Қазақстандықтар Мемлекет басшысының Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған
салтанатты жиналыста сөйлеген сөзіне үн қосады
Жұрт тілегіне сай мерейлі міндет Елбасының ерен еңбегі арқасында Қазақстанымыз бүгінде әлемге танылған мемлекетке айналғандығы әрқайсымыздың мерейімізді тасытатын зор мақтаныш. Тәуелсіздіктің 20 жылындағы тамаша жетістіктер мен ғажайып өзгерістерге тікелей куәгер жанның бірі ретінде кеудемді әрдайым үлкен қуаныш сезімі кернейді. Осы кезең жарқын болашаққа бастап, дамудың жаңа сатысына берік негіз қалауымен ерекшеленсе, Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев торқалы тойға арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінде таяудағы міндеттердің бұған дейінгіден де биіктігін атап айтқандай, жасампаздықтың құлашы серпіле бермектігі әрбір азаматтың жігері мен сенімін өрлете түсуі тиіс. Мен құрылысшы ретінде осы саладағы істердің бел ортасынан табылып жүргенімді көңіліме мерей тұтамын. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша атқарылудағы жұмыстардың аса ауқымдылығына қанықпын. Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзінде алға тартқандай, 2005-2007 жылдарда ғана елімізде 17 миллион шаршы метр тұрғын үй салынған екен. Бұл ретте біздің облыс алдыңғы саптағылардың бірі болып табылатындығын айта аламын. Қарағандының «Көгілдір тоған» аталатын және Оңтүстік-шығыс бөлігі бүгінде мыңдаған қоныстанушылардың құтты мекені. Тұрғындардың үй жағдайларын жақсартуы аудандар орталықтары мен ауылдарда да қарқынды деуге болады. Соңғы екі-үш жылда 40 мыңнан астам отбасының баспаналы болуы соған айғақ. Ең бір сүйініштісі, бұлардың басым бөлігі жас отаулар. Олар мемлекеттік бағдарлама арқылы шаңырақ тіксе, сондай-ақ жалға алу, несиелік жолмен иеленушілер де аз емес. Бұған дейін тұрғын үймен қамтамасыз етілу қиындығымен бірге балабақшаның жетімсіздігі күрделі мәселе саналып келгендігін айтпасқа болмайды. Қазір бүлдіршіндердің аталған мекемелерге қамтылуы 80 пайыздан асып отыр. Ал алдағы екі жылда ата-аналардың жеткіншектерін қалаған балабақшаға еш қиындықсыз орналастыруға мүмкіндігі бар. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев әр адамның 5, 10 және 20 жылдан кейін қол жеткізетін әл-ауқатының нақты көрсеткіштері белгіленуі қажеттігін, соның ішінде, тұрғын үй саясаты қазақстандық дамудың жаңа күн тәртібінің мәселелері қатарында екенін атады. Мұның өзі халықтың ең көкейкесті тілегінің орындалуына кең жол ашады деген сөз. Құрылысты өрістету азаматтарының мүддесін басты мұрат еткен еліміздің даму бағытын көрсетеді. Тұрмысқа қолайлы үй, есігі ашық балабақша жұрт көңілін өсірерлік қуаныш. Сондай жағдайлар жасауға мемлекеттік аялы қамқорлықтың кеңейіп, күшеймектігі баршамыздың ризалығымызды тудырады. Төлеген ӘШІМОВ, «Аспап» ЖШС директоры. Қарағанды. Даму салтанаты Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған мереке республикамыздың барлық өңірінде дүрілдеп өтті. Еліміздің бас қаласы – Астанада 3 мың адамның басын қосқан келелі кеңестің салтанаты тым ерекше болды. Онда еліміздің жиырма жылда жеткен жетістіктеріне және алдағы міндеттерге тоқталған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін теледидардан мұқият тыңдадым. Жас тәуелсіз елді экономикалық дағдарыстан шығарып, дамудың даңғыл жолына салудағы ғаламат істердің көш басында болған Нұрсұлтан Әбішұлы тарих үшін қас-қағымдай уақытта жеткен жетістіктерімізді талдап айтып берді. Расында, жиырма жыл бір елдің басынан өткен осынша өзгерістер үшін тым аздық етер еді. Қазақстан қамшының сабындай қысқа уақытта бүкіл әлемге танылды. Елімізде өмірдің барлық саласы да таңқаларлықтай жылдамдықпен дамыды. Өзім дәрігер болғандықтан Президенттің денсаулық сақтау саласы туралы айтқанына көбірек зейін қойдым. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мерекелік салтанатта сөйлеген сөзінде еліміздің денсаулық сақтау жүйесі түбегейлі өзгерді деді. 1991 жылмен салыстырғанда осы бір әлеуметтік шешуші саланы қаржыландыру көлемі 107 есе өсіп, ол үстіміздегі жылы 640 миллиард теңгеден асты. Осы қаржының қалай игеріліп, қалай ел игілігіне асып отырғанына өзіміз куәміз. Мамандығым дәрігер болғандықтан денсаулық сақтау саласындағы өзгерістер мен жетістіктердің барлығы да көз алдымда. Бұрын жүрегі ауыратын жандарға күрделі операциялар тек шетелдерде жасалатын. Қазір олар облыстық ауруханаларда жасала береді. Шалғай ауылдардағы, шет аудандардағы ауруханалар мен емханаларға дейін тегіс жөндеу жұмыстарынан өтті және олар заманауи озық медициналық құралдармен жабдықталды. Мысалы Қостанай облысының өзінде осы салаға арнап бірнеше жаңа ғимараттар салынды. Аудандағы дәрігерлер медициналық кәсіптік кеңестер алу үшін бұрынғыдай облыстық ауруханаға ат сабылтып келмейді. Біраз аудандарда облыстық ауруханаға тікелей байланысқа шығаратын бейнеқондырғылар бар. Заманауи шетелдік аппараттар мен құралдардың арқасында науқас жандар шыбын жаны шырқырап, кеудесін сүйретіп алысқа бармайды. Оларға жергілікті жерлерде анық диагноз қоюға мүмкіндік жетеді. Ғажап емес пе? Осы жұмыстардың барлығы да мамандарсыз шешімін таппақ емес. Сондықтан медицина мамандарын дайындауға аса зор көңіл бөлініп отыр. Жиырма жылдан бұрынғы көріністі біз де ұмытқанымыз жоқ. Медицинаның ғажайып мүмкіндіктерінен кейін қалған едік. Бұл күнде аудандардағы, ауылдардағы фельдшерлік-акушерлік пункттерде «жедел жәрдем» көліктері бар. Ауыл адамдары ауырып-сырқағанда осы көліктің арқасында оларға алғашқы медициналық жәрдем көрсетіледі, қажет болғанда науқас ауруханаға жеткізіледі. Қазір Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған «Денсаулық» пойызы сапалы медициналық қызметті алыс ауылдар үшін де қолжетімді етуге көп үлес қосты. Біздің Қостанай темір жол ауруханасы осы игілікті іске атсалысып келеді. Нұрсұлтан Назарбаев тек денсаулық сақтау саласы ғана емес, Қазақстанның жалпы жеткен жетістіктеріне де кеңінен тоқталды. Өндіріс, экономика дамымай әлеуметтік сала да кенже қалатыны рас. Сондықтан еліміздің жан-жақты дамуын қазір әрбір қазақстандық тілеп отырады. Бұрын тәуір зат болса ол елімізде емес, тек шетелде өндіріледі деп білуші едік. Ал қазір Қазақстан кәсіпорындарының өнімдері әлемнің 126 еліне белгілі екенін айтып өтті Президент. Салтанатты жиналыста Президентіміз ескерткендей, жас тәуелсіз елдің алдында шешімін күткен талай істер бар. Халықтың денсаулығы – ұлттың, мемлекеттің болашағы. Таза су, құнарлы топырақ адам денсаулығының қайнар көзі. Президент осы мәселелердің жаһандық өзектілікке айналғанын ескертті. Мұның барлығы тәуелсіздігін осыдан жиырма жыл ғана бұрын алып, кемесін толқынға түзеген жас мемлекетке де салмақ түсірері хақ. Адамдар денсаулығын сақтау тек медицинаның ғана шаруасы емес, ол жұмыла кірісер ортақ мәселе. Салтанатты мінберден сөйлеген Елбасының сөзі мені осындай ойларға жетеледі. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болса, Елбасымыз бастаған айдынды болашаққа дамудың даңғыл жолымен жылжи береміз. Мәрзия ЕСҚАЗИНА, Қостанай темір жолы ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары. Қостанай. Бұқаралық спортқа кең өріс ашылады Елбасымыздың баяндамасын ыждағатпен тыңдағанда Отанымыз бағындырған белестер көңіл марқайтты. Біздің мемлекет, біздің ел әлемдік дағдарысты көптеген өркениетті елдермен салыстырғанда жеңіл өткізді. Дағдарыс жалғасқан жағдайда да Қазақстанның жерге қарайтындай жағдайы жоқ. Ұлттық қорымыз 80 миллиард долларға жуықтап қалған. 1993 жылдан бері жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 16 есе өсіпті. Дүние жүзінде Отанымыз табыс деңгейі орташадан жоғары елдер санатына енді. Бұны біз өз өмірімізден көріп отырмыз. Оңтүстік Қазақстан облысында аздаған жылдар ішінде қырық-елу жылдарда ғана мүмкін болатындай нысандар салынды. Үш миллионға жуық халқы бар облыс орталығында цирк сарайы болмаған еді, Тәуелсіздіктің тойында оған да қол жеткіздік. Қазақстан азаматтарының ешқайсысы сыртқа қаңғып, жұмыс іздеп жүрмегенінің өзі біздегі жағдайдың қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман екендігін аңғартса керек. Елбасыға спортшылар қауымының алғысы мол. Қазір облыста 4649 спорт ғимараты бар. Биыл Шымкентте жабық жеңіл атлетикалық манеж пайдалануға беріліп, ашылу салтанатына Елбасының өзі қатысты. Бұл республика бойынша жүгіру жолының ұзақтығы 200 метрлік бірыңғай жеңіл атлетикалық манеж. Құдай қаласа, шымкенттік спортшылар 720 орындығы бар, ірі жарыстар өткізуге арналған жабық бассейнде жаттығатын болады. Абай саябағында Халықаралық теннис корты пайдалануға берілмек. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қолдауымен Төле би ауданының тау қыратында орналасқан “Бәйшешек” спорттық-сауықтыру кешеніне облыстық бюджеттен 153 млн. теңге бөлініп, ойын және бокс, күрес залдары бар үлкен кешен іске қосылды. Осының бәрі тек шымкенттік спортшылардың ғана игілігі емес, республикамыздағы барлық спорттық құрамалардың оқу-жаттығу өткізетін нысандары. Тәуелсіздіктің арқасында біз осындай жетістіктерге жеттік. Елбасымыз баяндамасында денсаулық сақтау жүйесінің түбегейлі өзгергендігін айтты. Бағдарламада елде дене шынықтыру мен спортты және біздің азаматтарымыздың саламатты өмір салтын дамытуын ұзақ мерзімді шаралары қарастырылуы тиіс деп атап көрсетті. Денсаулықтың үлкен кепілі – спорт. Елімізде бұқаралық спортты жандандыруға барынша қолайлы жағдайлар туғызылып жатыр. Ал, бұл дегеніңіз, ұрпағымыз дені, тәні сау, мықты болып өседі дегенді білдіреді. Болат ҚЫРЫҚБАЕВ, Оңтүстік Қазақстан облысы спорт және туризм, дене шынықтыру басқармасының бастығы. Шымкент. Елімізге тіреу боламыз Азаттықты аңсаған қазақстандықтар ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын ел есінде қалатындай атап өтті. Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзін біз ынта қоя тыңдадық. Бұл – байтақ еліміз үшін теңдесі жоқ тарихи күн. Бабалар арманын ақиқатқа айналдырған еліміз үшін ұлан-асыр той. Ендеше баршаңызды ұлыстың ұлы күнімен – Тәуелсіздік мерекесімен шын жүректен құттықтаймын деген Елбасының жүрекжарды сөзін естігенде өзім де қатты тебірендім. Мен осыдан 25 жыл бұрын Тарбағатай ауданының Тұғыл кентінде дүниеге келдім. Орта мектепті бітірген соң елімізге құрылысшы, инженер, техник қызметкерлерін әзірлейтін Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің сәулетші-құрылыс факультетіне оқуға түстім. Елбасының қамқорлығы нәтижесінде тегін оқу, яғни грант бойынша білім алып шықтым. Оқуды үздік бітірген соң жоғары оқу орнының басшылары мені осы қасиетті шаңыраққа қызмет етуге шақырды. Еліміздің 20 жыл ішінде қол жеткізген табыстары тіпті өркениетті елдердің өзіне үлгі боларлықтай десем, артық айтқандық емес шығар. Бір ғана мысал. Елбасы өз баяндамасында «Егер 1993 жылы жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 700 доллар болса, бүгінде біз 11 мың доллардан астам көрсеткішке жетіп отырмыз. Бұл көрсеткіш өсім 16 есе деген сөз. 2010 жылдан бастап үдемелі-инновациялық индустрияландырудың кезеңі басталғаны белгілі. Тек Шығыс Қазақстан облысында соңғы екі жылда ғана 30-дан астам инновациялық жобалар жүзеге асты. Өскемендегі түсті металлургияның алыптары – «Казцинк», «Титан-магний комбинаты», «Үлбі металлургия зауытында» индустриялық-инновациялық жобаларды өндіріске енгізу нәтижесінде жаңадан мыңға тарта жұмыс орны ашылды. «Казцинк» ЖШС екі жаңа зауытты пайдалануға берді». Елбасының «Еншімізге бұйырған ерен бақыт» деген баяндамасында Қазақстанда үздік білім беру, үздік денсаулық сақтау, үздік мемлекеттік басқару қажеттігі жөнінде де өз ойларын білдірді. Біздің техникалық университет жылына өндірістің әр саласында еңбек ететін жүздеген мамандарды әзірлеп шығарады. Қазақстанның 20 жылдағы қол жеткен табыстары ерекше. Еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, Қысқы Азия ойындарын өткізіп қана қоймай, онда қарыштап алға басып келе жатқан Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея сияқты алып мемлекеттердің спортшыларын шаң қаптырып, бірінші орынды жеңіп алуы шынында да зор бақыт. Бас-аяғы он шақты жыл ішінде Арқаның төсінде әсем де асқақ Астананы тұрғызудың өзі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының ерлігі мен өрлігі болса керек. Астанада бой көтерген «Астана-Арена» стадионы, аспанмен тілдескен зәулім тұрғын үйлер, сәнді ғимараттар көздің жауын алады. Тәуелсіздік алған жиырма жыл ішінде сайын даланың төсінен бой көтерген ару Астана біздің мақтанышымыз. Қазақстан болашағы – жастарда. Елімізде ынтымақ пен татулық, бейбітшілік салтанат құра берсе, ертеңгі күніміз де мерейлі болмақ. Қазақстанды мекендеп жатқан жүзден асқан ұлт өкілдерінің бірлігі мен ынтымағы жараса берсе, гүлденген