• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Тамыз, 2018

Жаңа технология – жетістіктер бастауы

17376 рет
көрсетілді

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын байыптылықпен жүзеге асыру бүгінде баршаның бас­ты міндетіне айналуы, бір жағынан жаһандану үрдісінен туындаған уақыт талабы десек, екінші жағынан, онсыз технологиялық, экономикалық, әлеуметтік салалардағы терең өзгерістерді көзге елестетудің өзі қиын. Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу үшін цифрландыру жөніндегі қанатқақты жобаларды табыстарымыздың берік кепіліне айналдырып, бұл тәжірибені кеңінен тарату міндетін алға қойған болатын. Соған байланысты еңбек өнімділігін түбегейлі арттыру, өнімнің сапасын жақсарту бағытында инновациялық сипатқа ие өміршең бағдарламалар жергілікті жерлерде кеңінен қанат жайып келеді.

Толымды табыс кепілі

Бүгінде Солтүстік Қазақстан об­лы­сының Тимирязев ауданына қа­расты «Ата­мекен-Агро-Ти­мирязев» ЖШС ауыл шаруа­шы­лығы са­ла­сы­на «ақылды технологияларды» енгізіп, агроөнеркәсіп кешенін қар­қынды дамыту мә­се­лесінде арнайы цифрландыру бағдарламасы қабылданған ір­гелі шаруашылық еліміз үшін үл­кен жаңалық сана­ла­тындықтан шетелдіктер тәжі­ри­бесі жан-жақ­ты зерттеліп Қытай, Сингапур, Гер­мания, Канада жо­ба­лары ек­ше­ліп алынған серік­тес­тіктің нәти­жесі жаман емес. 

Докучаев ауылдық округі аума­ғында орналасқан шаруа­шы­лықтың өнімділігі инновациялық си­патқа ие бағдарламалардың арқа­сында 20-30 процентке артқа­ны байқалады. Агроқұрылым 2004 жы­лы ауылдағы «Жаманшұбар» се­рік­тестігі негізінде құрылған. Қазір жал­пы жер көлемі 50 мың гек­тар болса, 32,9 мың гектарын егіс­тік алқап құрайды. Биыл 25 мың гектарға дәнді дақыл, 7443 гек­тар­ға майлы дақыл егіліп, жайқала өсіп тұр.

– Президент тапсырмасы­на орай астық өндірісін әрта­рап­тан­дыруды жүйелі жүргізіп, тиім­ділігі жоғары майлы дақылдар егіс­тігін ұлғайтып келеміз. Рапс – 5485 зығыр 1978 гектарға кө­бей­ді. Былтыр гектарына шығымдылығы 22 центнерден айналса, биылғы меже – 26-27 цент­нер. «Ақылды технология­лар» арқылы агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамытуды игерудеміз. Оның минералдық ты­ңайтқыш сіңірудегі, зиянкес­термен, арамшөппен күресудегі, егін егу мен астық жинаудың оң­тайлы уақытын болжамдаудағы ма­ңызы орасан. Жаңа бағдар­ла­ма­лар адам факторына, ауа райы­на тәуелділікті азайтып, артық­шы­лықтарын тиімді қолдануға зор  мүм­кіндік береді, – дейді «Ата­мекен-Агро-Тимирязев» ЖШС басшысы Айдар­хан Қадырханұлы.

Шетелде тәжірибесін шың­дап, білімін жетілдіріп келген ол аг­рарлық ғылымның жетістік­терін жергілікті жағдайға бейім­деу қажет деп есептейді. Ай­туынша, жерлері көп, топырақ­та қарашіріндісі мүлдем аз Аус­тралияның өзі астық шы­ғым­дылығы жөнінен көп елдер­ден озық. Табиғаты ұқсас Канададан да үйренеріміз көп. Бірқатар серік­тестіктер мен шаруа қожалықтары әлі күнге дейін КСРО дәуірінен қалған техникаларды пайдаланатыны жасырын емес. Ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтерудің бір жолы – машина-трактор паркін жаңарту. Уақыт көшінен қалмауды бас­ты мақсат еткен мұнда техника күші жеткілікті. Жоғары өнімді 14 егіс кешені мен 37 астық комбайны, 57 «К-700», «МТЗ-80» тракторы, 21 «КамАЗ» жүк көлігі көктемгі, күзгі дала жұмыстарының бел ортасында жүреді. Техникаларды жаңалауға 258 миллион теңге бағытталып, 87 миллион теңгеге  «Тукано 570» маркалы комбайн сатып алынған. Машина-трактор шеберханасы, мұнай базасы, астық қырманы жұмыс істейді. Механизаторлар компьютермен басқарылатын техникаларды ұршықша үйіреді. Элеваторлардағы астықтың мөлшері мен сапасы электрон­ды түрде бақыланады. Тіпті, ша­руа­шылыққа барған адам құжат­тардың электронды түрде тол­тырылып, ауыл шаруашы­лығы техникаларының есебі де осы жүйемен жүргізіліп жатқан­дығына көз жеткізеді. «Жаңа­лық­тардың біріне агроқұрылымдағы «дәл егіншілік» жүйесін жат­қы­зуға болады. Бұрын гербицид егіс­тік алқаптарға тұтас шашы­латын. Енді техникаға навига­циялық қондырғылар орнатыл­ғалы шығын көлемі 20-25 про­центке дейін азайтылды» дейді ком­байншылардың өзі. Комбайн­дар мен тракторларға арнайы бағ­дарламалары бар планшеттер қойылған. «GPS» құрылғылары бар комбайндарда бидайдың салмағы мен сапасы монитор арқылы көрсетіледі. Жанар-жағармай шығыны да нақты есептеледі. Егіс алқаптарының электронды картасы жасалып, жер серігінің көмегімен мониторинг жүргізіледі. С.Сейфуллин атындағы Агротехникалық университет оқытушыларының көме­гімен іске қосылған қанатқақты жоба арқылы жердің ылғалдылық деңгейі, арамшөп түрлері, то­пырақтың құнарлылығы, тағы басқа көрсеткіштерді анықтау қиын емес. Кейбір жағдайда квадрокоптерлер мен шағын әуе дрондары қолданылады. Олар көбіне шағын алқаптардағы арамшөптер мен зиянкестерге қарсы пестицид себуге пайдаланылады. «Мұ­ның бәрі – цифрлы технология же­тістіктерінің арқасы. Бұған дейін диқандардың топырақ құ­нарлылығын анықтайтын мүм­кіндігі болмаса енді «ақылды тех­нологиялардың» арқасында ауыспалы егіс жүйесінде  қандай дақыл түрін егу,  қандай мөлшерде тыңайтқыш сіңіру керектігін алдын ала біліп отырады», дейді директор А.Есеркепов.

Сондай-ақ серіктестікте егін­ші­лікпен қатар мал шаруашылығы да жақсы өркендеп келе жат­қаны байқалады. «Сыбаға» бағ­дар­ламасы шеңберінде жеңілдетілген несие алынып, АҚШ-тан 260 бас асылтұқымды абердин-ангус малы әкелінген. Қазір мал ба­сы 1077. Бұдан бөлек жылқы, қой, шошқа өсіріледі. 8 миллион теңгеге «Электр бақташы» құ­рылғысы сатып алынып, мал­шыл­ардың жұмысы әлдеқайда жеңілденген. Малдың қай жерде жайылып жүргені компьютер мен смартфон арқылы бақыланады. Барлық ветеринарлық ақпараттар электронды базаға енгізілген.

Ауыл тұрғындары серіктестік басшылығының жайлы өмір сүру үшін жасап отырған қам­қор­лығына дән риза. 250 адам тұрақ­ты жұмыспен қамтамасыз етіл­ген. Орташа еңбекақы 130 мың теңгені құрайды. Иесіз қал­ған дүкен ғимараты қалпына кел­тіріліп, жастардың демалыс орта­лығына айналдырылған. Асха­на, дүкен, наубайхана, бильярд бөлмесі, жаттығу және би зал­дары, кітапхана, акт залы, стадион, мәдениет үйі жұмыс істейді. Осы­лайша цифрландыру үдерісі шалғай елді мекендерге де жетіп, оның айқын мысалын «Атамекен-Агро-Тимирязев» ЖШС-нің сан-салалы қызметінен анық аңғаруға болады.

Отандық озық технологиялар отауы

Өңірде цифрландыру бойынша нақты жобалар ұсынып отырған тағы бір өндіріс орындарының бірі – С.Киров атындағы зауыт. Оны цифрлы спутниктік және эфирлік телерадиохабарларын таратуға арналған жабдықтардың толық топтамасының өндірісін жүйелі түрде жолға қойған біре­гей кәсіпорын десе де болады. Әлеуетті ауыр машина жасау ошақ­тары ішінде жетекші орынға ие кәсіпорында индустрияландыру бағдарламасы табысты жүзеге асырылып, осы заманғы инновациялар кеңінен қамтылған. Цехтар жаңа қондырғылармен жабдықталып, темір жол, мұнай-газ кешендері мен радиоэлек­тронды аппаратура, сандық теле­дидарға арналған техникалық құрал­дардың озық түрлері шыға­рылады. Маркетинг-сату депар­таменті мамандарының сөздеріне қарағанда, зауытта «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынған жобаларға айрықша басымдық берілген. Осыған орай өңірді еліміздегі электрониканы дамытудың негізгі көзіне айналдырудың жолдары қарастырылып, цифрландыруға бағытталған құрал-жабдықтарды орнатудың нәтижесінде  еңбек өнімділігі екі есеге жуық артқан. Бұйымдардың жаңа үлгілері игеріліп, азаматтық өнімдердің санымен қоса сапасы да ай­тар­лықтай жақсара түсті.

