• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
18 Желтоқсан, 2011

Мемлекет заңсыздықтың кез келген әрекетіне қатаң тосқауыл қояды

333 рет
көрсетілді

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіп­сіз­дік Кеңесінің отырысы өтті. Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы бары­сын­да Маңғыстау облысының Жаңа­өзен қаласын­дағы жағдай талқыланды. Бас прокурор А.Дау­ылбаев, ҰҚК Төр­аға­сы Н.Әбіқаев, жауап­ты мемлекеттік органдардың өкілдері сөз сөйледі. Оты­рыс­ты Мемлекет басшысы қоры­тындылады. Елбасының Қазақстан халқына арнау сөзінде былай делінген:

Құрметті қазақстандықтар!

Кеше Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы мерекелік іс-шара кезінде бір топтың қылмыстық әрекеті салдарынан жаппай тәртіпсіздік орын алды. Тәуелсіздік мерейтойын мерекелеу үшін орта­лық алаңға жиналған бейбіт азаматтар бұзақы­лар­дан құралған топтың шабуылына ұшырады. Қоғамдық тәртіпті бұзған бұзақылар полиция қызметкерлеріне шабуыл жасап, мерекеге байланысты қойылған киіз үйді қиратып, полицияның автобусын өртеп жіберді. Олар бейбіт тұрғындарды ұрып-соғып, алаңға таяу тұрған автокөліктерге зақым келтіріп, оларды жағып жіберді. Басбұзар топ заңсыз әрекетті тоқтатуға шақырған құқық қорғау органдарының ескертулерін тыңдамай, қаруларын тартып алу мақсатында құқық қорғау органдары­ның қызметкерлеріне шабуыл жасады. Жаппай тәртіп бұзушылық кезінде қа­лалық және селолық әкімдік ғимараттары, қонақ үйлер, «Өзенмұнайгаз» компания­сы­ның әкімшілік ғимараты өртелді. Жеке және заңды тұлғалардың мүлік­те­рі қирады, автокөліктер өртенді, банкоматтар, дүкендер, банктер және т.б. тоналды. Барлығы 46 нысан шабуылға ұшырады. Шағын қалада шамамен барлық нысан ша­буылға ұшырады, өртелді немесе қира­тылды. Өкінішке орай, осы тәртіпсіздік сал­да­ры­нан адамдар, біздің азаматтарымыз қай­тыс болды. Алдын-ала мәліметтер бойынша, 10 адам қайтыс болған, ауыр жарақаттар ал­ған, жараланғандар арасында полиция қызметкерлері бар. Полиция қызметкерлері өздерінің қыз­меттік міндеттерін бұлжытпай орындады және заң бойынша өз өкілеттіктері аясында әрекет жасады. Қайтыс болғандар мен зардап шек­кен­дердің әрқайсысының отбасы, жақын туыс­тары бар. Мен олардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Қайтыс болғандар мен зардап шеккен­дер­дің отбасыларына көмек көрсетілетін болады. Жаппай тәртіпсіздік фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Менің тапсырмам бойынша Ішкі істер министрі бастаған жедел тергеу тобы құрылды. Ол комиссия жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушыларды табу және жазаға тарту, қаладағы қоғамдық қауіпсіздікті қалпына келтіру жөніндегі барлық қажетті шараны қабылдайды. Қазіргі уақытта жағдай құқық қорғау органдарының бақылауында. Кінәлі адамдар заң бойынша жазаға тартылатын болады. Осы орайда, мұнайшылардың еңбек дау­ын өздерінің қылмыстық ниеттері үшін осы жағдайды пайдаланып қалғысы келген бұ­зақылардың әрекетімен шатастыруға бол­май­ды. Біз бұл іспен кім айналысқанын, қай­дан қаржыландырылғанын ашатын боламыз. Осы жылдар ішінде Жаңаөзен халқы­ның әлеуметтік жағдайын шешу үшін көп­теген шаралар атқарылды. Жалақы көлемі жоғарылады. Әр елде шашырап жүрген отандастарымызды Жаңаөзенге шақырдық. Оларға барлық жағдайды жасадық. Осы үшін олар мемлекетке риза болуы тиіс. Жаңаөзендегі еңбек дауын шешіп, орын алған және қабылданатын шараларды тұр­ғын­дарға түсіндіру үшін Үкіметтің, «Қаз­мұ­найгаздың» арнайы комиссиясы барады. Бас прокуратураға өзге құқық қорғау ор­ган­дарымен бірлесіп орын алған жағ­дайды жіті тексеруді, ақпараттың барынша ашық­ты­ғын қамтамасыз етуді, нәтижесі туралы ха­лыққа хабарлауды, қажет болған жағдайда тәуелсіз сарапшыларды тартуды тапсырамын. Ескеретін жәйт, осындай оқиғалар, жаппай тәртіпсіздіктер бүгінде дүние жүзі елдерінде де болып тұрады. Сондықтан оған жаhандық қаржы-эко­но­микалық дағдарыстың әсерінен болған әлем­дік рецессияның салдары деп қараған жөн. Біз осы жылдардың ішінде еліміздегі тұрақтылықты, бейбітшілік пен келісімді нығайттық. Біз осы берекелі бірлігіміз арқылы биік белестерді бағындырдық. Біз Қазақстанда қалыптасқан бейбітшілік пен тыныштықты бұзуға, біздің тәуел­сіз­ді­гі­міздің жетістіктерін тәрк етуге ешқандай жағ­дайда да жол бермейміз. Сондықтан жұртшылықты алаңдатар­лық­тай ешқандай себеп жоқ. Жағдай толығымен бақылауда. Заңның аты – заң. Заңның талаптары барлығымыз үшін бірдей. Заң қаланың қауіпсіздігі мен тұрғын­дардың тыныштығын қамтамасыз ету үшін қолданылатын болады. Мемлекет біздің азаматтарымыздың ты­ныштығы мен қауіпсіздігін бұзушылықтың кез келген әрекетіне қатаң тосқауыл қояды. Барша қазақстандықтарды біздің еліміз үшін жат әрекетті айыптауға, тыныштық сақ­тауға шақырамын. Жаңаөзендіктерді ақылға және байсал­дылыққа шақырамын. Біз бұл мәселелердің барлығын анық­тайтын боламыз. Жаңаөзен қаласының экономикасын қал­пына келтіру, өртенген нысандарды қал­пына кел­тіру үшін және ең бастысы, аза­маттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мен Конс­ти­туцияға және төтенше жағ­дай туралы заңға сәйкес Жаңаөзен қала­сында төтенше жағ­дай­ды енгізу туралы Жарлық шығарамын. Жар­лық бүгіннен бастап 20 күн күшінде болады. Егер біз оған дейін барлық мәселені анық­та­сақ, ты­ныштық орнаса, ол кез келген уақытта кү­шін жояды.