Қазақтың кең байтақ жерінің асты Менделеев кестесі түгел табылатын кенімен ғана емес, ежелгі бабаларымыздың өркениетіне куә қазыналарымен де бай ғой, шіркін! «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің Қостанайға төрт күнге келген көрмесі осының дәлеліндей.
Көрме ежелгі Тараздың шеберлері алтыннан жасаған әшекейлерімен қатар көне қаланың орта ғасырлардағы өркениетінен де мол хабар береді. 2000 жылдан аса тарихы бар бүгінгі Тараз қаласы жалғыз емес. Қорық-музей қарауына енген 30 тарихи-мәдени ескерткіштің ішінде 5 археологиялық қалашық – Ақыртас, Құлан, Баласағұн, Өрнек, Қостөбе халықаралық дәрежеде, яғни ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген. Республикалық дәрежедегі 25 ескерткіштің қатарындағы Айша бибі, Бабаджа Хатун, Қарахан баба, Тектұрмас, Дәуітбек кесенелері бүгінге жеткен Тараздың інжу-маржаны саналады. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын негізге алған тараздық музей қызметкерлері Мемлекеттік «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің құрылғанына 20 жыл толуына орай халқымыздың тарихи қазыналарын елге көрсетуге сапарға шығыпты.
– Археологиялық қазба зерттеулерінің арқасында Тараз қаласынан үш мыңнан аса тарихи мәні жоғары құнды жәдігерлер табылды. Солардың 266 түрін алып келдік. Қостанайлықтар Түргештер заманында соғылған күміс, қола теңгелерді, сауда-саттық барысында келген қытайлық теңгелер мен бұйымдарды, Қарлұқ қағанатының әшекей бұйымдары мен тұрмыстық заттарын, Қарахандар дәуірінің мәдениетінен сыр шертетін күміс пен қоладан жасалған бақыр теңгелерді, бүтіндей көмбе күйінде табылған әйел адамның алтын, күміс әшекейлерін, Үйсін дәуіріне жататын қола айна мен шаш түйреуіштерді, тағы басқа құнды жәдігерлерді төрт күн тамашалады, – дейді қорық-музей қорының бас сақтаушысы Анна Крокошева. Қостанайлықтарды көне қала көрмесінде алтын әшекейлермен бірге ежелгі қалалардан жеткен су құбыры қызықтырды. Қыштан мінсіз етіп құйылған құбырлар қазақ даласындағы жоғары өркениеттің болғандығына көрерменнің көзін жеткізеді.
– Даламыздағы ежелгі қалалар мәдение- ті қалай керемет болған десеңізші! Мені қыш құбыр таң қалдырды. Айша бибі кесенесінен алынған оюлы тақталар орта ғасырлардағы қалаларда құрылыстың дамығанынан хабар береді. Айша бибі туралы аңыз да халқымыздың рухани байлығына жатады. Қысқасы, көрмеден жан дүнием байып шықтым, – деді Қостанай қаласының тұрғыны Әсем Жақыпова.
Көне Тараз қазыналары қостанайлықтарды таңдандырумен бірге, олардың мақтаныш сезімін де туғызды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