Еуразия құрлығындағы соңғы үлгіде салынған ірі терминалдардың біріне айналған астаналық әуежайда тәулігіне 160-қа дейін ұшақтардың ұшу және қону сапарлары орындалады, сағатына 2500 жолаушыға қызмет көрсетеді. Былтыр халықаралық әуежай 4 миллионнан аса жолаушыға қызмет көрсетіпті.
Алайда келіп-кетушілерге қатысты көрсеткіштер көрім болғанымен, көпшілік орындарда көзге көріне бермейтін көкейкесті мәселелер де орын алып жатады. Бұл әрине жолаушылардың жаңа жүйеге бірден дағдыланбауымен де байланысты болуы мүмкін. Айталық, әуежай алдындағы автотұраққа бұрын алғашқы 30 минутқа тоқтау тегін болса, қазір бұл жеңілдік алынып тасталды.
Арнайы жолақтарда 15 минутқа дейін тұрақтау ғана тегін. Яғни көлік иесі тұраққа кірген сәттен бастап 10 сағатқа дейін сағатына 100 теңге төлейтін болады. 10-шы сағаттан бастап, 24 сағатқа дейін 1000 теңге төлеуі тиіс. Келесі әрбір тәулігі – 500 теңгеден. Бірақ жуырда әуежайға барғанымызда бұл жаңашылдық көлік кептелісін тудырып, жүргізушілердің мазасын қашырғанын байқадық.
Әуежайға кіретін көліктер Қабанбай көшесі арқылы 4 бекеттен өтсе, көліктердің шығуы үшін 5 шлагбаум қойылған. Мәселенің бәрі шыға беріске қойылған бес бекеттің айналасында орын алып жатқан сыңайлы. Әуежай алдындағы көлік кептелісі көптеген жүргізушілердің наразылығын тудыруда. Кейбірі бұл жердегі белгілердің түсініксіз қойылғандығын айтса, кейбірі жаңа жүйенің тетіктері дұрыс жетілдірілмегеніне шағымдануда. Айталық 15 минутта шығып кетуге болатын жерден ұшақ кешігіп, одан түсетін жолаушы кешігуі мүмкін. Нәтижесінде қонағын күтіп алуға келген көлік жүргізушісі әуе компаниясының қателігі үшін көпе-көрінеу 1000 теңгеге шығынданады. Сондай-ақ кейбірі көлік кептелісінде тұрып-ақ 15 минутын өткізіп алғандықтарына наразы. Кейбірі қалтасынан ұсақ тиын таппай дал болып қалғандықтарын жасырмайды.
«Жалпы тұраққа көлік қою бағасы 10 сағатқа дейін 100 теңге болады, 10 сағаттан 24 сағатқа дейін 1000 теңге деп белгіленген. Бірақ тегін шығып кететін жолақта тұрып қалып, 15 минуты өтіп кеткен көлік жүргізушісі 100 теңге емес, 1000 теңге төлеуге міндетті. Бұл – әділетсіздік», дейді астаналық тұрғын Бекзат Мырзахмет.
Негізінен әуежай аумағындағы көлік қоятын орындардың тәртібіне сүйенсек, арнайы жолақ Т1 және Т2 терминалдарына жақын орналасқан және төрт жолақтан тұрады. Екеуі автокөліктердің қозғалысына, ал қалған екеуі жолаушылардың мініп-түсуіне арналған. Көлік қоятын орындардың ақысын төлеу ыңғайлы болуы үшін, арнайы жолақтан шығатын жерге үш паркомат қойылған. Тағы екі паркомат Т1 және Т2 терминалдарының маңайында тұр. Бұдан бөлек әуежай паркингінің бірінші қабатында арнайы касса бар. Сонымен қатар аумақтағы автокөліктердің қозғалысын реттеу үшін диспетчер-қызметкерлерге жүгінуге болады.
Автокөлік пен автотұрақ иелерінің арасында тарифтердің бұлайша өзгеруіне байланысты туған дауға «Astana LRT» ЖШС жаңа шарттар туралы бір ай бұрын хабарланғанын алға тартады.
«28 маусым күні біз хабарландыру тараттық. Көлік қоятын орынға кіретін жерде тарифтер көрсетіліп, шлагбаумға жақындаған әр адам онымен таныса алатындай мүмкіндік болды. Сонымен қатар әуежай маңайындағы тегін тұрақтар мен тарифтердің өзгергендігін хабарлау үшін арнайы қызметкерлерді де қойдық. Арнайы жолақтарды қоюдан кірісіміз жоғарыламады. Керісінше төмендеп отыр. Себебі тарифтер 300 теңгеден 100 теңгеге дейін арзандады. Соңғы екі күннің мәліметі бойынша, кіріс 20-30%-ке қысқарған. Жалпы болжамға сүйенсек, айналым бұрынғы деңгейде қалады. Сегіз сағаттық бақылау нәтижесінде автотұраққа 5000 көлік құралы кірсе, 700-ге тарта көлік арнайы жолаққа тоқтаған. Бұл – бірінші күннің нәтижесі», дейді «Astana LRT» ЖШС көлік қоятын орындарды басқару бойынша департаментінің директоры Николай Антипов.
