Жаңа оқу жылы қарсаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысы бойынша өкілдігі «Мектеп сөмкесі-2018» қайырымдылық акциясын өткізді.
Үстіміздегі жылы облыс бойынша 727 мектеп оқушысына қажетті сөмкелер мен оқу құралдары табыс етілді. Көкшетау қалалық білім бөлімі дайындаған арнайы тізімге әуел баста 250 бала енгізілген екен. Имандылықтың ишарасындай жан жылуын төккен қамқорлықтың арқасында облыс орталығында 270 балаға оқу құралдары сыйланса, 142 оқушы мектеп формаларына ие болды.
– Мұсылманның қырық парызының біреуі – білім алу. Біз әр жыл сайын жеткіншектерді білім жолына бағыттау мақсатында осындай қайырымдылық шараларын ұйымдастыруды дәстүрге айналдырудамыз, – дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысы бойынша өкілі Қуаныш Сәбит.
Қайырымдылық акциясына көптеген көкшетаулықтар шын ниеттерімен өз үлестерін қосты. «Зекет» қайырымдылық қоры да иманды істен шет қалмай, белсенділік танытты. Адамдардың бір-бірін жебей жүргенге не жетсін?!
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Көкшетау