Қазақстанның алар асуы еңселене бермек. Дархан ҒЫЛЫМБЕКҰЛЫ, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік техникалық университеті өндірістік-техникалық бөлімнің инженері. Жастарға білімділік жарасады Мен ел Тәуелсіздігінің құрдасы болғанымды мақтан етемін. Қазақстанның азат ойлы ұрпағының бір өкілі ретінде алаңсыз есейіп, ержетіп келемін. Шыны керек, бастапқыда әскери мамандықты таңдамап едім. Жергілікті ауыл мектебін бітіргеннен кейін экономист болуды армандап, облыс орталығындағы Петропавл құрылыс-экономикалық колледжіне оқуға түстім. Оны тәмамдаған соң аңсарым «офицер атансам, өмір бойы еліме, халқыма қызмет етсем» деген ішкі ұмтылыс пайда болды. Қиындығы да, ерекшелігі де мол мамандықты түпкілікті қалауыма Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жастарға арнап сөйлеген сөзі кереметтей әсер етті. Сендерге қайда оқимын десеңдер де жол ашық. Мемлекет ол үшін барлық жағдайды жасап отыр. Мен бүгінгінің жастарына сенемін, деген еді. Осыдан кейін офицерлер сапында тұруға бел будым. Қазір үздік оқимын. «Алтын белгіге» үміткерлердің бірімін. Президентіміздің әр сөзін үлкен ықыласпен тыңдаймын. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналған салтанатты жиында жасаған баяндамасын бүкіл курсанттар болып тыңдап, үлкен әсер алдық. Еліміздің экономикасының жоғары қарқынмен өркендеп, өз даму жолымызды нық таңдап алуымыз, Нұрсұлтан Әбішұлының бастауымен саяси, экономикалық реформалардың жүзеге асуы кеудемізге мақтаныш сезімін ұялатты. Жеткен жетістіктеріміз, әлемдік қоғамдастық алдында зор беделге ие болуымыз – халықтар арасында берік достықты, түсіністікті қалыптастыра білуіміздің арқасы. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы алдағы атқарылатын ұлан-ғайыр міндеттерді де белгілеп берді. Бәріміздің алдымызда бір ғана міндет тұр, ол – мемлекеттілігімізді одан әрі беріктендіре түсу, жұртшылықтың алаңсыз жұмыс істеп, тұрмыс-дәулетінің арта түсуін қамтамасыз ету. Бұл орайда, ортақ іске жұмылудағы жастардың рөлін ерекше атап өтті. Уақыт бізге – жас ұрпаққа осындай аманат жүктеп отырғанын айқын сезінеміз. Азаттықтың, еркіндіктің қандай қиындықтармен келгенін жете түсінеміз. Біз Елбасының әр сөзін болашаққа нұсқаған аманаттай қабылдаймыз. Қай салада жүрсек те, жүрегіміз ел, Отан деп соғады. Қазақта «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген тамаша сөз бар. Ауызбірлігіміз, ынтымағымыз мықты болса, алмайтын асуымыз, жеңбейтін қиындығымыз болмайды. Өйткені, Қазақстан – ортақ үйіміз. Бөлісе алмайтын ештеңеміз жоқ. Әркім өзіне жүктелген тапсырманы бар ынта-жігерін салып сапалы орындаса, тірнектеп жиналатын табыс осылай құралады. Президенттің әр сөзі менің құлшынысымды арттырып, жақсы оқуға, қоғамдық жұмыстарға белсене араласуға әркез жігерлендіріп отырады. Өзім институт бойынша 2010-2011 жылғы оқу маусымының үздік курсанты атандым. Ғылыми жұмыстар байқауында «Жаппай қырып-жою қаруынан қорғану» пәнінен бірінші орынды иелендім. Дене шынықтыру, жауынгерлік дайындық жағынан да алда жүруді міндет санаймын. Еркебұлан ЕРСАЙЫНОВ, ІІМ ішкі әскерлері Петропавл әскери институтының курсанты. Солтүстік Қазақстан облысы.