Көлік жүргізушілері бұдан былай тегін автотұрақ жоқ екенін ескергені жөн. Жалпы мұндай тариф пен бағаны қоюда халықаралық тәжірибелер ескерілгенін айта кетелік. Еуропа елдерінде тегін көлік тұрағы жоқ. Ал ТМД елдерінде Киев әуежайында 10 минут, Мәскеудің Шереметьево және Домодедова әуежайларында 15 минут тегін беріледі. Бұл өзгерістер аталған орындарда көлік кептелісінің болмауы үшін жасалып отыр.
«Тәжірибеге сүйенсек, жолаушылар аталған орындарда көліктерін ұшаққа отырғызу алаңына барынша жақын қалдыруға тырысады. Бірақ негізінде бұл үшін арнайы жолақтар салынған. Ал жалпы көлік қоятын орындарға арнайы тарифтер бекітілген. Бұл азаматтардың Астана аумағынан ұзақ мерзімге сапар шегуіне әрі көлігін алаңсыз қалдырып кетуіне жағдай жасайды, екі тәулік уақыт ішінде шамамен 2500 теңге, ал келесі тәуліктердің әрқайсысына 500 теңгеден жұмсалады. Болашақта біз аталған тарифтерді жеңілдету үшін барлық шараны қарастырамыз. Әлемдік тәжірибеде, мысалы, Мәскеу, Дубай сынды қалалардың әуежайларында да арнайы жолақтар бар. Бірақ олармен салыстыратын болсақ, біздегі көлікті тегін қалдыру уақыты 15 минутты, ал басқа мемлекеттерде 7 минутты құрайды», дейді Н.Антипов.
Бұрын әуежайдың көлік қоятын орындарында алғашқы жарты сағат тегін еді. Арнайы тіркелместен жолаушыларды тасумен айналысатын такси қызметіне тосқауыл қою үшін компания бұл ережеден бас тартқан. «Astana LRT» компаниясының айтуынша, көлік қоятын орындарда тәртіпсіздік көп кездеседі. Адамдар тыйым салынған орындарда көліктерін қалдырып, кептеліс тудырады.
Азаматтар бұл жердің көлік қоятын орын екендігін және мұнда жол қозғалысының арнайы ережелері бар екендігін сезінуі қажет әрі сол ережелерге бағынуға тиісті. Сонымен қатар әуежайдың аумағында заңсыз жолаушы тасымалы да орын алып жатады. Бірінші жолақта арнайы таксилер орналастырылған және жолаушылар солардың қызметіне жүгінуі тиіс. Алайда жарты сағат тегін тұрақтауға болатындығын пайдаланған заңсыз тасымалдаушылар тұрғындар үшін де, көлік қоятын орындардың қызметі үшін де қиындық туғызады.
Бұл жағдайды одан сайын ушықтырып, заңсыз тасымалдаушы таксилер әр 15 минут сайын келіп-кетіп отырмай ма деген сұрағымызға департамент директоры «Бұл үшін жүйеде арнайы қызмет қарастырылған. Яғни бір адам көлік қоятын орынға кірсе, оның 15 минут тегін уақыты болады, бірақ ол аймаққа бір сағаттың ішінде тек үш рет кіре алады. Егер бір адам көлік қоятын орынға келуін жиілетсе, жүйе оны қара тізімге енгізеді де, ол үшін алаңдардың есігі жабылады» деп жауап берді. Сондай-ақ әуежайдың көлік қоятын орнына кіріп, ақысын төлеуден бас тартқан жағдайда көлік үшін «қара тізім» қарастырылған.
Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы келтірген мәліметтерге сүйенсек, 2018 жылғы қаңтар-маусым айларында 2 млн 145 мың 154 жолаушыға қызмет көрсеткен. Осыншама жолаушы әуе арқылы қатынап жатқан болса, оларды қарсы алып, шығарып салушылардың саны да көп болмаса аз емес екені анық.
Соған байланысты «Astana LRT» ЖШС көлік қоятын орындарды басқару бойынша департаментінің баспасөз қызметіне хабарласып, көлік тұрағынан түсетін қаржының қайда жұмсалатындығын сұраған болатынбыз. Компания өкілі Науат Азанбаеваның айтуынша, кәсіпорын одан түскен қаражатқа қыста әуежай алаңындағы қарды тазалауға, техникаларды жаңартуға, жарықтандыру қызметіне жұмсап, сонымен қатар жол белгілерін орнатып, күзетшілердің жалақысын төлеуді қарастырады.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»