Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің арнайы назар аударып, қомақты қаржы құюы нәтижесінде жүзеге асырылған Маңғыстау өңірінің көлік-транзиттік, логистикалық дамуын оң бағалап, бұл бағыттағы жетістіктер еліміздің теңіз қақпасына ғана емес, жарқын болашаққа бастайтынын атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы ендігі кезекте өңірде туризм саласын жандандыру қажеттігін айтып, Каспий теңізі жағалауын туристер демалатын орынға айналдыру арқылы тұрғындардың әлеуетін арттыру қажет екендігін жеткізді.
Туризм саласын дамытудың экономикалық тұрғыда және Қазақстанның табиғи, тарихи, мәдени-рухани келбетін өзге елдерге таныту бағытында екіжақты пайдасы бар десек, таңғажайыптарға толы Маңғыстаудың туризмнің нағыз ордасы болуға мүмкіндігі зор.
Өңірде туристік әлеуетті дамытуда классикалық, экотуризм, этнотуризм және биотуризм сынды бағыттар ұсынылғанмен, олардың жүзеге асырылу объектілері үш бағытты қамтиды, біріншісі – даланың табиғи ерекшеліктері, қызғылықты табиғаты болса, екінші бағыт – адам қолымен жасалған құндылықтар, сәулет мұралары.
Ал, үшінші бағыт – Каспий теңізінің жағалауындағы туризм. Қазақстанның жеті кереметінің үшеуі Бекет ата жерасты мешіті, Шерқала тауы мен Қарақия ойпаты орналасқан даладағы тұлғасы бөлек тау мен тас, сырын сыртына шығармаған күйі сусыған жал-жал сары құмдар, терең ойларға бастайтын ойпат, тамшысымен таңғалдырған Тамшалы, алыс замандардың иіріміне үйіре жөнелетін Айрақты, бұл дүниенің әлі ешкім шеше алмаған жұмбағының бірі өзі екендігін еске салғандай, адам қолымен жасағандай дөп-дөңгелек шар тастар, айдалада ұмыт қалған айнадай аппақ сор мен ұлан-ғайыр тақыр-жазықтықтар туристерді таңғалдыра алатынына күмән жоқ.
Облыс орталығы Ақтау қаласынан ең шалғай өңірлерге жол тартпай-ақ, Тамшалы, Жығылған жерінен бастап, одан әрі қарай ортағасырлық Сұлтан епе жерасты мешітіне зиярат етіп, Солтүстік Ақтау сілемдерін қақ жарып өтетін Қапамсай арқылы Шақпақ ата жерасты мешітіне зиярат жасау туристік сапардың жолы ретінде сұранып жатыр.
Торыштағы шар тастар алқабына дейін туристердің табиғаттың талай таңғажайыбын тамашалауға мүмкіндігі бар, одан әрі жолды Шерқала-Ақмыш-Қызылқала қалашығына бағыттап, Айрақты тауына маңдай тіреген жолаушы әрі қарай акула тістері шашылып жатуымен алыс ойларға жетелейтін Тетис мұхитының орны – Тұзбайыр соры арқылы белгілі Үстірт қырына шығып кете алады. Бозжыра жазығына ат суытып алып, Маңғыстаудың ойындағы Түйесу құм массивтерін басып өту арқылы Тоқмақ мүйісіне көз сүйсіндіріп, Қарақия ойпатына көңіл тоғайтып Ақтауға келіп аттан түсуге болады.
Аптаға созылатын осы маршурттың өзі Маңғыстаудағы мақтаулы нысандарды түгел емес, алайда шет-шетінен көріп шығуға мүмкіндік береді. Ал тарихи-мәдени ескерткіштерге келсек, өлкеде қазіргі таңда он үш мыңнан астам тарихи-мәдени нысандар зерттеліп, құжатталды. Төрт жүз қырықтан астам ескерткіш мемлекеттік қорғауға алынды, олардың жиырма бірі республикалық маңызға ие.
Екі жүз қырық тоғыз археологиялық ескерткіш толықтай зерттелген десек, оларға тас дәуірі соңындағы тұрғын кешендер, қола дәуірі мен ерте темір дәуіріндегі діни-жерлеу нысандары, ортағасырлық ескі қалалар, бекіністер, Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан керуен сарайлары, археологиялық орындар, сәулеттің үлкен және шағын формалары кіретін жүз қырық кешендік ансамбль, сонымен қатар сәулет пен құрылыс мәдениетін танытатын алпыс ескерткіш жатады. Жерасты мешіттері, қауым-қойылымдардағы құлпытастар мен тамдар ерекшеліктері туристерді таңғалдыратыны анық.
Қазіргі таңда Мемлекет басшысының «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында өңірдегі туризм басқармасының айналысуымен Маңғыстаудың сакралды және тарихи-мәдени көрнекті жерлерінің цифрлы картасын әзірлеу бойынша жұмыс қолға алынды.
– Өңірдің туристік әлеуетін дамыту әрі алыс-жақындағы туристерге өлке туризмі туралы мағлұматтың қолжетімділігін арттыру мақсатындағы жоба өз жолына түсті. Ұсынысты «2ГИС-Ақтау» компаниясы қолдап, қазіргі таңда тарихи-мәдени және табиғи нысандарды цифрлы картаға енгізу бойынша көптеген жұмыстар жүргізілді және бұл біткен жұмыстар тек жобаның бірінші кезеңінің ғана үлесіне тиеді, деген болатын бұл жайында Маңғыстау облыстық туризм басқармасының басшысы Ө.Бисақаев.
Жаңа жоба аясында өңірдің 24 киелі жерлері мен тарихи-мәдени орындары цифрлы картаға енгізілген және бұл бірлескен жоба Маңғыстауды Қазақстанның киелі жерлері мен көз тартарлық ландшафты-географиялық жерлерінің бірі ретінде насихаттау мақсатында тегін негізде жүзеге асырылды.
Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде «2ГИС-Ақтау» қосымшасында нысандарға баратын маршруттар құру мүмкіндігі, сонымен бірге көз тартарлық көгілдір айлақ, яғни жағажай, Саура, Тамшалы, Жығылған, Сұлтан епе жерасты мешіті, Қапамсай, Шақпақ ата, Шарлар сайы, Отпан тау, Айрақты-Шоманай, Шерқала, Тұзбайыр, Сфинкс, Сисем ата қорымы, Бекет ата жерасты мешіті, Найза тау, Бозжыра, Шопан ата жерасты мешіті, Радон ыстық су көзі, Песчаный мүйісі, Тоқмақ тасты жағажайы, Кендірлі, Қарынжарық ойпаты және Булыойық үңгірі сынды көрікті орындарына қатысты оффлайн режіміндегі мүмкіндік пайда болды. Олар Ақтау қаласынан шалғай орналасқандықтан, жол-көлік қатынасы қиындық туғызады.
Ол орындарды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және туристерге қолайлы жағдай жасау көп қаражатты талап етеді және қысқа мерзім ішінде жүзеге асыру мүмкін емес екендігі белгілі. Демек, Маңғыстауда туризм саласында жұмыстар ауқымды деңгейде қарқын алып кетпегенмен, бастамашылық бағыттар қалыптасқан.
Өңірге туристік мақсатта келушілер саны жыл сайын артып келеді. Мысалы, өткен жылы ішкі туризм бойынша Маңғыстаудың көрікті жерлеріне 177 178 турист келген болса, келу туризмі бойынша 28 726 адам Маңғыстау табалдырығынан аттаған. Бұл екі көрсеткіш те салыстырмалы түрде қарағанда 2016 жылғы деңгейден жоғары.
Ал Каспий теңізі жағалауы өз түлеуін күтіп жатыр деуге болады. Теңіз жағасындағы ересектер үшін демалыс орындары, балалар үшін жазғы лагерьлер ашуға болатын орындарды тауып, ол жерлерге инфрақұрылым жеткізу қажеттігі туындайды. Қазір теңіз жағалауындағы жекелеген демалыс базалары жұмыс істейді, Жаңаөзен қаласынан 70 шақырым қашықтықтағы Кендірлі шығанағынан курортты аймақ салу жобасы жүргізілуде. Қазақстан Республикасында 2020 жылға дейін туристік саланы дамыту тұжырымдамасына енгізілген Каспий теңізінде халықаралық теңіз круизін дамыту мәселесі бойынша Ресейдің Астрахань қалалық әкімшілігімен келісімдер жүргізілді.
Сондықтан іс басындағылар Маңғыстауда таяудағы 5 жыл ішінде нақты бірнеше аймақта қажетті инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән бермек. Алдымен Ақтау қаласының теңіз жағалауы аймағында электр жарығының жүйесін, сумен және газбен қамту, кәріз жүйесі, жолдарды жөндеу мен салу жоспарлануда. Бұл – қонақүй кешендері мен демалыс базалары құрылысын салу үшін инвесторлар тартуға мүмкіндік береді. 2-3 жұлдызды, яғни халыққа қолжетімді кешендер салу қаралып, қазіргі таңда Ақтау қаласы әкімдігі жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеуде.
Шопан ата, Бекет ата киелі орындары жұмыс жүргізудегі екінші бағыт ретінде анықталды. Жұмыс барысында Бекет атаға дейінгі 100 шақырымдық жол учаскесін асфальттау басталды. Бұл жолдың 0-51 шақырымдық аралығын жөндеу үшін республикалық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді, жалпы жұмыстың бірінші кезеңі деп аталған бұл кезең 2019 жылдың қараша айында аяқталмақ. Үшінші аймақ – Маңғыстау және Түпқараған аудандарының аумақтары.
Бұл бағыттағы бірінші кезеңде Шерқала тауы, Отпан тау, Көгез этноауылы, Торыштың шар тәрізді конкрециялары, Жығылған, Форт-Шевченко қаласындағы Мұрын жырау мұражайына бару мүмкіндіктері кеңейтіліп, нысандарға жолдар салу, электр жүйесін тартып, сумен қамтамасыз ету жоспарланған. Ал Тамшалы, Самал, Саура, Көгілдір айлақ екінші кезең жұмысына енгізілген. Аталған жобаларды жүзеге асыру үшін 10 млрд-тан астам теңге қажет екен. Маңғыстау туризмін жаңаша түлету – заман талабы.
Мемлекет басшысының Маңғыстауда туризм саласын қолдап, дамытуға тапсырма беруі бұған дейін белгілі-белгісіз талай мүмкіндіктердің жарыққа шығып, өз дәрежесінде түлеп, халық игілігіне жарайтындығына сендіреді. Маңғыстау туризмі алыс-жақыннан келген шетелдіктерді ғана емес, өз отандастарымызды да қуантып, қазақ даласының мәртебесін тағы бір көтере түсетіні анық. Өңірдегі туризм саласында біткен істен гөрі бітірер істің көп екені түсінікті, мәселеге мемлекет тарапынан қолдау болатындығы саланы соны серпіліс, тың түлеу күтіп тұрғандығын білдіреді.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы