Облыс делегациясының құрамында Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың республика Тәуелсіздігінің жиырма жылдығына арналған сөзін тікелей тыңдадым. Жүректен шыққан сөз ғана жүрекке жетеді дегендей, Елбасының тәуелсіздіктің қадір-қасиеті және оны одан әрі нығайту жөнінде барша қазақстандықтарға арнаған шынайы тілегі мен лебізі бәрімізді толқытты. Мемлекет басшысы өзінің сөзінде елдің басты байлығы бірлік екеніне бірнеше рет тоқталды. Жаратушы егемен ел халқының иығына орасан зор жүк пен ауыртпалық салғанын айта келіп, оны бірге сезінуді жаны қалайтынын жеткізді.
Сөз жоқ, тәуелсіздік бәріміздің баға жетпес құндылығымыз болып табылады. Оны көздің қарашығындай қорғай білудің де орны ерекше. Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайта түсу оған қол жеткізуден бір мысқал кем түспейтін аса жауапты іс деп тұжырым жасағым келеді. Бұл ретте Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзінде тәуелсіздіктің ең басты жетістігі және оны нығайтудың басты шарты – халықтар бірлігі екенін атап көрсетті. Бұл құндылық Қазақстан дамуының кез келген сатысында айрықша маңызға ие болмақ, деп шегелей түсті одан әрі Елбасы.
Салтанатты жиындағы сөзін қорытындылай келе Мемлекет басшысы оған қатысушылардың назарын тәуелсіздіктің жалғыз тірегі – бірлік екеніне тағы да аударды. Өз басым Тәуелсіздік сарайында Президенттің кез келген қазақстандықтың жүрегінің түкпіріндегі ойды дөп басатынына тәнті болып отырдым. Әсіресе Нұрсұлтан Әбішұлының Отанымыз – ортақ, тілегіміз – бір, мақсатымыз – айқын деген сөздері бәрімізді әжептәуір қанаттандырып тастады.
Біз, Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері осынау ойлы сөздердің арғы астарынан мемлекет құраушы ұлттың төңірегіне тығыз топтаса түсу қажеттілігін де сезінгендей болдық. Тек сонда ғана жері жұмақ, елі бақытты Отанымыздың күш-қуаты, экономикасы мен мәдениеті, ырысы мен несібесі одан әрі арта бермек. Тәуелсіздіктің жиырма жылдығына арналған салтанатты жиында Ұлт көшбасшысы атап көрсеткендей, ортақ отанымыз Қазақстанның одан әрі дамуына үлесімізді қосу бәріміздің ортақ міндетіміз болып қала бермек.
Елбасы бүгінде этностар арасындағы жарасымның бірегей үлгісіне айнала білген Қазақстан халқы Ассамблеясын құруға бастамашы болды. Бүгінде бұл үйлесім мен тәжірибеге әлемнің көптеген елдері назар аударып отыр. Айтайын дегенім, Ассамблея өзі құрылған күннен ел бірлігін нығайту мен ұлтаралық қарым-қатынастарды тереңдетуге ықпал жасап келеді. Біз мұны да тәуелсіздікпен бірге келген тамаша құндылық деп тани аламыз.
Ольга ДЕРГАЧЕВА, Орал қаласындағы еврей этномәдени бірлестігінің төрайымы.
Орал.