КСРО кезінде танымал бол­ған зауыт бүгінде Қорғаныс министрлігінің арнайы тапсыры­сымен көпарналы радиорелелі станса секілді ұтқыр байланыс жүйесі кешендерін, «Отау-ТВ» сандық теледидарының «STV» құрылғысын, темір жол қауіпсіздігіне арналған аспаптарды шығарумен де айналысады. Доңғалақты  техникалар құрастыратын цехтар кеңейтілген. Кәсіпорынның жаңа сандық технологияларды енгізудегі ізде­ністері де құптарлық. Инженер-конс­трукторлар 3D принтерінің  жаңа үлгісін құрастырып шығыпты. Бәсекеге қабілетті өнімнің бағасы қолжетімді, мүмкіндігі шексіз. Бұл автоматтандыру мен ғарыш саласында, ұшақтарда, адамсыз ұшатын аспаптарда, спутниктерде кеңінен қолданылады.  Күнделікті тұрмыс-тіршілікте, ғылым мен білімде, медицинада  пайдасы зор. Оның көмегімен титаннан жамбас сүйектің көшірмесін, керамикадан тіс протездерін жасау үшін үш өлшемді кескін қолданылады дейді мамандар. Алдағы уақытта Жолдау талаптарына сәйкес көп­қабатты баспа платалары және интегралды шығынсыз сыз­балар өндірісі бір жүйеге келті­рілмек. Мұндай отандық өнім­дер автоматтандырылған про­цес­терді басқарудың сандық негі­зі саналары даусыз. «Цифрлы Қазақ­стан» және «Кибер қорғау» бағдар­ламалары бойынша  қолға алынатын жобаға 2,2 миллиард теңге инвестиция тартылған.

Сөз арасында конструкторлық-технологиялық бюроның жаңа­шыл істерге бастамашыл болып жүрген шығармашылық бел­сенділігін айта кеткен жөн. Бюроға техника және технология­ны жетілдіру, қолданбалы зерт­теу­лерді жүргізу, жаңа өнімдерді игеруге қолдау көрсету, бағдар­ла­маларды құрастыру, өндіріске енгі­зу сияқты іргелі міндеттер жүк­телген.

Осында еңбек ететін 20-ға жуық инженерлік, техникалық ма­ман­дардың тәжірибесі мол, әлеуеті жеткілікті. Бүгінде IT және ин­жинирингтік қызмет көрсе­туді дамыту ерекше маңыз­ға ие болғандықтан жастар­ды көбірек орналастыру жайына  баса назар аударылып отыр. Зауыт­та  жеті жүзден астам адам ең­бек етсе, олардың қатарын­да аға буын өкілдері де аз емес. Ұрпақ  сабақтастығын жалғас­тыру мақсатымен М.Қозыбаев атын­дағы Солтүстік Қазақстан мем­лекеттік университетінен тех­никалық мамандықты тәмамдаған түлектер тартылуда. Жыл аяғына дейін орташа айлық жалақы 170 мың теңгеге жеткізіледі, дейді кәсіпорын басшылығы. Ба­йырғы өндіріс орнының «Ал­тын сапа», «Қазақстанның үздік тауары», «Парыз» сияқты мәр­тебелі байқаулардың дипломдарын иеленуі өзіндік брендін қалыптастырудың нақты мысалын айғақтаса керек. Былтыр «Тұрғындарға арналған үздік тауарлар» аталымы бойынша цифрлы теледидар жабдықтары мен 3D принтер, жер серіктік қабылдағышы үшін екінші орынды жеңіп алды. 

Былтыр «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында рәсімделген несие қаражатына заманауи қондырғылар сатып алынып, 4,1 миллиард теңгенің өнімдері шығарылса, жыл аяғына дейін бұл көрсеткішті 8,9 мил­лиард теңгеге жеткізу көзделген. 

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»,

Қанат АТАМАНОВ, журналист

Солтүстік Қазақстан облысы