Биыл Ақмола өңірінде шөп бітік шықты. Ерте көктемдегі қоңыр салқыннан бой көтере алмай булығып тұрған жасыл шалғын шілденің соңында дүр ете түсті. Қапысыз қамданған пішеншілер бір жылдық шөп қорын жинап алды.
Облыс бойынша 1104,1 мың тонна шөп жинау жоспарланса, қазірдің өзінде 1122,7 мың тонна шөп дайындалып, маяланды. Бұл – қолда бар мал үшін қажетті бір жылдық жемшөп қорының 101,7 проценті әзірленгенін көрсетеді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Серік Шайкөзовтің айтуына қарағанда, өңірдің барлық сипаттағы шаруашылықтарында 525,7 мың бас ірі қара қыстатыл- мақ.
Төскейі малға толған Ерейментау ауданының пішеншілері межелеген жоспарды орындап, 122 мың тонна шөпті маялап алды. Аудан пішеншілері биыл шөптің ыңғайына қарай қапысыз қам жасап, 152 мың тоннаға жеткізбек. Айталық Олжабай батыр ауылдық округі 12,5 мың тонна шөп дайындауды жоспарлаған болатын, қазірдің өзінде бұл көрсеткіш 16,4 мың тоннаға жетті. Осы ауылдық округтегі «Гея», «Нұр», «Алмат» шаруа қожалықтары қыстақ басына қажетті жемшөп қорын жеткізіп алды. Мая саны күн сайын көбейіп келеді. Зеренділіктер де табиғаттың жомарттық танытқан биылғы сәтін пайдаланып қалмақ. Шөп дайындау барысында Целиноград, Атбасар, Біржан сал аудандары көш бастап келеді. Арқаның ақ бораны қатал сыншы. Атан түйені алып жығатын бораны, үскірік аязы қатты өңірде тыңғылықты дайындық жасамаса тағы болмайды. Енді ақмолалық пішеншілер бір жарым жылдық жемшөп қорын жасауға ұмтылуда.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы