Жаңаөзеннен жеткен суыт хабарды естігенде көңілімізді алаң кернегенін жасырып қайтейік. Өмір жолын жаңа бастаған жастардың әлдекімнің арбауына түсіп, азғырғанына еріп тағдырларын ойран еткені өкінішті. Ондай азғырушылардың, тыныштығымыздың шынысын шытынатқан бүлікті ұйымдастырушылардың бар екендігі де тайға таңба басқандай айқын.
Тәуелсіз күн кешкен 20 жылдың ішінде еліміздің үлкен жетістіктерге жеткендігі, өз тізгінін қолына алып, дербес саясат жүргізіп отырғандығы бүгінде баршаға аян ақиқат. Мұндай жетістіктерге жеткенімізге сүйінетін достарымыз да жеткілікті, көре алмай отырған мысықтілеулі қастарымыз да жоқ емес. Ондайлар егемен еліміз ешқашан аяғынан нық тұра алмаса, тәуелділіктен арылмаса екен деген тілеуде. Жаңаөзендегі жастардың сондайлардың отына май құйып, қолжаулығына айналғанына жаным күйеді.
Әрине, бұл жерде еңбек дауы да орын алды. Бірақ мұндай дауды шешудің де заңды жолдары бар емес пе? Дүкендер мен банкоматтарды тонап, автокөліктер мен мерекеге тігілген киіз үйлерді өртеу, сөйтіп азаматтардың тыныштығына қатер төндіру ешқандай қисынға сыймайды. Соның салдарынан бала-шағасын асырап, бейбіт тірлік кешіп отырған қаншама қарапайым азаматтар зардап шекті. Мұның аты – қылмыс. Менің ойымша, ең алдымен сол қылмысты ұйымдастырушылар қатаң жазалануы тиіс.
Өмір адамға бір-ақ рет беріледі. Ойланбай істеген ісіңнен опық жеп, тағдырыңды талқан етуің де оп-оңай. Сондықтан әлдекімдердің сөзіне еріп, басыңды қауіп-қатерге тіккен жөн емес. Тығырықтан шығудың, тұрмыстық кілтипанды шешудің де заң аясындағы мың сан жолы бар. Мұны өмір жолын жаңа бастаған жастардың есте ұстағандары абзал.
Еліміздің ең басты байлығы – тыныштық екендігін ешуақытта ұмытпайық. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» дегенде бабаларымыз ынтымақ керектігін айтқан болар деп ойлаймын. Ендеше, осы ынтымағымыздан айырмасын.
Тұрсын ӘБДУӘЛИ, Алматы облысының құрметті азаматы.