• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
Қазақстан 25 Тамыз, 2018

Астанада Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарты ұйымының халықаралық конференциясы өтеді

364 рет
көрсетілді

28 тамыз – 2 қыркүйекте Астана қаласында Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарты ұйымының (ЯСЖТШҰ) «Өткенді еске алып, болашаққа беттеу» атты халықаралық конференциясы өтеді. Конференция 2009 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне орай ұйымдастырылады.

Бескүндік конференция Шарттың мәртебесін жоғарылату жолын қоса алғанда жаһандық әлемді құрудағы ядролық қарусыздандыру және таратпаудың рөлін талқылау мақсатында Беделді қайраткерлер тобы мен ЯСЖТШҰ жастар тобының басын біріктіреді.

«Астана конференциясы Беделді қайраткерлер тобы мен жастар тобы мүшелерінің өзара әрекеттестігі үшін қолайлы платформаны ұсынады. «Ұрпақтар арасындағы диалог» ретінде жоспарланған конференция ЯСЖТШ-ның әмбебапталуы мен күшіне ену серпінді қолдау мақсатында барлық қатысушы топтардың ынтымақтастығы үшін әлеуетті мүмкіндіктерді зерттеуге бағытталатын болады», - деп ЯСЖТШ Әзірлеу комиссиясының мәлімдемесінде атап өтіледі.

Форум барысында Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне орайлайстырған Бірлескен декларация қабылданады.

Қазақстан бұл конференцияны Мемлекеттік басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусыздану және оны таратпау саласындағы бастамаларын дәйекті іске асыру тұрғысынан әзірлейді. «Біз балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы туралы ойлауға тиіспіз. Өткен ғасырлардың қасіретті қателіктерін қайталауға жол бермей, әлемді соғыс қатерінен түпкілікті арылту үшін бүкіл әлем үкіметтерінің, саясаткерлерінің, ғалымдарының, бизнесмендерінің, өнер қайраткерлерінің және миллиондаған адамдарының күш-жігерін жұмылдыру қажет», - деп атап өтті Қазақстан Президенті өзінің «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде.

2015 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында сөйлеген сөзінде Н. Назарбаев ХХI ғасырда ядролық қарусыз әлемді құруды адамзаттың басты мақсаты етуге шақырды. «Қазақстан – ядролық полигонды жапқан және ауқымы жағынан төртінші ядролық қару-жарақтан өз еркімен бас тартқан, сондай-ақ Орталық Азияда ядросыз аймақ құрған тарихтағы тұңғыш ел. Ядролық қарусыз аймақты әлемнің өзге өңірлерінде, соның ішінде Таяу Шығыста да құрған жөн. Ядролық державалар ядролық қаруға иелік етуден бас тартқан барлық елдерге күш қолданбауға кепілдік беруге тиіс». Сонымен қатар, Қазақстан Президенті «Жер бетіндегі әрбір адам ядролық сынақтарға тыйым салу ісіне өз үлесін қоса алады және солай болуға тиіс» деп, жаһандық антиядролық қозғалысты құруды ұсынды.

ЯСЖТШҰ конференциясының қатысушылары бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны мен Курчатов қаласындағы мұражайға, кеңес ядролық сынақтар орталығына барады. Бұл жастарға аталған сұрапыл қаруды сынаудың адамдар мен қоршаған ортаға тигізген ауыр салдарын көруге мүмкіндік береді. 31 тамызда конференция қатысушыларының Қазақстан Ұлттық ядролық орталығының басшылығымен, сондай-ақ ядролық қауіпсіздік саласындағы жас мамандармен кездесулері өткізіледі. 1 қыркүйекте Тәжірибелік алаңы мен Крест сейсмикалық станциясына бару жоспарланған.