• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
17 Тамыз, 2018

Басты бағыт – цифрландыру

590 рет
көрсетілді

Бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың төрағалық етуімен заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Жиын қылмыстық процесті цифрландыру, сондай-ақ құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелерін талқылауға арналды. 

Іс-шараға Премьер-Ми­нис­трдің орынбасары Асқар Жұма­ғалиев, Президент Әкімшілігінің, Үкі­меттің өкілдері, Қаржы минис­трі, Үйлестіру кеңесінің мүшелері қатысты.

Жиын барысында Мемлекет басшысының «Цифрлы Қазақ­стан» бағдарламасы шеңберіндегі тапсырмасына сәйкес елімізде қылмыстық сот ісін жүргізуді электронды форматқа кезең-ке­зеңмен көшірудің жүзеге асырылып жатқаны аталып өтті. 

Бас прокурордың мәлім­деу­інше, жобаны іске асырудың басты мақсаты – азаматтардың құ­қықтарын қорғау және сот төре­лігіне жылдам қол жеткізуді қамтамасыз ету.

Жалпы, саланы автоматтан­дыру қылмыстық процестің барлық сатысын, атап айтқанда, қылмысты тіркеуден бастап үкім орындалғанға дейінгі сатыларды қамтиды деп күтілуде.

Сондай-ақ істерді электрон­ды форматта тергеп-тексерудің ар­тықшылығы ретінде оңтай­лан­дыру, дәлелдемелерді жинау жә­не процестік құжаттарды жасау рәсімдерінің жеңілдетілуі, сон­дай-ақ прокурорлық және сот бақылауын күшейту туралы айтылды.

Отырыста келтірілген мәлі­меттерге сүйенсек, бүгінгі таңда 5 мыңға жуық іс электронды түрде тергеп-тексерілуде, оның  2,3 мыңы сотқа жолданған.

Ал Үйлестіру кеңесінің төрағасы – Бас прокурор Қайрат Қо­жамжаров атап өткендей, элек­тронды сот ісін жүргізуді толық­қанды енгізу үшін қылмыс­тық қудалау органдарын қар­жы­ландыру, тиісінше техникалық жа­рақтандыру және қызметкерлерге оны жүргізу дағдыларын оқыту мәселелерін шешу қажет.

Осыған байланысты, Үкімет мүшелері жобаны одан әрі іске асыру үшін қаражат бөлу мәсе­лесін талқылады, ал құқық қор­ғау органдарының басшылары­на қылмыстық процесті кезең-ке­зеңмен автоматтандыру мер­зімінің мүлтіксіз сақталуын қам­тамасыз ету тапсырылды.

Одан кейін қылмыстық про­цесте азаматтардың қорғалу дең­гейін көтеру, оның әсіре қатаң­дығын төмендету, қылмыстық сот ісін жүргізу нысандарын оң­тай­ландыру бойынша уәкілетті ор­гандардың қабылдап жатқан шаралар туралы баяндамалары тың­далды.

Жиында белгілі болғандай, қыл­мыстық және қылмыстық-про­цестік заңнаманы жаңғыртуға бағытталған заң қолданыста болған 7 ай ішінде ұсталғандар (9 789-дан 6 508-ге дейін), күзетпен ұстал­ғандар (8 835-тен 6 148-ге дейін) және бас бостандығынан айыруға сотталғандар (12 414-тен 4 231-ге дейін) саны үштен бірге азайған. Осы жылдың наурызынан бас­тап соттар жасырын тергеу әре­кет­терін жүргізуге 8 мың санк­ция берген. Бұйрықтық іс жүргі­зу тәртібімен 600-ден астам іс аяқ­талған.

Бас прокурор, сонымен қатар жасырын тергеу әрекеттеріне бас­тама жасау кезінде заңдылықтың сақталуын және азаматтардың құқықтарының бұзылуына жол берілмеуін, азаматтарды негізсіз ұстау фактілерін болдырмауды, дәлелдемелерді жинау бойынша адвокаттардың өкілеттіктерін іске асыру кепілдігінің қамтамасыз етілуін тапсырды. 

Үйлестіру кеңесінің қоры­тындысы бойынша бірқатар нақ­ты ұсынымдар әзірленді.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»