорынға көмекке келіп, көлдің жағасына жасанды құмын төсеп, 100 орынға лайықталған шағын пирс жасауға техникалық көмек көрсетсе керек. Демалушылар үшін пирс – қазір көл жағасындағы демалыс аумағының көркі. Күнге қыздырынуға, катамаранға отырып су бетінде қыдыруға жағдай жасалған. Дәмхана ашылды, би алаңы орнатылды. Vip-алаң құрылысы жүргізілуде. Дәретхана саны да көбейді. Қаладан автобус жүре бастады.
Шарбақты ауданының әкімі Балғабай Ыбыраевтың айтуынша, көл жағасының туризмі керемет. Көл маңындағы ауылдардың дамуы үшін қажет. Халық ағылуда. Күніне 2 мыңдай адам келеді. Көлбұлақ ауылына дейінгі жолға асфальт төселіп, демалыс аймағына дейінгі 2,7 шақырымға электр желісі тартылыпты. Бүгінгі таңда инвесторлар көл жиегіне 20-дан астам киіз үй тігіп, ағаш үйлер тұрғызған. Автотұрақ бар. Демалушыларға ыңғайлы болу үшін мұнда 100 ағаш тапшан да орнатылған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға пандустар қойылған. Енді 4-5 жылдың көлемінде Маралды көлінде стационарлық емдеу орталығы ашылады. Болашақта бұл жерде пантамен емдеу орталығын ашу мақсатында 55 марал сатып алыныпты. Әрине құптарлық жақсы бастама.
Ал облыстық «Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының хабарынша, өңір аумағында орналасқан 340 су қоймасының басым бөлігі игерілмеген және заңды тұлғаларға бекітіліп берілмеген. Тіпті облыстағы көлдердің, оның ішінде Маралды да бар, суының тұзды немесе тұщы екенін айқындайтын құжаттарының бар-жоғы белгісіз. Сондықтан, өңірдегі әр көлдің сипаттамасы, суының биологиялық құрамы туралы құжаттар қолда болуы керек. Содан кейін ғана көлдер табиғат пайдаланушыларға бекітіледі. Көлдер кәсіпкерлерге жалға берілген соң, олардың міндеттері де бекітіледі. Яғни, қосымша жұмыс орындарын ашу, бюджет қазынасын толтыру, көлді күзету және оның айналасын таза ұстау талап етіледі.
Сондай-ақ көлдерді жалға алушылар жыл сайын ғылыми-биологиялық зерттеулер жүргізіп, құрт, шаян аулау көлемін біліп отырулары қажет. Бұл жалға алушыларға көл түбіндегі артемия-салина құртын бей-берекет ауламауды, тұзды суды болашақ ұрпаққа жетуі үшін сақтауды қатаң міндеттейді. Яғни, әр көлдің маңынан туризм мен демалыс, емдеу орталығын ашушылар үшін әуелі көлдің өзін түбіне дейін зерттеп, жергілікті жағдаймен танысып алып іске кіріскен дұрыс дегенді ескертеді. Ал инвестор әуелі көлді, одан кейін көл түбіндегі жерді заңдастыруы қажет. Маралды көлінің аумағы 5,5 мың гектар болса, бұл аумақтың өзі Павлодар мен Шарбақты аудандарына тиесілі. Қарапайым жұрт тұзды көлдің ем-шипасы үшін барады дейміз. Екінші жағынан қойларын көлдегі тұзға түсіретін шаруашылықтар да бар көрінеді. «Өйткені Маралды көлінің емдік қасиеттері мол. Мұны арнайы зерттеу де дәлелдеп отыр», дейді облыстық кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының мамандары.
Көлдің жағасы туризм, демалыс орталығына айналмай жатып-ақ курорт, емдеу орны салынады деген хабар тарады. Сол кезде өңірдегі медицина және туризм басқармасының мамандары Маралды көлінің суы мен тұзды балшығының бактериологиялық құрамына әлі бальнеологиялық зерттеу жүргізілмегенін айтқан-ды. Кеңес өкіметі кезінде зерттелгені де анық, рұқсат берілген болса, қазір ол Мойылды курорты сияқты жұмыс істеп те тұрар еді. Өйткені көлде аса бағалы табиғат байлығы – құрт-шаяндар бар.
Бірақ қазірдің өзінде көлдің жағалауы демалыс орнына – тұз балшықпен емделу орнына айналғандай. Көл суының емдік қасиеттері көп екенін жоғарыда айттық. Шомылып шыққан соң денеге жабысқан аппақ тұз кәдімгідей қыздырып, күйдіретінін байқайсыз. Зиянды ма, зиянсыз ба? Балшықты қанша минут пайдалану керек, жалпы, қалай пайдалану керектігі жайлы ешқандай ақпарат жазылмаған. Сондықтан сауда және туризм басқармасының мамандары жазғы маусым кезінде бұл жерде дәрігерлік бөлімшенің орналасқанын, тіпті қадағалайтын арнайы дәрігердің болуы қажет деп санайды. Ал ауылдықтар болса, «қасиетті көл ішін, маңайын былғамаңдар, көлдің иесі бар, күз айында көлден шығады, иесі қағады. Бұл жерде батырлардың молалары бар», деп бізді сақтандыратын. Көл жағасында тіпті артық сөз айтуға қорқатынбыз. Көл маңындағы Байжырықтағы зираттарда сұлтандар жерленген деген де әңгіме бар.
«Көл жұртшылықтың емделу, демалу орнына айналды. Ата-баба әруағын құрметтеген халықпыз. Сұлтандар сүйегі жатқан көне қорымдарды қоршау керек, қарап, күтімге алу қажет немесе ауыл зиратына қайта жерлеу керек», дейді үлкендер жағы.
Басты мәселемізге қайта оралсақ, біріншіден, Маралдыдан емдеу орнын ашу үшін қыруар қаражат керек. Екіншіден, көлдің су құрамына зертханалық зерттеулер жүргізу үшін облыстық Жер қойнауын пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары басқармасы осы мақсатқа мүдделі басқа да мемлекеттік органдармен бірге жұмыс жасаған. Үшіншіден, сауықтыру нысандарына қойылатын санитарлық талаптарға сәйкес, көлдің емдеу әлеуетін анықтау үшін су мен саздың зертханалық зерттеулерін жүргізуге медициналық қорытынды беріледі. Осы мақсатта С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің де ғылыми қызметкерлері шақырылыпты.
Мәселенің мәнісіне келсек, Жер қойнауын пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және су ресустары басқармасы Маралды суына талдау жасау үшін сынамаларды Қарағанды қаласының зертханасына жіберген. Зертханалық зерттеулердің нәтижесі бойынша аккредиттелген ғылыми ұйымдар еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі қараған соң ғана қорытынды бере алады. Медициналық қорытындыны алғаннан кейін көл емделуге арналған су нысандарының тізіміне енеді.
Бірақ жергілікті басқармалар «біз көлден алынған сынамаларды тиісті орындарға жібердік. Бізге Алматыдағы институттан жеткен қорытынды алдын ала тексеріс нәтижелері ғана. Толық әрі нақты шешім жоқ. Көлдің су құрамынан бір емес, бірнеше рет сынамалар алынуы мүмкін. Бір рет алынған сынама ешқандай нәтиже бермейді. Сондықтан біз бұл нәтижелер барысын Шарбақты аудандық әкімдігіне де жібердік. Ендігі мәселе көлдің иесі – мердігер ұйым әрі қарай көлдің суын, тұзын, балшығын, батпағын пайдалану керек пе, жоқ па деген мәселемен өздері айналысып, зерттеуді толық жүзеге асырулары қажет» дейді.
Қорыта айтқанда, адамдар тұзбен, сазбен, батпақпен емделемін деп жүріп, одан кері әсері алуы да әбден мүмкін. Екіншіден, табиғат байлығын, қоршаған ортаны қорғап қана қоймай, сақтап қалу міндеті тұр. ...Ал қазір біздің Маралды көлінің жағасы мазасыз. Өйткені тұзбен, батпақпен емделемін деушілер көп...
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы,
Шарбақты ауданы