«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Қарағанды облысының Жезқазған қаласына арнайы барып, өңірдің осы бағыттағы тыныс-тіршілігімен танысты. Сапар барысында Мәулен Әшімбаев қазіргі заманғы энерготиімді жабдықпен қамтамасыз етілген кәсіпорында болды. Сондай-ақ оқушыларға бағдарламалау мен робот техникаларының негіздерін үйрететін IT-орталықтар мен IT-сыныптарға және Сәтбаев қаласындағы заманауи «Co-working орталығы» ашылған Орталық кітапханаға барды.
«Нұр Отан» партиясының жаңа жобаларының негізгі бағыттарының бірі «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асырумен байланысты екені белгілі. Осыған орай партия Елбасының цифрландыру мен экономикалық жағынан білімді мамандарды дайындау жөніндегі бастамасына қолдау білдіруді көздейді.
Жезқазғанға сапары кезінде партия Төрағасының бірінші орынбасары алдымен «Ұлытау Нан» нан зауытына барды. Мұнда барлық жұмыс процесі автоматтандырылған. Жаңа кәсіпорын тәулігіне 35 тоннаға дейін нан өнімін шығарады. Дайын өнім Жезқазған мен Сәтбаев қалаларына және Қаражал мен Ұлытау аудандарына жеткізіледі. Зауыт Елбасы айқындап берген цифр- ландыру жөніндегі барлық талаптарға толық сай келетінін де ерекше атап өткен жөн.
Кәсіпорын қызметкерлерімен кездесуде Мәулен Әшімбаев мұндай заманауи өндіріс ошағының ашылуы және алдыңғы қатарлы инновациялық технологиялардың енгізілуі жергілікті халықтың жұмыспен қамтылуына мүмкіндік беріп, өңірдің экономикалық ахуалын жақсарта түсетінін атап өтті.
Жезқазғанда бағдарламалау негіздерін үйрететін IT-орталық «UTARI KZ» өндірістік инновациялық компаниясының базасында ашылды. Ол жерде балаларға арналған тегін IT-сыныптар жұмыс істейді. Мәулен Әшімбаев аталған орындарға да арнайы барып, компанияның жұмысымен танысты. Бұл жерде химия, мұнай-газ, металлургия, тамақ, дәрі-дәрмек, автомобиль өндірісі, коммуналдық шаруашылық, транспорт пен құрылыс саласының жұмысшылары үшін арнайы киімдер шығарылып, күнделікті өмір мен демалуға арналған киімдер тігіледі. Кәсіпорын компьютерлік бағдарламамен басқарылатын арнайы қондырғымен жабдықталған.
Тігін цехының жұмысшыларымен кездескен Мәулен Әшімбаев соңғы айларда «Нұр Отан» партиясы әлеуметтік мәселелерге жіті көңіл бөліп, ауқымды жұмыстар атқарып жатқанын тілге тиек етті.
– Партия Саяси кеңесінің отырысында Елбасы осы бағыттағы бірқатар жаңа жобаларымызды бекітіп, нақты тапсырмалар берді. Олардың қатарында еліміздің болашағы саналатын өскелең ұрпақтың дені сау, білімді, бәсекеге қабілетті болып қалыптасуы үшін жағдай жасау ісі де бар. Соған орай партия еліміз бойынша ІТ-сыныптар ашуды қолға алды. Осы ретте аталған сыныптарды Астана, Алматы сияқты ірі шаһарларда ғана емес, Жезқазған сияқты моноқалалар мен аудандарда ашып, орталықтан шалғайда жатқан елді мекендердегі балалардың цифрлы сауаттылығын арттыруға, бәсекеге қабілетті болуына, болашақтың мамандықтарын игеруге жағдай жасауымыз керек. Осы тұрғыдан келгенде Қарағанды облысында атқарылып жатқан жұмыстар көңіл қуантады. Облыс бойынша қазірдің өзінде бірнеше ІТ-сыныптар ашылып, жергілікті жастар заманауи білім алуда, – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.
Осы ретте «Нұр Отан» партиясы қазақстандық IT-компаниялар мен өңірлік жоғары оқу орындарының базасында 20 IT-орталық және тегін 1000 ІТ-сынып ашуды қолға алып, тиісті жұмыстарды бастап кеткенін атап өткен жөн. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, партия ІТ-сыныптарды ашу арқылы жастарға бағдарламалау негіздерін үйретіп қана қоймай, робот техникалары мен 3D модельдеуді де меңгеруге жағдай жасайды.
Жезқазғанда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы бойынша да жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Соның аясында әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға арналған жатақхана қайта жаңғыртылып, жергілікті компаниялардың жас мамандарына берілген. Бұл жатақхананың өзгелерден басты айырмашылығы ретінде онда бірқатар партиялық жобалардың жүзеге асырылуын айтуға болады. Яғни нұротандық кәсіпкерлер бұл жерде жаңа партиялық бастамалармен үндесетін бірнеше қызықты білім беру жобаларын іске қосқан. Айталық, ғимараттың бірінші қабатында «Open space library» аймағы – ашық электрондық кітапханасы орналасқан, ал жанында «Үш тұғырлы тіл» бағдарламасы бойынша ашылған – «Qazaq kluby» мен «English club» жұмыс істейді. Жатақханада дербес «Co-working орталығы», «Яркие умы» білім мен даму орталығы, «Лидерлер мектебі», «Business mentoring» және «Magic kitchen» орталықтары, шахмат пен тоғызқұмалақ ойынының студиясы бар. «Нұр Отан» партиясының балаларға арналған тегін IT-сыныптар жобасы бойынша «IT TECHNOLOGY FOR YOU» орталығының базасында қазіргі заманғы IT-сыныптар ашылған.
Бұл жерде бағдарламалау мен робот техникасы саласы әлемдік стандартқа сай оқытылады. Жылдың соңына дейін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және өңірдегі бизнес өкілдерімен бірге 2500-ден астам адамды қамти-тын балаларға арналған тап осындай 40 IT-сынып ашу жоспарланған.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру шеңберінде нұротандықтар еліміздегі кітапханаларды заманауи білім орталықтарына айналдыру бастамасын қолға алғаны белгілі. Мәулен Әшімбаев Сәтбаев қаласындағы осындай жаңа білім беру орталығына арнайы барды. Мұнда «Со-working орталығы» жергілікті кітапхана базасында ашылған. Онда жастардың жұмыс істеуі және дем- алуы үшін барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, топ болып және жеке жұмыс істеуге арналған аймақтар, тегін Wi-Fi, қажетті техника және тағы басқа мүмкіндіктер қарастырылған. Жастармен кездесуінде партия Төрағасының бірінші орынбасары, осы жылдың соңына дейін «Нұр Отанның» қолдауымен Қарағанды облысында тағы да бірқатар білім орталығының ашылатынын айтты.
Партия Төрағасының тапсырмасы бойынша нұротандықтар аға ұрпақты қолдауға бағытталған тағы бір маңызды «Ардагерлерді ардақтайық» жобасын іске асыруда. Одан бөлек, Жеңіс күні қарсаңында партияның бастамасы бойынша «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» іс-шарасы да қатар жүргізіліп келеді. Жезқазғанға сапары барысында Мәулен Әшімбаев 95 жасқа толған Ұлы Отан соғысының ардагері Нина Степановна Виноградовамен кездесіп, майдангерді мерейтойымен құттықтады.
* * *
Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев қасиетті Ұлытау жерінде өткен «Жезкиік» халықаралық музыка фестивалінің ашылу салтанатына қатысты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен іс-шарада Ресей, Франция, Польша, Түркия, Шотландия, Жапония, Тәжікстан және сонау Мексика мен Перу елінен келген этно-фольклорлық ансамбльдер өнер көрсетті.
Фестивальдің шымылдығы «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі мен «Аққу» ансамблінің театрландырылған қойылымымен түрілді. Алғаш болып сөз алған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Елбасының барша қатысушыларға арналған құттықтау хатын оқып берді.
Қазақ елінің рухани орталықтарының бірі саналатын қасиетті Ұлытау жерінде, «Рухани жаңғыру» бағдарамасы аясында өтетін бұл өнер мерекесі еліміздің мәдени өміріндегі айтулы оқиға болады деп сенемін. Төл тарихы мен өнерін қастерлеген ұлт қана биік мақсаттарға қол жеткізе алады. Музыка өнері – халықтың тарихын, асқақ рухын, жан дүние сұлулығын паш ететін рухани құндылықтардың бірі. Сондай-ақ бұл фестиваль халқымыздың мәдени мұрасын жаңғыртып, фольклорлық өнеріміздің баға жетпес байлығын әлемге танытуға да оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын», – делінген Елбасының құттықтауында.
Бұдан соң, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары М.Әшімбаев қатысушылар мен барша халықты осындай керемет өнер кешімен құттықтап, бұл шараның қазақ мәдениетінің өрісін кеңейтетін тың бастама екенін айтты.
– Бұл фестиваль Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жемісі екені сөзсіз. Біз осындай игі бастамалар арқылы халқымыздың рухани және мәдени құндылықтарын сақтап, оларды бүкіл әлемге дәріптеп, танымалдылығын арттырамыз. Сондай-ақ әлем мәдениетінің озық тұстарынан үлгі алып, ұлттық құндылықтарымыздың аясын кеңейтеміз. Сондықтан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп отырған бүгінгі «Жезкиік» халықаралық фестивалі алдымызда тұрған осындай мақсаттардың сәтті жүзеге асырылуына оң әсерін тигізеді деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Венера Түгелбай,
«Егемен Қазақстан»