Астанада 14-шілдеден бастап өтіп жатқан халықаралық сәулетшілер конгресі кеше аяқталды. Бір сөзбен айтқанда, шетелдік кәсіби тәжірибеге сүйене отырып заманауи отандық сәулет өнерін дамыту мақсатында ұйымдастырылған бұл игі шара туралы газетіміздің өткен санында жазған болатынбыз. Енді шара қорытындысы мен конгресі аясында көтерілген бірқатар ұсыныстар туралы айта кетсек.
Конгрестің ашылуында Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова: «Біз бүкіл әлем сәулетшілерінің шығармашылығына зор құрмет білдіре отырып, әрдайым жаңа жобаларды қуана күтеміз, еліміз ең сәулетті елдердің бірі болуы үшін жұмыс істеуге әрдайым әзірміз» деген еді.
Соған орай жас сәулетшілер мен студенттер арасында стартап уикенд форматында «Қалалық орта: «ақылды» аудан» байқауының өтіп жатқанын да айтқан болатынбыз. Қорытынды жиында байқау жеңімпаздары марапатталды.
Сонымен тұрғындар үшін қысқы жылыжай кешендерін жасауды ұсынған «Sredalab» командасы гран-при иеленді. Ал қаладағы көлік тұрақтары үшін AirBnB баламасын жасауды ұсынған «Nurcelona» командасы бірінші орынды алса, қалалық дренаж жүйелерін ұсынған «RainTech» командасы екінші орын иегері атанды. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін АТ-мектеп құруды ұсынған «АТ мектебі» командасы үшінші орынды еншіледі. «King Wins» командасы болса Астана әкімінің арнайы сыйлығымен марапатталды.
Astana Innovations басқарма төрағасы Олжас Сартаев жеңімпаздардың өз идеяларын «ақылды» аудан жобасы аясында іске асыруға мүмкіндіктері болатынын айта келіп: «Бүгінде «Жастар» шағын ауданында үш бағыт бойынша бірнеше технология енгізілген. Мысалы жылыжай кешендері туралы айтсақ. Оларды іске асыру үшін үш-төрт ай уақыт керек. Біз өз тарапымыздан бағалап, биыл ең болмаса бір жылыжайды шағын ауданға шығаруға тырысамыз», деді.
Осы шара аясында Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова да қаладағы «ақылды» жүйе тұрғындар үшін қалай қолайлы болуы керектігі туралы айтып: «Біз алғаш рет сәулетшілер конгресі мен «ақылды» қала бойынша бөлігін Астананың дамудың келесі кезеңіне өткенін көрсету үшін біріктірдік. Бұл жай ғана құрылыстар емес, үй «ақылды» болуы үшін енді біз энергиялық тиімді ғимараттар салып, материалдарды, озық технологияларды пайдаланғымыз келеді. Қала өсіп келе жатыр, оның тиімділігі де арта түсуі тиіс», деген болатын.
Жан-жақты талқылау, қызу пікірталас, жаңа технология мүмкіндіктері тудырған небір озық ойлар ортаға салынған аталмыш жиын соңына да келіп жетті. Мәдениет және спорт министрлігі жиналыс залында конгресс жұмысының қорытындысына арналған баспасөз конференциясы өтті.
Жиналыс тізгінін алған Сәулетшілер одағы халықаралық қауымдастығының президенті Серік Рүстембеков сөзін: «Сәулет өнері осы өмірдегі бар өнердің «анасы» болып табылады. Сурет салу, мүсін жасау болсын олардың барлығы бастауын сәулет өнерінен алады. Жалпы, күні бүгінге дейін Мәдениет министрлігінің басшылығына олар бізбен дұрыс жұмыс істемейді деп шағымданатынбыз. Бүгінде бұл олқылықтың орны толтырылды. Мәдениет және спорт министрлігі Астананың 20 жылдығын атап өту аясында біздің осындай ауқымды шара өткізуімізге көмектесті. Болашақта бұл дәстүрге айналады деген ойдамыз», деген ризашылық леппен бастады. Әрі қарай төрт күн бойы өткен жиында сәулет өнері саласындағы заманауи тенденциялар және өзге де көптеген тақырыптар сөз болғанын қысқаша айтып өтті.
«Өткен жүз жылдықта және 21 ғасырда жапан далада салынған қалалар саусақпен санарлықтай. Мысалы Аустралиядағы Кандра, Бразилияның жаңа қаласы – Бразилия және біздің Астана. Конгрестің жұмысы барысында осы үш қаланың арасындағы үндестік пен айырмашылық өзара салыстырылды. Шетелден келген сарапшылардың барлығы дерлік Астананың сәулетіне ризашылықтарын білдіріп отыр», деді ол.
Сонымен бірге сәулетшілер конгресінде Еуразия сәулетшілер академиясын құру бастамасы көтерілгенін тілге тиек етті.
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»