Осыдан 26 жыл бұрын, 1992 жылғы 13 шілдеде, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылған болатын.
Дәл осы сәттен бастап жаңа дербес отандық арнайы қызметтің тарихы бастау алып, әртүрлі кезеңдерді бастан өткерді. Егемен ел болған жас мемлекетіміздің толықтай қалыптасып, одан әрі қарыштай дамуының маңызды да басты алғышарты – тұрақтылық пен қауіпсіздік еді. Елбасының: «Ұлттық қауіпсіздіктің міндеті – елдің негізгі, өмірлік аса маңызды мүдделері – ұлттық дербестікті, аумақтық тұтастықты, халықтың өмірін қорғауды кепілді түрде қамтамасыз ету болып табылады. Бұл тұрғыдан келгенде, ұлттық қауіпсіздік мемлекеттің өмір сүруін қамтамасыз ететін жүйе түрінде танылады: ұлттық қауіпсіздік болмаған жерде мемлекеттің өзі де жоқ» деген ұстанымы да осыны аңғартқандай.
Әлемнің түкпір-түкпірінде орын алып жатқан теріс құбылыстар халықаралық қауіпсіздіктің бір бөлігі ретінде біздің елімізге де өз әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан ұлттық қауіпсіздік органдарының қалыптасу, одан әрі даму жолы әрдайым Қазақстан Президентінің айрықша назарында, жан-жақты қолдауында болды. Ол Елбасының Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауларында айтылып келеді.
Қауіпсіздік органдарының тарихы тереңде жатыр. Кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарындағы, одан кейінгі жылдардағы барлау және қарсы барлау операцияларындағы ардагерлеріміздің ерен ерлігі мен кәсіби шеберлігі осының куәсі.
Уақыт өткен сайын көп нәрсенің өзгеретіні заңдылық, алайда осы күнге дейін өзгеріссіз келе жатқан бір ғана нәрсе бар, ол – Ұлттық қауіпсіздік комитеті органдары қызметінің басты міндеті еліміздің ұлттық қауіпсіздігін сенімді қамтамасыз ету, егемен мемлекетіміздің әрбір азаматын шетел арнайы қызметтерінің, сан түрлі террористік, экстремистік және өзге де заңсыз ұйымдар мен топтардың теріс пиғылынан қорғау. Осындай құқықтық негізі, өзіндік бай тарихы бар құрылым өз міндеттерін мүлтіксіз орындаудан жаңылмай келе жатыр. Жылдар өткен сайын ол әр уақыттың әртүрлі қауіп-қатерлеріне уақтылы ден қою үшін жетіліп, құрылымын ұтымды түрде оңтайландырып келеді.
Аталған жетілдіру жұмыстарының қатарында Мемлекет басшысының сыртқы және ішкі қауіп-қатерлерді елеп-екшеуінің нәтижесінде ҰҚК жүйесінде уақыт талабына сай өз алдына жеке қызметтер құрылғанын ерекше атап өту қажет. Оны Президент Жарлығымен 1993 жылы Экономикалық қауіпсіздік, сыбайлас жемқорлыққа және контрабандаға қарсы күрес бас басқармасының құрылуынан, 2016 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Президентінің шешімімен ҰҚК-де Экономикалық қауіпсіздік қызметінің құрылғанынан көруге болады. Бүгінгі күні аталған қызмет құрылымның маңызды қарсы барлау бөлімшелерінің бірі болып табылады. Оның негізгі міндеттерінің бірі – еліміздің экономикалық әлеуетін қорғау.
Мемлекет тарапынан ел экономикасын дамыту мақсатында қабылданып жатқан бағдарламалар мен жобалардың кедергісіз іске асуын қамтамасыз ету, оларға қандай да бір қылмыстық араласуды болдырмау, сондай-ақ трансұлттық қылмыстық топтарға қарсы күрес жолында қыруар шаралар іске асырылды. Оның нәтижесінде мемлекет қазынасына елеулі қаржы қайтарылды.
Атап айтар болсақ, соңғы жылдың өзінде мемлекетке 120,4 млрд теңге сомасында экономикалық зиян келтірудің жолы кесіліп, анықталған фактілер бойынша бюджетке 117,5 млн теңге қайтарылды. Оған шетел және отандық субъектілердің зиянды әрекетінің алдын алу және жолын кесу нәтижесінде қол жеткізілді.
Сонымен қатар осы тұста тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Оңтүстік-Батыс Азия елдерінен есірткі легі лап қойып, елімізде нашақорлық пен есірткі бизнесінің кең етек алу қаупі туындаған кезеңді атап өтуге болады. ТМД ғана емес, өзге де алыс шетел мемлекеттерінің арнайы қызметтерімен бірлескен іс-қимыл нәтижесінде алғашқы ірі есірткі партиялары заңсыз айналымнан алына бастаған еді. Осындай операциялардың алғашқылары ретінде «Сафари», «Найза», «Қақпан» және тағы басқаларын атауға болады.
Осы бағыттағы жұмыстар бүгінгі күні де өз жалғасын тауып отыр. Соңғы жылдың өлшемімен алып қарайтын болсақ, халықаралық есірткі бизнесіне қарсы күрес бағытында 5 халықаралық операция жүргізілгенін, 14 халықаралық және 9 өңірлік есірткі тасымалдау арнасының жойылғанын көруге болады. Алғаш рет Қазақстанда жасырын синтетикалық есірткі өндіру зертханасы жойылды.
Жалпы, заңсыз айналымнан 389 кг есірткі заты, оның ішінде 14,4 кг героин, 3,7 кг апиын, 12,8 кг гашиш және 358,2 кг марихуана алынды. Одан басқа, халықаралық пошта жөнелтілімдері арнасынан Қазақстан Республикасында көлеңкелі Интернет сегменттері арқылы таратылатын синтетикалық есірткі мен психоактивті заттар шығарылды.
Қарсы барлаудың негізгі міндеттерінің бірі – шетелдің арнаулы қызметтері мен ұйымдарының барлау-бүлдіру шараларына қарсы тұру. Бүгінгідей өзге елдермен саяси, әлеуметтік, мәдени, сауда-саттық және басқа да салалар бойынша ашық қарым-қатынас орнап, өзара елшіліктер мен өкілдіктердің ашылуы, елімізде халықаралық ұйымдардың жұмыс істеуі – осының баршасы қарсы барлау қызметінен заманға сай жаңа тұрғыда әрекет етуді талап етуде.
Осындай жағдайда тынымсыз іс-қимыл нәтижесінде қарсы барлау шетел мемлекеттері арнайы қызметтерінің барлау және өзге де бүлдіру әрекетіне қарсы тұру, республикамыздың стратегиялық маңызды объектілерінде қарсы барлау іздеуін ұйымдастыру бойынша біршама тәжірибе жинақтап, мемлекеттік құпияларды қорғау жөнінде шаралар жүйесін жетілдіруде.
Қазіргі күні адамзат баласына төнген негізгі қауіптің бірі – халықаралық терроризм мен онымен тығыз байланысты діни экстремизм болып отырғаны жасырын емес. Террористік актілерді және экстремизм ошағының туындауын болдырмауға тек олардың алдын алу бойынша ұдайы жұмыс жүргізу арқылы ғана қол жеткізуге болатынын уақыт көрсетіп отыр.
«Терроризмнің ушығып тұрған кезеңінде өңірдің барлық мемлекеттері мен мүдделі елдерінің іс-қимылы мен белсенділігін үйлестіруді жаңа сапалы деңгейге көтеруге біз дайынбыз», деп Елбасы айтқандай, жоғарыда айтылған теріс құбылыстардың біздің өмірімізге енуіне жол бермеу бағытындағы жұмыстар үздіксіз жүргізілуде. «Орталық Азия моджахеттерінің жамааты», «Джунд-әл-Халифат», «Хизб-ут-Тахрир» және басқа да құрылымдардың жойылып жіберілуі осыған дәлел.
Осы соңғы жылдың өзінде радикалды діни идеологияны ұстанушылар тарапынан террористік акт жасау ниетіндегі 3 әрекет бастапқы кезеңінде-ақ тоқтатылды. 4 радикалды топтың және 18 жекелеген адамның теріс іс-қимылының жолы кесіліп, 77 радикал сотталды, сондай-ақ 30-ына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Осы кезеңде Қазақстан аумағында терроризм мен экстремизмге қатысы бар 24 шетел азаматы ұсталып, тиісті мемлекеттердің арнайы және құқық қорғау органдарына берілді. Алдын алу шараларының нәтижесінде діни ұйымдардың 40 белсендісі деструктивті идеологияны насихаттауын тоқтатты, сондай-ақ ішкі істер органдарымен бірлесіп, 22-сі экстремизм үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылды.
