Ұлт үшін денсаулық мәселесі әрдайым өзекті. Бүгінгі таңда елімізде отандық медицина қарыштап дамып, өзінің биік деңгейіне көтерілді. Азаматтардың денсаулығын жақсарту, аурудың алдын алу, сырқатты болдырмау мәселелері де күн тәртібінде. Сонымен қатар өңірлердегі денсаулық сақтау мекемелері де бұл мәселеге лайықты үлес қосып отыр.
Тараз қаласындағы «Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығында» ағымдағы жылы мамыр айында тұңғыш рет бүйрекке трансплантация жасалғанын жазған болатынбыз. Жамбылдық азаматқа туған ағасы бір бүйрегін беріп, оған алғашқы отаны ағзаларды транспланттау жөніндегі ұлттық үйлестірушісі Жақсылық Досқалиев жасаған еді. Нәтижесінде бүйрек дертіне шалдыққан азамат сауығып әрі бұл отандық медицина тарихында айтарлықтай жетістік ретінде бағаланды.
Аталған орталықты бұл күнде елімізге танымал ғалым Сейітхан Жошыбаев басқарады. Міне, Тараз жерінде тұңғыш рет жасалған бүйрек трансплантациясынан соң бірқатар шет мемлекеттердің азаматтары аталған клиникаға келе бастапты. Нәтижесінде Грузия және Қырғыз мемлекеттерінің азаматтары ота жасату үшін осы орталықты таңдаған. Айта кету керек, Тараз қаласындағы «Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығында» бүгінде сала бойынша докторантура дәрежесін шетелде оқыған білікті мамандар жұмыс істейді. Сонымен қатар аталған клиника еліміздің оңтүстік аймағындағы жетекші орталық саналады.
Аталған клиникада тұңғыш рет бүйрек алмастыру трансплантациясынан төрт ай өткен соң, Грузия және Қырғыз Республикасының азаматтарына бүйрек алмастыру операциялары жасалды. Отаны Астана қаласындағы ұлттық ғылыми онкология-трансплантологиялық орталығынан келген тәжірибелі маман Ғани Құттымұратов жасады. Ғани Мұратұлы бүгінде осы «Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығы» директорының орынбасары болып жұмыс істейді. Оның айтуынша, мұнда алғашқы бүйрек алмастыру операциясы жасалған мамыр айынан бері 3-4 бүйрек алмастыру отасын өздері жасапты. Оның біреуі ғана ел азаматы болса, қалғаны шетел азаматтары екен. Енді тоғызыншы рет шетел азаматына ота жасалды. Қырғыз елінің 62 жастағы азаматына 35 жастағы немере інісі бүйрегін беріпті. Грузия азаматының да жағдайы осыған ұқсас екен. Оның туыстары да науқастың өмірін сақтап қалу үшін трансплантация жасауға келісіпті.
Трансплантолог Ғани Құттымұратов елімізде бүйрекке мұқтаж жандардың көп екенін айтады. Ал қазіргі кезде ағзалар тек тірі донордан ғана алынуда. Дей тұрғанмен, кез келген адам үшін ағзасының бір бөлшегін беру оңай емес. Сонда да болса қайырымды азаматтар туыстарының өмірі үшін осындай ерлікке барып отыр. Мәселен, бір ғана Жамбыл облысында 250-ге тарта азамат трансплантация жасату үшін айлап аурухана төсегіне таңылып, донор күтуде екен. Елімізде олардың саны үш жарым мыңнан асады. Тіпті кейбір науқас азаматтар жасанды бүйректің қызметіне жүгінуге мәжбүр.
Адамның қай жері ауырса, жаны сол жерде. Кейбір азаматтарға донор табылып, сәтті операция жасалғанымен, көпшілік үшін бұл мәселе әлі өзекті. Тараз қаласындағы білікті мамандар жұмыс істейтін «Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығы» талай жанның өмірін сақтап қалуда еңбек етіп, отандық медицинаның дамуына үлес қосып келеді.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы