• RUB:
    5.22
  • USD:
    479.44
  • EUR:
    523.69
Басты сайтқа өту
Қазақстан 30 Шілде, 2018

Үздік тауар өндірушілер анықталды

440 рет
көрсетілді

Таяуда Астанада дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Қазақстанның үздік тауарлары» байқау-көрмесі өтті. 

Байқауға елордалық 72 компания қатысып, олардың ішінде «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша 22 компания, «Халыққа арналған үздік тауар» аталымы бо­йынша 36 компания, «Үздік азық-түлік тауар» аталымы бойынша 14 компания өзара бақ сынасты. Отандық тауар өндірушілердің ішінде үздігін анықтау үшін Астана қаласының кәсіпкерлер палатасы, Астана қаласы қоғамдық денсаулықты қорғау департаменті, Ұлттық сараптау мен сертификаттау және санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталықтарының білікті мамандарынан құралған комиссия жұмыс істеді. Шараны ұйымдастырудағы негізгі мақсат – отандық тауар өнді­рушілерінің өзара тәжірибе алмасып, бәсекеге қабілеттілігін шыңдауға ықпал ету.

Астана қаласы өңірлік кә­сіп­керлер палатасының директоры Ален Түлкібаевтың айтуынша, аталған шараның жылдан-жылға маңыздылығы артып келеді. Осындай көрме-байқаулар ұйымдастыру халық арасында отандық өнімдерге сұраныстың артуына оң ықпал етпек. Байқау қорытындысы бо­йынша 9 кәсіпорын үздік деп танылып, диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Олардың арасында азық-түлік өндіретін, құрылыс заттарын шығаратын және IT тауарларды нарыққа ұсынатын серіктестіктер бар. Елордалық кәсіпорындардың тұтынушылар сұра­нысын өтеуге қабілеті де, әлеуеті де жет­­кілікті. Бас қаладағы кәсіпорындар тауар­ларға деген тапсырыстың 40 процентін өтеп отыр.

Бүгінде Қазақстанның 12 өңірінде «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауының қорытындысы жарияланып, 108 жеңімпаз анықталған. Аталған шара алдағы уақытта еліміздің қалған өңірлерінде жалғасын таппақ. Әр өңірден топ жарған үздік кәсіпорындар күзде өтетін «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауында өзара бақ сынасатын болады.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»