Қазақстанның Еуропадағы басты серіктестерінің бірі саналатын Ұлыбританиямен арада дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына ширек ғасырдан асты. Осы кезең ішінде өзара тиімді әріптестікке бағытталған байланыстар барынша нығая түсті. Осының нәтижесінде бүгінде Ұлыбритания Қазақстан экономикасына салынған инвестициялар көлемі бойынша ең ірі 6 мемлекеттің қатарынан саналады. Еліміздің Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі Ерлан ЫДЫРЫСОВПЕН әңгімемізде екі ел арасындағы саяси, экономикалық, мәдени байланыстардың негізгі бағыттары сөз болды.
– Ерлан Әбілфайызұлы, Елбасының Қазақстанның сыртқы саясатын «экономизациялау» туралы нұсқауына сәйкес, экономиканың басымдық берілген салаларына шетел инвестицияларын және инновациялық технологияларды тартуға жәрдемдесу, сондай-ақ отандық экспортты ілгерілету бойынша Ұлыбританиямен арада қандай жұмыстар атқарылуда?
– Қазақстан-Британ сауда-инвестициялық қатынастарын дамыту, британдық озық технологияларды еліміздің экономикасына тарту – елшіліктің аса маңызды міндеттерінің бірі. Соңғы жылдары осы бағытта едәуір жетістіктерге қол жеткіздік. Атап айтқанда, Ұлыбритания Қазақстан экономикасына тікелей инвестициялар көлемі бойынша көшбасшы алты елдің құрамына, ал тауар айналымы көрсеткіші жағынан үздік ондықтың қатарына енді.
Ұлыбританияның биыл ғана іске қосылған Астана халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құруға белсенді атсалысуы елімізге шетелдік инвестицияларды тартуға бағытталған маңызды қадам деп айтуға толық негіз бар. АХҚО-да ағылшын құқығының нормалары мен қағидаларының қолданылуы, ағылшын тілінің орталықтың жұмыс тілі ретінде пайдаланылуы Қазақстандағы инвестициялық ахуалдың одан әрі жақсаруына, АХҚО-ның халықаралық беделінің артуына және шетел бизнесінің біздің елімізге деген қызығушылығының жоғарылауына ықпал етері сөзсіз.
Бұдан бөлек, жыл сайын Біріккен Корольдікте елшіліктің және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының ұйымдастыруымен инвестициялық форумдар, семинарлар, басқа да іс-шаралар өткізіліп тұрады. Мысалы, былтыр Лондон қор биржасында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ инвестор күні сияқты аса ірі іс-шара өтті. Оған көптеген британдық компаниялар қатысып, инвестициялық жобаларға қатысуға қызығушылық білдірді. Сондай-ақ биылғы сәуір айында «Kazakh Invest» басшысының Лондонға сапары барысында «Республикалық маңыздағы ауыз суды тарату желілерінің құрылысы» жобасы кеңінен талқыланып, бастапқы құны 2 млрд АҚШ долларын құрайтын бірлескен жобаны іске асыру жөнінде келісімге қол жетті.
– Бизнес жүргізу тұрғысынан алсақ та, күнделікті тұрмыс-тіршілікте де ағылшындар мен қазақтардың менталитетінде едәуір айырмашылық бар деседі. Саяси-экономикалық дипломатияда экономикалық келісімшарттар жасасуда осы ерекшеліктер біліне ме? Жалпы ағылшындар қандай халық?
– Әрине әр елдің бизнес жүргізу ережесі әртүрлі. Ең алдымен бұл ұлттық менталитет пен ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлерге байланысты. Ұлыбритания көп ұлтты мемлекет, бірақ мұндағы іскерлік мәселелер алуан түрлі болғанымен, бизнестегі негізгі қағидалар бәріне ортақ. Британдық бизнесмендер әлемге аса білікті іскер адамдар ретінде танымал. Нарықтағы ахуалды жылдам сараптай білу, бизнестің дамуын қысқа және орташа мерзімге болжамдауда британдық бизнесмендерден үйренеріміз көп. Сонымен қатар ағылшындар банк секторында және қаржы саласында да озық. Осы салалардағы жаңалықтардың көпшілігі соларға тиесілі.
Британдықтар – төзімді және байсалды халық. Бұл қасиеттер іскерлік келіссөздер жүргізгенде немесе бірлесе бизнеспен айналысқанда сезіледі. Байсалдылықты олар құрмет белгісі ретінде қабылдап, өздерімен де байсалдылықпен қатынасқанды қалайды. Британдықтардың тағы бір ерекшелігі – олардың заңға қатаң бағынатыны. Әділдік сезімі оларда өте қатты дамыған. Сондықтан олар ойын ережесі барлығына тең болуы қажет деп есептейді. Жалпы Қазақстан бизнесінің британдық әріптестерінен үйренері көп деп ойлаймын.
– Биыл екі ел арасында ынтымақтастық орнағанына 26 жыл. Осы жылдар ішінде Ұлыбританиядан Қазақстанға келетін туристер саны өсті ме? Оқырмандарымызға екі ел арасындағы тікелей әуе жолы, визасыз режім туралы әңгімелеп берсеңіз...
– 2016 жылы Қазақстан Еуропалық одақ және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттердің азаматтарына визасыз режім енгізгеннен кейін елімізге сапарлап баратын британдықтардың саны күрт артты. Елімізге ұзақ мерзімге виза рәсімдеген британдық азаматтардың саны да өсті. Атап айтсақ, 2018 жылғы бірінші жартыжылдықта рәсімделген визалардың саны 744-ке жетті. Қазіргі таңда британ жұртшылығының Қазақстан туралы мағлұматы едәуір молайды деп айтуға болады. Бұған себеп ретінде бірнеше факторды атап өткен жөн. Біріншіден, британдықтардың Қазақстанға баруы біршама жеңілдеді. Енді олар елімізге 30 күнге дейін визасыз келе алады. Екіншіден, осы жылғы 1 маусымнан бастап Лондон мен Астана қалаларының арасындағы әуе рейстері жиілеп, күн сайын қатынайтын болды. Жалпы, соңғы жылдары Қазақстанда өткізілген көптеген жаһандық деңгейдегі іс-шаралар елімізді британ халқына ғана емес, жалпы әлем жұртшылығына танытуға ықпал етті деп ойлаймын.
Ұлыбритания тарихи тұрғыдан алғанда өзінің қатаң көші-қон саясатымен танымал. Осы мәселе Біріккен Корольдіктің Еуропалық одақ құрамынан шығуының басты себептерінің бірі болып отыр. Қазіргі таңда елшіліктің бастамасымен Қазақстан азаматтарының Ұлыбританияға сапарын жеңілдету мақсатында айтарлықтай жұмыс атқарылуда. Атап айтсақ, осы мәселе бойынша қазақстандық мемлекеттік органдардың арнайы жұмыс тобы құрылып, жақында оның алғашқы отырысы өтті.
– Ұлыбританиядағы диаспорамыз үлкен бе? Олар қай қалада көп қоныстанған? Немен айналысады? Еңбек шартымен келетіндер көп пе?
– Ұлыбританиядағы қазақ диаспорасының негізін Түркиядан қоныс аударған бауырлар құрайды. 1960-жылдары түрік жерінен көшіп келген қандастарымыздың саны бүгінгі таңда 45-50 отбасына жетті. Осындағы қазақ диаспорасының өкілдері Британияның түрлі саласында қызмет атқарады. Әрине еліміз егемендікке ие болғалы Ұлыбританияда бизнеспен айналысып жүрген, білім алып жатқан қазақстандықтар саны да тұрақты түрде өсуде.
Елшілік қазақ диаспорасымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Қандастарымыз елшілік ұйымдастыратын түрлі мәдени іс-шаралар мен ресми қабылдауларға белсенді қатысып тұрады. Сондай-ақ елшілікте аптасына бір рет диаспора жастарына арналған қазақ тілі сабағы жүреді. Сабақ барысында жастар қазақ тілін үйреніп қана қоймай, Қазақстанның тарихымен және мәдениетімен танысып, еліміздің қазіргі тұрмыс-тіршілігі жөнінде ақпарат алады.
Қазіргі таңда біздің диаспорамыз қазақ тілі оқулықтарымен және балалар мен жастарға арналған bilimland.kz, twig-bilim.kz, imektep.kz, kitap.kz, openu.kz сияқты қазақ тіліндегі түрлі тақырыптық онлайн ресурстармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар қазақ диаспорасының жас буын өкілдеріне қазақша-түрікше тілашар таратылды.
– Ел студенттері үшін тұманды Альбион аса тартымды елдер қатарында екені білінеді. Білім қуып, Британияға барған жастарымыздың саны қанша? Олардың елшілікпен байланысы қаншалықты?
– Британияда оқитын студенттердің нақты санын тап басып айту қиын, себебі олардың көбісі жеке өз бастамасымен келген. Әрі елшіліктің қолында барлық студенттердің есебін жүргізуге арналған заңды тәсіл жоқ. Елшіліктің консулдық тіркеуіндегі қазақстандық студенттер саны 300-ден асады, олардың 290-ы – «Болашақ» бағдарламасы аясында білім алып жүрген жастарымыз. Біздің жастар британдық барлық жетекші университеттерде оқиды. Біздің болжамымызша, британдық колледждер мен университетке дайындық мектептерін қоса алғанда студенттер саны 3-5 мыңға жетеді. Қазақстандық студенттер білім, ғылым, инновациялар салаларында көптеген идеялар ұсынып, елшілікпен бірлесе іс-шаралар ұйымдастырып тұрады.
Елшілік биыл «Астана халықаралық қаржы орталығымен» бірлесіп, «Шелл» голландтық-британдық мұнай-газ компаниясының Лондондағы ғимаратында Ұлыбританияның жоғары оқу орындарында білім алып жүрген жастарымызға арнап бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастырды. Оған Біріккен Корольдіктің Оксфорд, Кембридж университеттері, Лондон экономика мектебі, Лондонның Университеттік колледжі мен Корольдік колледжі және басқа да жетекші оқу орындарынан келген 100-ге тарта студент қатысты. Болашақта мұндай бос орындар жәрмеңкесін біз жыл сайын өткізуді жоспарлап отырмыз.
– Елшілікте Қазақстанның жалпыхалықтық мереке күндері аталып өте ме?
– Біз еліміздің жалпыұлттық мейрамдарының көпшілігін Ұлыбританияда мүмкіндігінше атап өтеміз. Жай атап өтіп қоймай, оларды британ жұртшылығы арасында насихаттап, еліміздің мәдени және тарихи мұрасын таныстыру мақсатында қолданамыз. Мысалы, биыл елшілікте Наурыз мерекесі кең көлемде атап өтілді.
– Сырт елде жүрген отандастарымызға аяқ астынан жедел көмек қажет болатын оқиғалар туындап жатады. Осы орайда ең бірінші елшілік ойға оралады. Азаматтарымыз қандай мәселелер бойынша жиі хабарласады?
– Отандастарымыздың көпшілігі түрлі іс-шараларды бірлесе атқару және оларға консулдық қолдау көрсету жөніндегі мәселелермен хабарласады. Елшілік жерлестеріміздің Қазақстанды британ жұртшылығына танытуға, оның жағымды имиджін әлемдік деңгейде ілгерілетуге арналған ұсыныстарын қарастырып, қолдан келгенше қолдау көрсетуге әрқашан дайын. Өйткені дипломатияда ұсақ-түйек мәселе болмайды. Біз үшін әр отандасымыз қымбат. Оларды қолдап-қорғау, еліміздің жетістігін таныту, ел мен елді байланыстыру – біздің тікелей міндетіміз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Венера Түгелбай,
«Егемен Қазақстан»