• RUB:
    5.22
  • USD:
    479.44
  • EUR:
    523.69
Басты сайтқа өту
Қазақстан 30 Шілде, 2018

ШҚО: Күршім ауданында бір үйдің үш адамы Ертіске ағып кетті

922 рет
көрсетілді

Соңғы күндері Шығыс Қазақстанда суға кету оқиғалары жиілеп кетті. Әсіресе жексенбі күні Күршім ауданының Боран ауылында бір үйдің үш адамының тілсіз жаудың құрбанына айналғаны жұрттың төбе шашын тік тұрғызғаны рас.

Оқиға былай болған екен. Осы ауылдың 36 жастағы имамының 8 жасар ұлы Қара Ертіске шомылып жүріп, өзеннің қатты ағысына төтеп бере алмай қалады. Жағада тұрған әкесі мен 19 жастағы ағасы оны құтқармақ болып жанұшыра суға секіргенімен асау өзен ырық бермей, үшеуін де ала жөнелген көрінеді. Осылайша бір үйдің үш бірдей мүшесін қас қағым сәтте буырқанған өзен ағызып әкетеді.

Қазір жергілікті тұрғындар мен құтқарушылар тобы имам мен оның ұлдарының денесін іздестіруде. «Өзеннің ағысы қатты әрі су деңгейі жоғары болып тұр. Кейбір тұстарында иірімдер бар. Су астында шұңқырлар да жоқ емес. Шығыс өңірлік аэромобильді жедел-құтқару жасағының құтқарушылары моторлы қайықпен іздестіру жұмыстарын жүргізуде», - дейді Шығыс өңірлік аэромобильді жедел-құтқару жасағының 9 бөлімшесінің бастығы Талғат Нұржанов.

Іздестіру жұмыстары өзен жағасында да жалғасуда. Бұған сол ауылдың 80 адамы мен 11 қайық жұмылдырылыпты.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі Шығыс өңірлік аэромобильді жедел-құтқару жасағының 9 бөлімшесінің тағы бір тобы осыдан 10 күн бұрын Зайсан көлінде балық аулап жүріп жоғалып кеткен екі адамды да іздестіріп жатқанын хабарлады. Сонымен қатар Үржар ауданы аумағындағы Сасықкөл көлінде де бір балықшы іздестіріліп жатқан көрінеді.

Тағы бір қайғылы оқиға Ұлан ауданының Бозанбай ауылында тіркеліпті. Ата-анасының қарауынсыз қалған 1 жастағы бала 20 литр суға батып кетіпті. «Осы ауылға жақында ғана көшіп келген жас отбасы үй шаруасымен есі шығып жүріп, баланы естерінен шығарып алған. Бір жастағы бала аулада тұрған суға толы ыдыспен ойнағысы келді ме, әлде су ішкісі келді ме, әйтеуір аңдаусызда суға құлап кеткен», - делінген Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы