• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
24 Желтоқсан, 2011

Бұл – уақыт дәлелдеген ақиқат

318 рет
көрсетілді

Адам ретінде және азамат ретінде Маң­ғыс­тау облысы, Жаңаөзен қа­ласындағы мерекелік іс-шаралар кезінде орын алып, кісі өліміне соқ­тыр­ған жап­пай бей-бе­ре­кетсіздіктер ту­ра­лы ха­барды өкіне және қай­ғы­ра қабыл­да­дым. Жазықсыз қаза тап­қандардың отбасына қайғы­сы­на ортақтасып көңіл ай­тамын. Бұл – біздің халқымыз үшін аса жат қылық. Өкініштісі, еліміз үшін ең қасиетті құндылық – Тәуелсіздік күні әдейі, са­на­лы түрде жасалған әрекет екендігі. Тәуелсіздіктен асқан ұлы құн­дылық, асқан жетістік бар ма? Қоғамымызда тарихи ор­нық­қан қоғамдық келісім, тұ­рақ­тылық пен адамдардың бір-біріне және бола­ша­ғына деген сеніміне қол сұғу – бұл кешірілмейтін қыл­мыс. Тәртіпсіздікті ұйымдастырушы­лар да, оған белсенді қатысқандар да заңға сәйкес жауап­қа тартылуы тиіс. Қоғамдық келісім және тұ­рақ­тылық – Пре­зидентіміздің жүргізіп отырған саясаты, Қазақстан халқының таңдаған қалыпты өмір салты. Біз 20 жыл бойы Қазақ елін­дегі бейбіт өмір мен ты­ныш­тықты көзіміздің қарашы­ғындай сақтап келеміз. Елдің игілігі үшін ауызбіршілікке келу, сөзге тоқтау, бірігу – қа­зақ­тың қанына сіңген қасиет. Қажет болған кезінде түйінді шешімнің бас­тауын­да тұратын халқымыздың парасаты мен кемел кемең­герлігіне толық сенімдімін. Біз – қиыншылық көр­ген жанның қасынан табы­латын халықпыз. Бұған та­ри­хы­мыз дәлел. Әлеуметтік мәселелерді жап­пай тәртіпсіздікті тудыру­дың сылтауына, еңбек даула­рын саяси ойынның құралына айналдырудың салдары қара­пайым адамдардың зардап шегуіне әкелетін әрекеттерге қа­таң тыйым салыну керек. Әлемдік және отандық тарих кез келген кикілжіңнің тек бейбіт жолмен, келіссөздер мен ортақ бітімгерлік арқылы ғана шешілетінін дәлелдеген. Бүгінде Президент, Үкімет, қоғам зардап шеккен ел азамат­тары үшін барлық жағдайды жасап жатыр. Осының өзі біздің күшіміз бірлігімізде, ер­теңгі күнге деген сенімімізде, бейбітшілік пен келісімде, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың айналасына ұйысуда екенін айғақтайды. Мемлекет басшысының «Маң­ғыстау облысы, Жаңаөзен қаласында төтенше жағдай жариялау туралы» Жарлығы, мем­лекеттің неғұрлым тезірек өмірлік қажетті нысандарды қай­та қалпына келтіру, бейбіт тұрғындардың тыныштығын қам­тамасыз ету, қылмыстық әре­кеттерді заңға сәйкес айып­тау үшін барлығын жасап отырғанының айқын дәлелі. Жаңаөзенде орын алған оқиға әрқайсымызға сабақ бо­луы тиіс. Қарапайым адамдар­дың мәселелерін шешуге үн қосу – біздің ортақ міндетіміз. Талайлы тағдырымыздан ту етіп алып шыққан рухани бірлігіміз бен елдігіміз Қазақстан халқын, оның әрбір азаматын биік белестерге жеткізетініне сенімім нық. Бұл – уақыт дәлелдеген ақиқат. Ералы ТОҒЖАНОВ, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары.