Жақында редакцияға хабарласқан Қ.Арманбаева атты азамат өзінің еңбек кітапшасының даулы болған парағын жіберіп, төмендегі мән-жайды түсіндіріп беруді сұрады. Онда еңбек парақшасының 5 жазбасында хат жолдаушы 24.05.1989 жылы Алматы «Құрылыс» бірлестігіне қаржыгер болып қабылданған екен. Ал ол жұмыстан 10.06.1993 жылы өз еркімен босаған. Бірақ осы жылдар аралығында, яғни 1991 жылы Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялағаны белгілі. Міне, осыны желеу еткен Зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі: «Сіз 10.06.1993 жылы жұмыстан шыққанда параққа бұрынғы, яғни ескі мөр басылған, сондықтан бұл үш жыл сіздің зейнетақы жылдарыңызға енбейді», депті. Мұндай жағдайда мен не істеуім керек деп сұрайды хат иесі. Жалпы, мұндай сипаттағы мәселелердің көптеген адамдарды толғандырып жүргені де рас. Сондықтан біз бұл жағдайда не істеу қажеттігін білу үшін адвокат Сейфулла ШЫҢҒЫСҚА жолығып, заңгерлік кеңес беруін сұрадық.
– Қазақстан Республикасының бұрынғы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы «Еңбек кітапшаларының нысанын, оларды жүргізу және сақтау қағидаларын бекіту туралы» № 929 бұйрығының 11-тармағында: «Еңбек кітапшасында қызметкердің еңбек қызметі туралы жаңсақ немесе нақты емес жазбалар анықталған жағдайда, өзгерістерді тиісті жазбаны енгізген жұмыс беруші жүзеге асырады», деп жазылған. Оған қоса 12-тармағында: «Егер жаңсақ немесе нақты емес жазбаларды енгізген жұмыс беруші – заңды тұлға қайта ұйымдастырылса, өзгерістерді оның құқықтық мирасқоры енгізеді», деп тайға таңба басқандай көрсеткен.
Демек, Қ.Арманбаеваға осы бұйрықтың негізінде, алдымен, 1989-1993 жылдар аралығында жұмыс жасап кеткен мекеменің құқықтық мирасқорын табу керек. Яғни атауы басқа мемлекеттік орган. Егер ол мекеменің құқықтық мирасқорлары анықталмаған жағдайда сотқа еңбек өтілін есептеу үшін белгілі бір кәсіпорында немесе басқа тұлғада жұмыс істеу фактісін анықтау туралы арызбен жүгінуге құқығы бар. Талап арызға еңбек кітапшасынан бөлек, мемлекеттік мұрағаттың анықтамасы, зейнетақы тағайындайтын мекеменің ресми жауабы, жұмыс орнынан алған марапаттау қағаздар және басқа да құжаттарды тіркеу қажет, сонымен қатар сол уақытта бірге жұмыс істеген әріптестерді куә ретінде сотқа шақыруға болады. Сот шешімімен бұл кісінің сол мемлекеттік мекемеде жұмыс жасағандығын анықтап берген жағдайда, зейнетақы тағайындайтын мекеме заңдық күшіне енген сот шешімінің негізінде есепке алынбай қалған жылдарды еңбек өтіліне жатқызады.
Жазып алған
Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»