Жаңаөзендегі оқиға әлемде болып жатқан күтпеген талай оқиғаларды еріксіз еске түсіреді. Күтпеген деген сөзге әдейі мән беріп отырмыз. Қисынға қайшы жайлар көңілге қона қоймайды.
Норвегиядағы бір адамның қанды қырғыны, сірә, енді адамзаттың жадынан шығар ма?!
Дәл осындай оқиға Норвегиядай жоғары дамыған, ұстамды саясат жүргізіп отырған, басқаға тізесі батпаған, ешкімнен алты аласысы, ешкімге бес бересісі жоқ елде болады деп кім ойлаған? Бірақ болды, бір қанішер сексеннен астам боздақты жер жастандырды. Бір елді ғана емес, бүкіл әлемді тітірентті.
Мұны ғасырдың дерті дерсің-ау. Әйтпесе, осынау оқиға Норвегия сияқты елдегі әлеуметтік-саяси жағдайдың салдарынан, ондағы әлеуметтік теңсіздік салдарынан деп ешкім де айта алмас еді. Қайта халықтың тұрмыс жағдайы қайда жақсы, әлеуметтік даму деңгейі қайда жоғары дегенде, жұрт мысалға сол Норвегияны атамайтын ба еді? Содан да күтпеген жағдай дегенді еріксіз айтып отырмыз.
Осыдан төрт-бес жыл бұрын Лондонда бір аптадай болып, осынау әлемдік орталықтың тынысын аңғаруға талпыныс жасағанымыз бар. Әрине, бір апта тым аз уақыт. Сөйтсе де, сол лондондықтар өз қаласында қайтіп тұрып жатыр, немен әуес, қашан тұрады, қашан жатады, қайда асығады, қалай демалады деген мәселелерге көңіл аударған едік. Біздің ел мен бұл елдің уақыт айырмашылығы – 5 сағат. Әдетпен амалсыз ерте тұрасың. Таң қараңғысында көшеге шығып, күн сайын ертеңгілік асқа дейін үш-төрт сағат қаланы жаяу аралап, ағылшындардың қалай оянатынына, тіршіліктерін қалай бастайтынына куә болғанбыз. Ойға соны алған соң, олардың кешке қалай дем алатынын, үйлеріне қашан қайтатынын да көрдік.
Сонда көңілімізге орныққан нәрсе – футбол фанаттарын айтпағанда, лондондықтар сабырлы, салқынқанды жұрттай көрінген. Бұлар жеңілдеу іс-әрекеттерге бара қоймас деп ой қорытқандай едік. Осыдан біраз бұрын сол Лондонның көшелері от-жалынға оранғанда, таңданысымызда шек болған жоқ. Мәшинелер төңкеріліп, дүкен-дүңгіршектер қиратылып, тарихи мәні бар ғимараттар өртеніп жатты. Шынымен-ақ осыны ағылшындар жасап жатыр дегенге сенбейсің. Сенбесіңе болмайды. Солардың өздері.
Оларды тыныштандыру үшін демалыста жүрген премьер-министр Кэмерон елге оралды. Басқа қалалардан полиция құрамалары шақырылды. Қирату, өртеу, дүние-мүліктерді тонау, талан-таражға салу біраз күнге созылды. Дәл осындай жағдай Еуропа өркениетінің басында тұрған Ұлыбританиядай елде, осы елдің ғана емес, әлем орталығының бірі саналатын Лондонда орын алады деп кім ойлаған. Көп адам ойламаған еді. Бұл нәрселерді күтпеген жағдай, ғасыр дерті дейтініміз де содан.
Бұл дерт қазір асқынып тұр. Біз әсте де біраз елдерде орын алып отырған түбегейлі қайшылық салдарынан болып жатқан қақтығыстарды айтып отырғанымыз жоқ. Әңгіме әлдебір арандатушылық негізінде күтпеген жерден бұрқ ете қалатын негізсіз оқиғалар жайында болып отыр. Осыдан біраз бұрын әлемнің мәдени астанасы саналатын Париждің шет аймақтарындағы қақтығыстар, дүкендерді қирату, көліктерді өртеу, тонаушылық жұрттың есінде. Адамдар сондай әрекеттерге неге барады дейсің, бұл өзі мәселені шешудің жолы ма еді? Жолы еместігі белгілі ғой. Сонда біле тұра оған неге барады?
Осы жерде себепсіз нәрсе болмайды деген қағида көңілге оралады. Мұндай оқиғалардың туындауына әлеуметтік негіз болмаса, оның себебін басқадан іздеуге тура келеді. Іздегенде, біразына себеп әлдебір саяси күштердің, тіпті, сыртқы жақтардың арандатушылық әрекеттері екенін аңғарасың. Олар қолайлы сәтті пайдаланып, көпшілікті тосын әрекеттерге арандатады. Сол арандатудың салдарынан тіпті, ел мен елдің арасында футбол соғысы да болғаны белгілі.
Әрине, арандатушылар жазасын алуы тиіс. Бірақ олардың көпшілігі сол жазадан сырт қалып жатады. Жаза көбіне солардың сөзіне ергендерге, арандап қалғандарға тиеді.
Әлемдегі тәртіпсіздіктер... Ол соңғы кезде тым жиілеп кетті. Даниядағы, Бельгиядағы оқиғалар да оған айқын мысал. Бұл тәртіпсіздіктер қазір ел таңдамайды, жер таңдамайды. Оған негіз іздеп жатудың өзі артықтау көрінеді.
Енді осынау дертпен күресудің, оның алдын алудың жолы қайсы дегенге де жауап айту қиын. Ол мынадай жағдайда орын алады, содан сақтан дей де алмайсың. Көп ел ол, ерте ме, кеш пе, өзіне соғатындай көреді. Ең мықтымын деген ел де бұл дерттен қауіп қылады.
Әлем тынышсыз. Бұл жай әр елдің қаперінде жүргені жөн. Басқа не айтасың?!
Мамадияр ЖАҚЫП.