• RUB:
    5.31
  • USD:
    479.03
  • EUR:
    523.39
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Тамыз, 2018

Атырауда аула клубтары көбейді

605 рет
көрсетілді

Балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруда лагерьдің орны бөлек. Биыл атыраулық балалар қаладағы «Бесікті», Махамбет ау­данындағы «Арай», Индер ауда­нын­дағы «Жас өркен» және Ресей­дің Железноводск қаласындағы «Қазақ­стан геологы» пансионатында демалып жатыр.

«Өткен жылы 100 мыңнан астам оқушы жазғы дема­лыста лагерьмен қамтылды. Италияда 40 бала, Көкшетау мен Қапшағайда, Алматыда 48 649 бала демалды. Биыл да облыс әкімдігінің қолдауымен осы жұмыстар жалғасын тапты», дейді облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы Алмагүл Қайырлиева. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 597 млн теңге бөлінген, оның жартысынан астамы «Арай» лагерін күрделі жөндеуге жұмсалды. Енді «Тұлпар» лагеріне жөндеу жұмыстары басталады.  Қала сыртындағы демалыс орын­дарынан бөлек облыстағы 149 білім беру ұйымында мектеп лагерь­ле­рі ашылды. «Теңіз­шев­ройл» ком­паниясының де­меу­шілігімен жо­ға­ры сыныпта оқитын дарынды ба­ла­ларға арналған Новосібір жазғы физика-математика мектебінің жұмысы ұйымдастырылып отыр.  Лагерьге бармаған балалар үшін де демалысты көңілді өткізуге мүм­кіндік бар. Мысалы, «Нұр белес» қоғамдық бірлестігі «Жеті қазына» аула клубын қолға алды. «Жеті қа­зына», «Бейбарыс», «Хиуаз», «Дос­­тық» аула клубтары облыс орта­лы­­ғындағы төрт шағын ауданда жұ­мыс істейді.  Облыстық жастар саясаты мәсе­ле­лері басқармасының басшысы Роллан Құспанның айтуынша, аула клубтары – балалар мен жас­өспірімдердің бас қосатын, шы­ғар­­машылық идеяларын жүзеге асы­ратын және бос уақыттарын тиім­ді өткізетін орын, клубтар ашыл­ғалы бері қызығушылық танытып, үйірмелерге жазылып жатқан балалардың да қатары көп. Дүйсенбі-сенбі аралығында таңертеңгі сағат 9.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейтін аула клубтарында 7-29 жас аралығындағы балалар мен жастар ағылшын тілі, домбыра, өлкетану, жас эколог, қолөнер, үстел теннисі, шахмат, дойбы, драма үйірмелеріне тегін қатыса алады.

Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан»