• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
21 Желтоқсан, 2011

Өз отыңды өзің өшірме, ағайын!

439 рет
көрсетілді

Осыдан 25 жыл бұрын қазақ жастары коммунистік отаршылдықтың өктем­ді­гі­не қарсы қайрат көрсетіп, әр ха­лық­тың өз көсемі бо­луы үшін Брежнев ала­ңына жиналып, жанқиярлық ерлік көрсетті. Өйткені, «Жаман үйді қонағы билейді» деген, жастар тол­қуы­ның ар­жағында қызыл комму­нис­тердің өркөкіректігі мен өк­темдігіне қарсы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып күресу арманы тұрды. Көп ұзамай жастар аңсаған сол арманға – бостандыққа да қол жеткіздік. Уақыт деген ұшқыр екен, тәуел­сіздіктің алғашқы онжыл­ды­ғындағы экономикалық қиын­дық­тарды артқа тастап, міне, екінші онжылдықты да көріп отырмыз. Бүгінгі күні кейбір керезулердің аузымен жер-жаһан­ға тарап жат­қан «қиындық» деген мә­селе, сол кездегі қиындықтың қасын­да түкке де тұр­май­ды. На­­ғыз қиын­дық­тан біз сексенінші жылдар­дың аяғы мен тоқ­са­ныншы жыл­дары өтіп кеттік. Айтайын дегенім, сол алмағайып кездің өзін­де ел ішін алатайдай бүлдіру, яғни үй өртеу, дүкен мен банк тонау, адам өл­тіру деген сияқты азғындық пен қанды қол қылмыс болмап еді. Ал қыл­мыс­тың дауасы – жаза! Өйткені, халқы­мыз­да «Қолыңмен істеге­нің­ді мойның­мен көтер» деген даналық сөз бар. Ағайын, айналамыздағы ын­ты­мақты елдерге қарайық та, ойлана­йық. Айлығы жаңаөзендік мұнайшы­лар­дың жалақысынан екі-үш есе аз адамдар да отаны мен отбасының тыныштығы үшін «Барға қанағат, жоққа салауат» деп өмір сүріп жатыр. Ал «атыс» пен «шабысқа», «ұран» мен «үрейге» толы кейбір мемлекеттердегі аналар мен балалар болса, құ­дықтағы қара судың өзін тыныш­тық­пен ішуді армандап, еңіреп отыр. О заман да бұ заман, қай қазақ өз ауылына өзі шауып, өз үйін өзі өртеп, өз бауырын өзі өлімші ғып сабап, өмірін қиып еді. Есті ха­лық өз шаңырағын өздері орта­сы­на түсірмейді ғой. Қазағының туы­р­лығын турап, шаңырағын шапқан адамдар әлеуметтің бетіне ұялмай қалай қарап, қалай ақыл айтады?!. Әлі де кеш емес, есімізді жияйық, ағайын! Еркінбек СОЛТЫБАЕВ, Жамбыл облыстық мәслихаты тексеру комиссиясының төрағасы. Жамбыл облысы.