Әр жылдағы егін орағының өзіне тән ерекшелігі болмай қалмайды. Биылғы өзгешелік – ауа райының салқындығы мен қолайсыздығы, үздіксіз жауған жауынның салдарынан көктемгі егіс жұмыстарының алдыңғы жылдармен салыстырғанда бір-екі аптаға кеш басталғандығы. Сондай-ақ биыл Ақтөбе өңірінде дәнді дақылдар алқабының көлемі әжептәуір ұлғайып, 700 мың гектарға жетті.
Ақтөбелік диқандар алға қойған мақсаттарына қол жеткізе ала ма? Бұл сауалға әзірше нақты жауап қайтару ертерек. Өйткені өңірдегі егін алқаптарының басым бөлігінде бидай масақтарының дәнденуі мен толысу кезеңі енді ғана аяқталып келеді. Соған қарамастан қазіргі күні алқаптарда күздік бидай мен арпаны ору жұмыстары басталып кетті. Атап айтқанда, Қобда, Мәртөк, Мұғалжар және Темір ауданының аграршылары 20 мың гектардан астам егістіктің өнімін орып үлгерді. Мұндағы өнімділік әр гектарға шаққанда 7,5 центнерді құрайды. Суармалы егістік болмағандықтан мұны төмен көрсеткіш деуге болмас. Мұндай жағдайда бидайдың құрамындағы қамырлылық мөлшері жоғары болады деп тұжырымдайды аграршы ғалымдар.
Алдағы күндерде аймақта жаппай егін орағы науқаны қарқын алады деп күтілуде. Қазіргі күні оған қажетті ауылшаруашылық техникаларының 98 проценті жауапты кезеңді ойдағыдай өткізу үшін сақадай сай. Сондай-ақ диқандарды жанар-жағармаймен қамтамасыз ету ісінде де айта қаларлықтай кедергілер жоқ. Өйткені өткен шілде айында Ауыл шаруашылығы министрлігі облыстағы егін ору науқанын қалыпты жағдайда жүргізу үшін 8,5 мың тонна дизельдік отынды жеңілдетілген бағамен бөліпті. Литрінің бағасы − 162 теңге. Нарықта баға 182 теңге екенін ескерсек, мұның өзі астық өсірушілер үшін әжептәуір көмек болып шығады. Яғни бұл жеңілдетілген отын 11 процентке арзан.
Қазір дизельдік отынның тең жартысынан астамы облысқа жеткізілген. Сондай-ақ бірқатар бөлігі ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге бөлінді. Бүгінде облыста ауа райы егіс ору науқанын кідіріссіз жүргізуге қолайлы. Осы мүмкіндікті бос жібермеуге астық өсірушілер бір кісідей жұмылып отыр.
Тағы бір айтайын дегеніміз, өңірде сонау кеңестік кезеңде салынған элеваторлар мен астық сақтау қоймаларының біразы кейінгі кезде иесіз қалғаны, енді біразы ескіргені жасырын емес. Соған қарамастан облыста 2018 жылдың өнімін сақтауға қажетті барлық шаралар жасалған. Мұнда алты қамбаға астық қабылдау үшін арнайы лицензия берілген. Оның сыртында облыстағы көптеген жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен агрофирмаларда өздерінің астық сақтау орындары бар екенін ескерсек бұл істе кідіріс болмауға тиіс.
Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»