Жаңаөзен қаласындағы жағдай тұрақтала түскенде деп бастады сөзін алдыңғы күні Бас прокуратурада өткен басқосуда осы құзырлы органның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков 17-ші желтоқсанда Маңғыстау облысында орналасқан Шетпе темір жол бекетінде бір топ адам Маңғышылақ-Ақтөбе бағытындағы №309 жолаушылар пойызының жолын бөгеді. Пойыз ішінде 369 жолаушы болған. Олардың жолын бөгеген адамдар тобы Жаңаөзен қаласындағы жаппай тәртіпсіздіктер қатысушыларын қолдауға шыққандар екен. Бұлардың келеңсіз әрекетінен темір жол қозғалысының қалыпты жұмысы бұзылып, 7 жолаушы және 9 жүк тасымалдау пойыздары тоқтады. Бұл да заңсыздық еді. Оларға заңсыз әрекет етіп тәртіп бұзып жатқандары ескертілген. Бірақ, прокуратура қызметкерлерінің заңды түсіндірулерін қабылдамаған, сөйтіп полиция қызметкерлерінің және жергілікті атқарушы органдардың талаптарына бағынбаған акцияға қатысушылар темір жол желілерін босатудан бас тартқан.
Содан жергілікті билік және құқық қорғау органдары ақсақалдар мен көп балалы аналарды қатыстырып, заңсыз акцияларға қатысушылармен құқыққа қарсы әрекеттерді тоқтату туралы ұзақ келіссөздер жүргізеді. Соның нәтижесінде жолда тұрған адамдардың көпшілігі өз еріктерімен тараған. Бірақ 50-ге жуығы мәселені бейбіт жолмен шешу және сұхбатты басқа кез келген ыңғайлы орында жалғастыру туралы келісімге түбегейлі қарсы шығады. Ақыры жергілікті сағат 20.00 шамасында полиция қызметкерлері темір жолды босату және қылмыстық әрекеттердің жолын кесу үшін тиісті шараларды қолдануға көшеді. Алайда, жағдайды одан әрі ушықтырған біреулер полиция қызметкерлеріне белсенді қарсылық көрсетіп, жүк пойызының тепловозын өртеп, вагондарға жанғыш қоспалары бар бөтелкелер тастаған.
Осы сәтте вокзал маңындағы алаңнан тағы 150-200 адам келіп, полиция қызметкерлерін қоршауға алып, оларды таспен атқылап, жанғыш қоспалары бар бөтелкелерді лақтырған. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін полиция қызметкерлерін әкелген автобустарға да тас пен жанғыш қоспалары бар бөтелкелер жауған. Оған қоса мемлекеттік нөмірі жоқ «УАЗ» автокөлігі бірнеше рет ызғыта келіп, одан белгісіз тұлғалар құқық қорғау органдары қызметкерлеріне оқ атқан. Осы қарулы шабуылдар салдарынан ішкі істер органдарының 5 қызметкері жарақаттанған. Міне, осындай әрекеттерден кейін барып, яғни, бұзақылардың қимылдары бейбіт тұрғындардың және полиция қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына айқын қауіп төндіріп тұрғанын байқаған полицейлер бірнеше рет ескерту амалдарынан соң амалсыздан қару қолдануға мәжбүр болды, дейді Н.Сүйіндіков.
Сонда да болса құқық қорғаушылар тарапынан оқ ату, негізінен әуелі аспанға және бұзақылық жасаушы топтың аяқтарына қарай атылған екен. Соның салдарынан зардап шеккендердің 12-сінің 8-і аяқтарынан жарақаттанған және олардың ішінен 5 адам медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне қайтарылған да, 6-уы ауруханаға жатқызылып, 1-уі қайтыс болған. Осылайша полиция күшімен бұзақылар вокзал маңындағы темір жолдардан және темір жол вокзалы алдындағы алаңнан ығыстырылған.
Қазір Жаңаөзен мен Шетпедегі жағдай тұрақталды, елді-мекен көшелерінде қоғамдық тәртіп, бекет арқылы өтетін пойыздардың қозғалысы қалпына келтірілді. Құқық қорғау органдары қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қою, заңдылық пен құқық тәртібін қолдау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін қажетті барлық шараларды қабылдауды жалғастыруда. Бірінші вице-премьер Ө.Шөкеевтің жетекшілігімен үкіметтік комиссияның, сондай-ақ Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың басшылығымен жедел-тергеу тобының Жаңаөзен қаласында болған жаппай тәртіпсіздіктердің барлық мән-жайларын анықтау жөніндегі жұмыс жүруде. Олар орын алған әлеуметтік-экономикалық, гуманитарлық және басқа да мәселелерді шұғыл шешуге кірісті. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев Ақтауға келе салысымен әуежайда кеңес өткізіп, жергілікті билік өкілдерімен жұмыс жоспарын талқылап, алда тұрған мақсаттарды белгіледі. Іс барысын тиімді ұйымдастыру үшін комиссия бірнеше топтарға бөлінді. Олардың әрқайсысы белгіленген нақты бағыт бойынша жұмыс істеуде. Жаңаөзен қаласына келген комиссия мүшелері бірінші кезекте қираған ғимараттарды аралап көрді. 46 нысан толықтай немесе ішінара бүлінген. Олардың басым бөлігі дүкендер мен сауда үйлері. Алдағы уақытта комиссия келтірілген шығындардың көлемін анықтайтын болады. Осыған орай комиссия жетекшісі Өмірзақ Шөкеев барлық азаматтар халық арасындағы тыныштық пен тұрақтылықтың басты құндылық екенін түсінуі қажет, деп атап өтті.
* * *
Кеше Жаңаөзен қаласындағы жедел жағдай қалыпты және құқық қорғау органдарының бақылауында тұр, деп хабарлады Бас прокуратураның ресми өкілі. Жаңаөзен қаласында және Шетпе кентінде өткен тәулік ішінде бірде бір қылмыс жасау дерегі тіркелмеген. Тек өткен яғни желтоқсанның 19-нан 20-на қараған түні Жаңаөзен қаласында тәртіп сағатын бұзғаны үшін комендатураға 3 адам жеткізіліп, түсіндіру жүргізгіленнен кейін үйлеріне жіберілген.
Қару, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар және ұрланған заттарды табу мақсатында үйлердің жер төлелері мен шатырларын тексеру жүргізілуде. Бүгінде 90-нан аса үй тексеріліп, олардың кейбіреулерінен жанғыш қоспасы бар канистрлер, ұрланған заттар табылған. Жаңаөзен қаласындағы жаппай тәртіпсіздіктер нәтижесінде қаза болғандардың нақты саны анықталды, олар бұрын хабарланғандай, 14 адам. Олардың жеке бастарын анықтау жөніндегі жұмыс аяқталды.
Ресми өкіл жаппай қантөгіс туралы өсектердің ешқандай негізі жоқ, анық жалған ақпарат екендігін және арандату мақсатында таратылып жатқанын тағы да атап өтеміз, деді. Жаңаөзен қаласындағы төтенше жағдай режімі кезінде құқық қорғау органдарының бірде бір рет қару пайдалану фактісіне жол берілген жоқ. Дегенмен, бірнеше қайталанған тексерілмеген ақпаратты жариялаудан бастарту жөніндегі прокуратураның үндеуіне қарамастан, нақты мәліметтермен және мемлекеттік органдардың ресми хабарларымен қуатталмаған әртүрлі ақпараттарды жариялау жалғасуда. Мәселен, бұқаралық ақпарат құралдары Жаңаөзен қаласындағы жаппай тәртіпсіздіктер барысында Ингушетияның тұрғыны Жанболат Тангиевтің мерт болғаны туралы хабарлаған. Алайда, жүргізілген тексеру Жанболат Тангиев аман-сау және Ақтау қаласында екендігін көрсетті. Біздің қызметкерлермен кездесу барысында ол Жаңаөзен қаласындағы жаппай тәртіпсіздіктерге қатыспағандығын хабарлады. Осындай жалған ақпаратты жариялау Тангиевтің Ингушетияда тұратын туған-туысқандары мен жақындарына үлкен алаңдаушылық туғызды, дейді Н. Сүйіндіков.
Александр ТАСБОЛАТОВ.