Жоғарыда айтылғандармен бірге, тыйым салынған «Ат-такфир уаль-хиджра» діни-экстремистік ұйымы бөліктерінің 9 жетекшісі және «Таблиғи жамағаттың» 28 белсендісі сотталды. Қазақстанға экстремистік сипаттағы әдебиетті әкелудің 40 әрекетінің жолы кесілді. Интернет желісінде 150-ден артық экстремистік материалдарға сілтеме бейтараптандырылды.
Аталған қызметтер қатарында «А» қызметінің қызметкерлері де ортақ іске үлкен үлес қосып келеді. Олар ерен ерліктің жарқын үлгісі болып табылады. Халқымыздың бейбіт өмірін сақтап қалу, ел тұрақтылығы мен тыныштығын қорғау жолында олардың қаза тапқандары да аз емес.
Осы жылдың бірінші жартыжылдығының өзінде, осы қызмет 20-дан аса іс-шараға, оның ішінде заңсыз қарулы құрылымдар қатарында жауынгерлік іс-қимылдарға қатыспақшы болған Қазақстанның 3 азаматын Ыстанбұл қаласынан Астанаға жедел экстрадициялауға қатысты. Аталған іс-шара шеңберінде және басқа да міндеттер бойынша 100-ге жуық объект пысықталды.
Қазір арнайы мақсаттағы «А» қызметі ең заманауи қару-жарақпен, қажетті құрал-жабдықпен және қазіргі заманғы техника үлгілерімен жарақталған кәсіби шеберлігі жоғары бөлімше болып отыр. Оның құрамында арнайы қызметтің елегінен өткен, антына адал, елі үшін жан қиюға даяр жауынгерлер қызмет етіп жүр. Олар кез келген уақытта өз міндеттерін орындауға дайын.
Елбасының: «Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «А» арнаулы мақсаттағы қызметі бейбіт және әскери уақытта да жүктелген міндеттерді жеке және басқа да мемлекеттік органдардың арнаулы мақсаттағы бөлімшелерімен бірге орындауға қабілетті», – деп бағалауы осының айғағы.
Жас мемлекетіміздің басына төнуі мүмкін қауіп-қатерлердің қатарында киберқылмыс түрі де бар. Ол күн өткен сайын өзекті мәселеге айналып барады. Сондықтан Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне «Қазақстанның киберқалқаны» жүйесін құру жөнінде тапсырма берген болатын. Осыдан да Елбасымыздың біздің жұмысымызға нақты бағдар берер келешекті дәл болжайтын саяси көрегендігін байқау қиын емес.
Тәуелсіздіктің даму кезеңінде еліміздегі үкіметтік байланыс техникалық тұрғыдан аса зор өрлеу жолынан өтті. Стансалар мен тораптардың жаңғыртылуы республикамыздағы үкіметтік және басқа да қорғалған түрлерін заман талабына сай қамтамасыз етуге мүмкіндік тудыруда.
Әлемде әртүрлі деңгейдегі көптеген қақтығыстардың басым бөлігі шекара мәселесіне қатысты туындайтынын тарих көрсетіп отыр. Сондықтан Н.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында осындай жағдайларға жол бермеу үшін барлық көршілерімізбен шекарамызды шегендеп алдық. Ол туралы Мемлекет басшысы: «Әлем мемлекеттері арасында аумағы бойынша тоғызыншы орын алатын Қазақстан шекарасы, қиындықтарға қарамастан, сенімді қорғалатын болады», деген болатын. Елбасы айтқандай, бүгінде шекарамыз сенімді қорғалуда.
Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тұрақты көңіл бөлуі және тікелей басшылығы арқасында Ұлттық қауіпсіздік комитеті тәуелсіз Қазақстанның тыныштығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету саласында сан түрлі бағытта қызмет атқаратын ұтқыр да қазіргі заманға сай техникамен жарақталған ірі құрылымға айналып, еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүктелген міндеттерді орындауға дайын.
Венера ТҮГЕЛБАЙ,
«Егемен Қазақстан»