Жаңаөзендегі қайғылы оқиға ешкімді бейжай қалдырмады. Төтенше оқиғаларда әркезде де кінәсіз адамдар жапа шегетіні белгілі. Мемлекет басшысы тіпті Қауіпсіздік Кеңесі отырысын да өткізді. Аталған мәселеге орай кеше бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарына Қазақстан Республикасы Президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев түсінік берді.
Аталған келеңсіз жағдайдың тура 16 желтоқсанда – Тәуелсіздік күні орын алуы ел тұрғындарын қынжылтқаны айтпаса да түсінікті. Мен бұны әдейі ұйымдастырылған акция деп ойламаймын. Әйтсе де ондай ақпарат та болған. Бірақ кез келген еңбек дауларын, әлеуметтік қақтығыстарды бандиттік элементтерден бөліп қарастыру керек, деді Е.Ертісбаев. Егер де адам өзге бір адамның жанын қиятын болса, онда ол қылмыскер болып шыға келеді. Мұны барлығы да нақты түсінуі тиіс. Ол осы ретте Жаңаөзендегі оқиғаны барлық Қазақстан азаматтары, көп ұлтты Қазақстан халқы кінәлап, Мемлекет басшысымен бірге жапа шеккендердің отбасына қайғырып көңіл айтады деген нық сенімін де ортаға сала кетті. Оның айтуынша, Президент осы қиын уақытта жапа шеккендердің отбасына барынша материалдық көмек көрсетуді жеке өзінің бақылауына алған.
Орын алған қайғылы оқиғаның себебіне тоқталған Президент кеңесшісі оның әлемдік рецессия – қаржы дағдарысынан туындауы мүмкін екендігімен де бөлісе кетті. Өйткені, соңғы екі-үш жылда тіпті дамыған елдердің өзінде жағдай шиеленісе түскен. Үстіміздегі жылдың тамызында Лондонда осындай жағдай болған-ды. Онда да адам өлді. Ашықтан-ашық тонаушылық, бұзақылық, автокөліктер мен ғимараттарды өртеу акцияларына Лондон тұрғындары қатысты. Сол сияқты мұндай оқиға Грекияда да жалғасын тапты. «Дей тұрғанмен, қаржылық дағдарыстың әлеуметтік қақтығыстарды шиеленістіріп жібергені сонша, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы кеңістігіндегі тұрақтылық аралы саналатын Қазақстан Тәуелсіздіктің 20 жылдығын мерекелеу кезінде мұндай жәйттен айналып өте алмады», деді Президенттің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі осы орайда. Қазір Ішкі істер министрлігінің басшылығымен жедел-тергеу тобы құрылып, Бас прокурормен бірге орын алған оқиғаның салдарын мұқият, объективті және транспарентті түрде тергеу жұмыстары басталып кеткен. Осы мәселеге қатысты сөзінде Е.Ертісбаев Мемлекет басшысы тәуелсіз сарапшылардың болуы мүмкіндігін айтқандығын да тілге тиек ете кетті. «Бұл бізді ашық тергеу жүргізбеді деп айыптамау үшін өте маңызды, керісінше, біз оған мүдделіміз. Қайта қылмысты әрекеттердің аты аталып, тергеудің объективті болуына біз мүдделілік танытамыз», деді ол сөзін сабақтай түсіп. Мұндай барынша объективті тергеу не үшін қажет? Оның себебін Елбасы кеңесшісі аталған жәйттер қайталанбауы үшін керектігімен түсіндірді. Сондай-ақ оқиға орын алған жерге арнайы құрылған үкіметтік комиссия баратын болады. Аталған комиссия жағдайдың мән-жайын, орын алу себептерін жан-жақты әрі толық зерттейтін болады.
«Ешқашанда бірнеше айларға созылған еңбек дауларын бейбіт тұрғындар мен құқық қорғау органдарына қол көтерген бандиттік элементтердің қатарына қоюға болмайды», деп сөзін түйіндеген Е.Ертісбаев Мемлекет басшысының барша халықты тәуелсіздік жылдарында қол жеткен тұрақты дамуға, әл-ауқатты арттыруға, бейбітшілік пен тыныштықты сақтауға, ең асыл құндылықтарды сақтауға шақырып отырғандығын да жеткізді. Мен біз осы бағыттан таймайтынымызға нық сенімдімін, деді Президент кеңесшісі. Осы сәтте, еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығы күнінде барлық қазақстандықтардың бұл мәселені өзінің жеке бақылауында ұстап отырған Президент, Ұлт көшбасшысы айналасына жұмыла түсу қажеттігін жете сезінеді, деп атап көрсетті кеңесші. Қазір Жаңаөзендегі жағдайды тұрақтандыру жөнінде шаралар қабылданып отыр. Мемлекет басшысының Жарлығымен алдағы жылғы қаңтардың 5-іне дейін уақытша төтенше жағдай жарияланды. Ертісбаевтың пайымынша, бұл шара өзін ақтауы тиіс. Егер қолында қаруы бар адамдар оны бейбіт тұрғындар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қарсы қолданса, онда мұндай шараны енгізу халықаралық құқықтық нормаға сай келеді. Әлемнің кез келген елінде осындай оқиғалар орын алған кезде мемлекет басындағы адам аталған шараларды жүзеге асыруға толық құқылы.
Сөзінің соңында Е.Ертісбаев кейбір түсінігі таяз адамдардың мағынасыз қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде қаза тапқандардың отбасына жеке өз атынан көңіл айтты.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».