Төрткүл дүниені түгел мойындатқан Астана қаласы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық торқалы тойы өтіп жатқанда тағы да бір үлкен жетістікке жетті. 2011 жылдың 19 желтоқсанында Брюссель қаласында орналасқан Еуропалық сапа менеджменті қорының штаб-пәтерінде Астана қаласы муниципалитетіне (әкімдігіне) «Танылған Жетістік» сертификатын тапсыру рәсімі болып өтті.
Осы рәсім барысында ЕFQM-нің бас директоры Пьер Каше Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Қожағапановқа салтанатты жағдайда аталмыш сертификатты тапсырды. Ол өз сөзінде ЕFQM-нің «Танылған Жетістік» атты сертификаты Қазақстан елордасы әкімдігінің Еуропада кеңінен танылған басқару сапасының стандарттарына сай жұмыс жүргізу жөніндегі ұмтылысын айғақтайды деп атап көрсетті.
Сөйтіп, Астана қаласының әкімдігі Қазақстан Республикасында Еуропалық сапа менеджменті қорының сертификатына ие болған бірінші мемлекеттік орган болып танылды. Астана әкімдегі халықаралық беделді қордың осындай жоғары бағасына ие болған төртінші муниципалитет болып отыр. Дәстүр бойынша, ЕFQM сертификатына коммерциялық кәсіпорындар ие болатын. Алайда соңғы жылдары ЕFQM іскерлік жетістіктерінің моделін айқындау мақсатында бұл сертификатты бұқаралық секторларға, оның ішінде мемлекеттік басқару саласына да бере бастады. 2008 жылы ЕFQM сертификатына түріктің Бурса қаласы, 2011 жылы Польшаның Джержониов, 2011 жылы Испанияның Киудад қалалары ие болған болатын.
Сертификат тапсыру салтанатында Астана әкімдігінің ЕFQM-нің еуропалық алдыңғы қатарлы ұйымдар реестріне кіргендігі атап көрсетілді. Өз кезегінде бұл қаланың имиджін арттыруға ықпал ететіндігі даусыз.
«Біз үшін соңғы жылдары әкім аппаратына Жетістіктің іргелі тұжырымдамаларын, Жетістік өлшемдерін, сонымен бірге РАДАР өз-өзіне баға беру тетіктерін, мемлекеттік орган еңбеккерлерінің қызметіне баға беру жұмысын енгіздік», деді рәсімде сөйлеген сөзінде Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Қожағапанов. Оның айтуынша, ЕFQM тарапынан жүргізілген тәуелсіз баға беру жүйесі қала әкімдігіне өз жұмысына сын көзбен қарай отырып, жұмыстың күшті және жетілдіруді қажет ететін әлсіз тұстарын анықтауға мүмкіндік берген. Сонымен бірге, ішкі резервтерді ескере келіп, басқару тиімділігін жетілдіріп, мүдделі барлық тараптардың сұранымын қанағаттандыратын қызметті дамытуға жол ашқан.
Астана қаласы әкімдігінің сапа менеджменті бағасын анықтауға ЕFQM мүшелері, асессорлар Тадеуш Бучаш, Андриано Ручини, Азат Абдархманов, Олег Кайназаров қатысқан. Олар Қазақстан елордасы әкімі аппаратының және оның 11 қалалық басқармалары мен құрылымдарының жұмысын жан-жақты зерттеп, сараптаудан өткізді. Бұл сараптаулар Қор әдістемесінде белгіленген 9 критерий бойынша жүргізілді. Олар: көшбасшылық, стратегия, персоналдар, әріптестік және ресурстар; үдерістер, өнімдер және қызмет көрсету; тұтынушылар үшін жетістік, қызметкерлер үшін жетістік, қоғам үшін жетістік; шешуші қорытындылар.
Еуропалық сапа менеджменті қорының «Танылған Жетістік» сертификатының берілуі – Астана қаласы әкімдігінің қала тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатындағы жүйелі де табанды жүргізілген жұмысының жемісі. Қала әкімдігі алдағы уақытта осы жетістік игілігін нығайта отырып, биік белестерден көріне бермек.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.