• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Шілде, 2018

Көкшетауда көшпелі көрменің тұсаукесері өтті

189 рет
көрсетілді

Облыс орталығындағы «Достар» мәдениет сарайында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде облыстық мұрағаттар мен құжаттамалар басқармасының ұйымдастыруымен қолға алынған көшпелі көрменің тұсауы кесілді. 

Салтанатты рәсімде облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттер жайын саралап айта келе, ең алдымен ел тарихын екшеп, замандастарымыздың назарына ұсынудың айрықша маңызды екендігіне тоқталды. Әркім өзінің туған өлкесінің өткен тарихын санамен салмақтап, қапысыз тани білгені жөн. Осы орайда, бүгінгі көшпелі көрмеде облыстың 17 ауданы мен екі қаласының көне тарихы көрініс тапқандығын айта кеткен жөн. Әр аудан бойынша жіктелген көрме парақшаларында уақыт табынан сарғайған маңызды құжаттар қойылыпты. Көне суреттер уақыт табымен көмкерілген сыр көмбесін айқара ашып, көрерменнің көз алдына көне дәуірдің тыныс-тіршілігін жеткізіп тұр. Дерек пен дәйек толымды.

– Көрмені архив қоймасындағы бұрын-соңды ел назарына түсе бермеген соны деректермен байыттық, – дейді басқарма басшысы Марзият Тохаева, –бұл жоба облыс тұрғындарына естен шыға бастаған ескі кезеңнің көздің қарашығындай сақталып қалған деректері арқылы ақиқат тарихтың тағылымын ұсынатын болады. Сол арқылы біз әр өңір тұрғындарына Көкшетау мен Қараөткелдің кең даласын жайлаған жалпақ елдің бір ғасырлық тарихын талдап, ұғындыра отырып, тұтастықты қалыптастыруға тырысамыз. Бірінші кезекте көшпелі көрме әрбір ауданда болып, көпшілікті жәдігерлермен таныстыратын болады. Бұл жерде елдің өткені ғана емес, бүгіні де бар. Тәуелсіздік жылдарындағы жасампаз елдің жарқын еңбегі де кеңінен көрініс тапқан.

Көпшілік тарапынан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша қолға алынып жатқан жобалардың барысы айтарлықтай қызығушылық туғызды. Көшпелі көрменің алғашқы сапары Зеренді ауданынан басталатын болады.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы

Соңғы жаңалықтар