• RUB:
    4.83
  • USD:
    443.37
  • EUR:
    474.49
Басты сайтқа өту
Жазғы спорт 22 Тамыз, 2018

Ең көп табыс тапқан әйел спортшылар

618 рет
көрсетілді

Forbes журналы 2018 жылы ең көп табыс тапқан әйел спортшылардың тізімін жария етті. Осы тізімдегі ең үздік 10 арудың сегізі теннисшілер екен. Сондай-ақ, «ТОП-10» спортшының қатарында бір бадминтоншы мен бір автоспортшы бар.  

Биылғы жылғы бай-ауқаттылар тізімінде Серена Уильямс ағарып алда тұр. Ұзақ жылдар бойы әлемдік рейтингте көш бастап, «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлерде 38 мәрте (жекелеген және жұптық сайысты қоса алғанда – ред.) топ жарып, WTA турнирлерінде 72 рет дара шыққан 36 жастағы АҚШ-тың әйгілі теннисшісі биылғы жылдың өзінде 18,1 миллион доллар табыс тауып отыр.

Одан кейінгі бес орынды да осы спорт түрінің өкілдері иемденуде. Олар – даниялық Каролин Возняцки (13 миллион), америкалық Слоан Стивенс (11,2 миллион), испаниялық Гарбинье Мугуруса (11 миллион), ресейлік Мария Шарапова (10,5 миллион) және АҚШ-тың тағы бір өкілі Винус Уильямс (10,2 миллион).   

Жетінші орында – Пусарла Венката Синдху.  Бадминтон спортын серік еткен 23 жастағы Үндістанның сұлуы үстіміздегі жылы 8,5 миллион долларды өз есепшотына аударған. Сезігінші орында – Симона Халеп. Бүгінгі таңда теннисшілердің әлемдік рейтингінде көш бастап тұрған Румынияның мақтанышы 7,7 миллионды әмиянына салды. Тоғызыншы сатыға Даника Патрик жайғасты. Автоспорт сайыстарында алдына жан салмай жүрген америкалық арудың табысы – 7,5 миллион. Үздік ондықты қорытындылап тұрған – Анжелика Кербер. Германияның теннисшісі биыл 7 миллион долларды қалтаға басты.    

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»