Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Сібір Миссиясы – 2018» экспедициясының қатысушылары мен Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері кездесті. Аталған экспедицияны Литваның «Яунемс» қайырымдылық қоры ұйымдастырды.
«Сібір Миссиясы» – Литва Республикасы билігінің тарапынан қолдау тауып, 2006 жылдан бері іске асырылып келе жатқан жоба. Жоба шеңберінде жастардан құралған экспедиция жер аударылған литвалықтардың зираттарына барады. Сондай-ақ жергілікті литвалықтар немесе олардың ұрпақтарымен кездеседі. Миссия мүшелері жыл сайын әлем бойынша депортацияланған литвалықтардың қабірлерін аралап, мәліметтер жинақтайды.
Литва халқының тарихын сақтау, Литва мен Қазақстанның ортақ тарихын түсіну, алған әсерлерін Литва жұртшылығымен бөлісу, сондай-ақ Литва мен Қазақстан арасындағы мәдени байланысты нығайту мақсатындағы экспедиция елімізге 19 шілдеде келген болатын. Экспедицияға қатысушылар литвалықтардың Қарағанды облысындағы зираттарына барып, өңірде тұратын қандастарымен кездесті. Жер аударылған литвалықтардың қабірлерін жөндеумен айналысты. Экспедиция мүшелері 10 күннің ішінде Қарағанды, Жезқазған және Балқаш өңірлерін аралап үлгерген. Енді, міне, Астанадағы ұлттық кітапханада сапар қорытындысын жариялады.
Айтуларынша, кезінде елімізге жер аударылған литвалықтар туралы ақпараттарды түгендеп, олардың ұрпақтарымен кездескен. Ал қиын-қыстау кезеңде Қазақстанға Литвадан 50 мыңнан аса адам келген. Иә, 1941 жылдың маусымындағы көтерілістен кейін Қазақстанға мәжбүрлеп қоныс аударған литвалықтар көп. Сапар барысында солардың 200-іне қатысты ақпарат нақтыланып, тың деректер табылған.
Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»