Тамыз айының 18-і мен қыркүйектің 2-сі аралығында Индонезия астанасы Джакарта қаласында XVIII Жазғы Азия ойындары өтетіні мәлім. Бірер күн бұрын бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов байрақты бәсекеге қатысатын боксшылардың есімін жариялады. Осы орайда, Азия ойындарына қатысатын былғары қолғап шеберлерінің мүмкіндіктерін, оларға кімдер негізгі қарсылас атанатынын және аталған додада қай боксшылар жүлде алуы мүмкін екендігін саралап көрсек.
Бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжанов Қазақстанның биылғы құрама командасына 2017 жылғы әлем чемпионатымен салыстырғанда аздаған өзгеріс енгізгенін байқауға болады. Мысалы, былтырғы жаһандық додада жеңіл салмақта (49 кг) Жомарт Ержан ел намысын қорғаса, алдағы Азия ойындарына ел чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы Теміртас Жүсіпов баратын болды. 52 кило салмақта үміт Азамат Исақұловқа емес, Азат Махметовке артылып отыр. Сондай-ақ 60 килода құрама тізімінде жаңа есім пайда болды. Былтыр жастар арасында Азия чемпионы атанып, сол жылы-ақ ересектер құрамасына ауысқан алматылық жас дарын Саматәлі Төлтаевке жаттықтырушылар құрамы зор сенім артуда. Әйтпесе, бұл салмақта тіс қаққан бірнеше тәжірибелі боксшы бар. Мысалы, 2013 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, ел чемпионатының екі дүркін жеңімпазы Берік Әбдірахманов, Азия және әлем чемпионатына қатысушы Әділет Құрметов, «Астана арландары» сапында жұдырықтасып жүрген Зәкір Сафиуллин және тағы басқа боксшыларға да сенім артуға болар еді. Бірақ бапкердің таңдауы жас боксшыға түсіп отыр. Сонымен қатар Олимпия ойындарында «қазақтың салмағы» аталып кеткен 69 килода Абылайхан Жүсіпов емес, жамбылдың жампозы Асланбек Шымбергенов бақ сынайды. Бұл Асланбек үшін ұлттық құрама сапындағы алғашқы ірі бәсеке болмақ. Былтырғы Азия және әлем чемпионатына бұл салмақта Абылайхан Жүсіпов қатысқан болатын. Қалған үш салмақта еліміздің бірінші нөмірлі боксшылары қатысады. Атап айтар болсақ, 56 килода 2017 жылғы әлем чемпионы Қайрат Ерәлиев, 64 кило салмақта Азия чемпионатының қола жүлдегері, ел чемпионы Бекдәулет Ибрагимов және Азия чемпионатының қола, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Аманқұл Әбілхан. Ал 2018 жылғы Жазғы Азия ойындарының бағдарламасынан бокстағы үш ауыр салмақ алынып тасталғанын бұған дейін жазған болатынбыз. Яғни, 81,91 және 91 килодан жоғары салмақта жүлделер сарапқа салынбайды.
Енді Жазғы Азия ойындарында құрамамыздың боксшыларына қай елдің боксшылары лайықты қарсылық көрсетуі мүмкін екендігіне тоқталсақ. Биылғы Азия ойындарында Қазақстан боксшыларына Өзбекстан, Үндістан, Тайланд, Моңғолия, Қытай және Оңтүстік Корея секілді елдердің боксшылары негізгі қарсылас атанбақ. Жуырда ғана елорда төрінде Азия және Еуропа құрлығы құрамаларының қатысуымен бокстан «Президент кубогы» дәстүрлі халықаралық турнирі өтті. Еуропалық боксшылар үшін жарыс жаттығу іспетті өтсе, азиялық боксшыларға Джакартадағы дода алдындағы соңғы дайындық және қарсыластардың қарым-қабілетін бақылау болды. Әуесқой бокстағы жеңіл салмақта басқа құрлық өкілдеріне қарағанда мықты боксшылар Азия аймағында шоғырланған. Оны соңғы Олимпиада және әлем чемпионатының нәтижелеріне қарап-ақ аңғаруға болады. Мысалы, 49 кило салмақта соңғы үш Олимпиада чемпионы Азия құрлығынан шыққан. 2008 және 2012 жылғы Олимпия ойындарында қытайлық Цзоу Шимин, екі жыл бұрынғы Рио Олимпиадасында өзбек боксшысы Хасанбой Дусматов топ жарған болатын. «Президент кубогы» жарысында 49 килода отандасымыз Теміртас Жүсіпов чемпион атанғанымен, Джакартада оған үндістандық боксшы Лалбиаккима Нутлаи лайықты қарсылық көрсететінін байқатты. «Президент кубогында» ол Олимпиада чемпионы өзбек Дусматовты ширек финалда жарыстан шығарып жіберді. Дегенмен, өзбек боксшысын да тізімнен сызып тастауға болмайды.
52 кило салмақта сынға түсетін Азат Махметов биыл өзін жақсы қырынан көрсетуде. Мамыр айының соңында Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен «Губернатор кубогы» жарысында финалға дейін жетіп, күміс жүлде иеленді. Бұл турнирде Азат алдағы додадағы өзінің негізгі екі қарсыласымен жолығып үлгерді. Финалдық бәсекеде Махметов қырғызстандық боксшы өзінің аттасы Азат Үсенәлиевке есе жіберді. Ал жартылай финалда Махметов өзбек Жасурбек Латиповтан басым түскен-ді. Сондай-ақ 2015 жылғы Азия чемпионы Таиланд елінің боксшысы Чатчай Бутди да отандасымыздың негізгі қарсыласы саналады. Айта кетейік, Азат былтыр Түрікменстанда өткен Ислам ойындарында чемпион атанған-ды. 2017 жылғы әлем чемпионы Қайрат Ерәлиев 56 килода алтын жүлдеден негізгі үміткерлердің бірі. Оның басты қарсыласы саналған Олимпиада чемпионы өзбек Шахобиддин Зоиров жуырда кәсіпқой боксқа ауысқандығы туралы ақпарат тараған болатын. Дегенмен, өзбекстандық кез келген боксшы қазақ боксшылар үшін ыңғайсыз қарсылас саналады.
60 кило салмақтағы жас дарынды боксшымыз Саматәлі Төлтаев үшін алтын жүлдеге таласу аздап қиынға соғатыны анық. Өйткені бұл салмақта Азияның ең үздік боксшылары сынға түседі. Саматәліге бұл додада осыдан төрт жыл бұрын Инчхонда өткен Азия ойындарында күміс жүлде иеленген филиппиндік Чарли Суарес басты қарсылас болмақ. Сонымен қатар моңғолиялық Эрдэнэбат Цэндбаатар мен өзбекстандық Шункор Абдурасуловты да атап өтуге болады. 64 кило салмақтағы отандасымыз Бекдәулет Ибрагимов жарыс барысында жарақат алып қалмаса, құрама қоржынына жүлде салуға толық мүмкіндігі бар. Себебі ол биылғы «Президент кубогында» негізгі қарсыласы өзбек Икболжон Холдаровты айқын басымдықпен жеңген-ді. Сондай-ақ Таиланд құрамасы сапындағы екі дүркін Азия чемпионы атанған Вуттичай Масук та Ибрагимовке біраз қиындық тудыратыны мәлім.
«Астана арландары» бокс клубында маңызды жекпе-жектерге шығып, жеңіске жетіп жүрген Асланбек Шымбергеновтің (69 кг) аяқ алысы жаман емес. Еліміздің екі дүркін чемпионына Азия ойындарында өзбек Махмуд Гаипов пен филиппиндік Эумир Марсиаль және Моңғолия мен Қытай боксшылары қарсылас атанады. Шымбергенов 2016 жылы WSB жобасында өзбек боксшысы Махмуд Гаиповпен жолығып, 3:0 (50:45, 50:44, 50:45) есебімен айқын жеңді. Ал «Президент кубогында» Гаиповты жартылай финалда тағы бір отандасымыз Абылайхан Жүсіпов ұтты.
75 килода сынға түсетін Аманқұл Әбілхан дәл қазір нағыз бабында. Бұған дейін өте тәжірибелі қарсыластармен жекпе-жек өткізіп, әбден ысылған құрама сапындағы ең сақа боксшылардың бірі десек қателеспейміз. Әбілханның Азиядағы негізгі қарсыласы өзбек Исроил Мадримов саналады. Аманқұл мен Исроил екі жылдың ішінде шаршы алаңда екі рет жолығып, алғашқысында Мадримов, екіншісінде Әбілхан жеңіске жеткен. Азия ойындарындағы алтын жүлде үшін бәсеке осы екі боксшы арасында өрбуі бәден мүмкін. Тағы бір айта кетерлігі, Джакартада еліміздің көк туын ұстап шығу міндеті Аманқұл Әбілханға бұйырып отыр.
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов Азия ойындарына бір жыл ішінде ең жоғары нәтиже көрсеткен боксшыларды таңдап алғандығын айтады. «Бұл құрамды бапкерлер кеңесі «Президент кубогы» мен өзге де жарыстардың қорытындысына қарап бекітті. Өкінішке қарай, салмақ дәрежелерін азайтып тастағаны бізді кем дегенде екі медальдан айырып отыр. Осы құраммен 4 немесе 5 жүлде, оның ішінде 2 алтын ұтамыз деген ойдамын», дейді М.Айтжанов.
Айта кетейік, 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Жазғы Азия ойындарында отандастарымыз 6 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алған еді.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»