• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Шілде, 2018

Қызылорда облысында жұқпалы аурулар төмендеген

751 рет
көрсетілді

Өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚР ДСМ ҚДСК облыс бойынша департаменті басшысы Ұлболсын Аханаеваның қатысуымен брифинг өтті.

Департамент басшысы облыс тұрғындары арасында күйдіргі, сал, тырысқақ, іш сүзегі, қылау, оба секілді аурулар тіркелмегендігін айтады. Қуанышқа орай, жұқпалы індет көрсеткіші төмендеген. Мәселен, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда жұқпалы аурулардың ішінде лямблиоз – 3,7 есеге, жұқпалы ішек аурулар тобы – 43 процентке, тамақтан улану жағдайлары – 21,4, алғаш анықталған созылмалы вирусты гепатиттер – 6, өкпе туберкулезі, дизентерия, жіті вирусты гепатит С түрі 5 процентке азайған екен.

– Жалпы, өңірде осы жылдың алты айында бірқатар жұқпалы аурулар аурушаңдығы бойынша тұрақты эпидемиологиялық ахуал қалыптасуда. Жыл басынан бері менингококк инфекциясы бойынша 1 ғана жағдай тіркелді. Бұл жағдайға байланысты қоғамдық денсаулық сақтау және облыстық денсаулық сақтау сала мамандары тарапынан кешенді санитариялық-профилактикалық, сондай-ақ, санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шаралар ұйымдастырылып жүргізілді. Бүгінгі таңда облыс тұрғындары арасында аталған инфекция жұқтырған жаңа деректер тіркелмеді. Қазіргі сәтте әрбір аудан аумағында сырқаттанушылық көрсеткіштеріне, эпидемиялық маңызды нысандардың санитариялық жағдайына күнделікті мониторинг жүргізіліп, барлық жағдай бақылауға алынып отыр, – деді Ұлболсын Өмірбайқызы.

Әрине жұқпалы індеттер азайды деп арқаны кеңге салуға болмайды. Бүгінде әуе айналып жүрге түскендей ыстық. Мұндайда кенелердің белсенділігі күшейетіндігі белгілі. Конго-Қырым қанды безгегі сияқты қауіпті дерттен сақтанбаса болмайды. Мамандар табиғи ошақтарды зерттеу кезінде 3852 кененің106-ынан КҚТҚ-ның вирусын анықтаған екен. Бұл, әрине, жақсы дерек емес. Эпидемиологтар санитарлық жұмыстарды күшейтіп жатыр.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы