Қаланың орталық саябағы таңертеңнен күн батқанша ерсілі-қарсылы адамнан арылмайды. Жай басып, демалып жүрген адамдар қаланың азан-қазан шуына әбден құлағы жауыр болғандықтан ба, саябақтағы сән үшін қойылған темір бағанның басына қыстырылып қалған құстың дауысын ешкім де елең қылған жоқ. Тек қызымен қыдырып жүрген Татьяна Владимировна ғана темір бағанның тұсынан бір-екі рет өткенде құстың дауысы қинала шығып жатқанын байқады.
Биік бағанның ұшар басындағы құстың бір қанаты салбырап кетіпті, басы көрінер-көрінбес. Оның пайымдауынша, құс қарға сияқты. Демек түймедақ гүлін бейнелеген темір бағанның жан-жаққа майыстырылған бұтақтарының ортасы шұңғыл болған, құс сонда түсіп кеткен болуы тиіс. Баған тым биік, оған тек кран керек. Кешке қарай кімді тапсын, ертесіне ол қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына хабарласып, көрген жайтты айтты, құсты құтқармаса, көп ұзамай өліп қалатынын ескертті.
Хабар жетісімен саябаққа «Адал-И» кәсіпорнында электрмонтажшы болып істейтін Асқар Сәрсенов келіп, автокранның көмегімен темір бағанның ұшар басында металдан жасалған «түймедақ гүлінің» «тұтқыны» болып отырған ала қарғаны босатып алды.
– Ала қарға биылғы балапан болуы керек. Ол бағанның басында өте ұзақ, кемінде екі күн отырған тәрізді. Тыпырлай-тыпырлай қауырсындары сынған, өзі әбден әлсіреген, қанатын қағуға да шамасы келмеді. Жақсылықты құс та біледі, ол бізден қашқан жоқ. Шүберекпен орап, Татьяна Владимировнаға табыс еттік, – дейді Асқар.
Ала қарға аштық пен судан әбден қаталап қалған екен. Сол күндері Қостанайда шілде де шіліңгір мінез танытқан еді. Қазір оны өзінің басты құтқарушысы Татьяна Владимировна үйінде ұстап отыр. Алдына қойған тамақ пен суды іркілмей ішіп-жейді, қалпына келе бастаған. Ала қарғаның үйге де, мейірімге де бойы үйреніп қалды. Құстың түсіп қалған қауырсыны орнына келген соң, ол бостандыққа жіберіледі.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