«Қияли» деген сөз бар. Мақтауға қарағанда даттау, көп жағдайда келемеждеу жағы басым түсіп жататын сөз. «Қияли» сөзі жас балаға қатысты айтылса, бұл сөзде үміт күттірерлік қасиет байқалады. Ал өмірдің белестерінен әбден өткен, шау тартқан адамға қатысты қолданылса, онда расында да бұл босқа өткен өмірді білдіретіндей. Өйткені «қиял», «қиялдау» дегеніміз әлі ашылмаған ресурс қой. Жасы келген кезінде өз бойындағы осы ресурсты ашып, оның қасиетін пайдалана алмаса, расында да әрбір адам баласы келемеждеуге лайық секілді.
Шын мәніне келгенде, қиял дегеніміз – өте ғажайып дүние. Алланың адамға беретін негізгі байлығының бірі осы қиялдай білу қасиеті. Ғалымдардың пікірінше, қиялдай білу қасиеті басқа жан-жануарларға дарытылмаған. Демек адамзат дамуының түпкі заңдылығы, оның бүгінгідей өркениеттік биік деңгейге көтеріле алуы адамның осы қиялдай білу қасиетіне молынан қатысты екендігі анық.
Қазіргі біз бастан кешіріп отырған заман – адамзаттың қиялы мен бүгінгі өмір шындығы әбден астасқан заман. Өйткені адамзат өз қиялын толық жүзеге асырарлық деңгейге көтеріліп отыр. Кезінде ұшқыш кілемді арман еткен адам баласы қазір дыбыс жылдамдығымен бірдей жүйтки алатын ұшақтарға мініп алып, Жердің бір шетінен екінші шетіне санаулы сағаттарда жете алатындай мүмкіндікке ие болды. Қиял-ғажайып ертегілерде айтылған адамзаттың арман-тілегінің бәрі қазір жүзеге асуда. Алланың адамға дарытқан қасиетінің арқасында қиял дегеніміз шексіз ғой. Қиялдың осы шексіздік қасиеті адамзатты әлі талай биіктерге көтереді деп үміттенемін.
Қиял дегеніміз – төбеміздегі көк зеңгір аспан секілді де, адам ойы – сол қиял аспанында шарқ ұрған қыран құс секілді. Егер адамның қиял әлемі соншалықты кең болса, оның ойы да қыран құстай неғұрлым алыстарға самғап ұша алады. Демек бүгінгідей бәсекелестік өріс алып отырған заманда, жаңа туған жас нәрестенің бойына қиялдай білу қасиетін молынан дарытуға ұмтылу – әрбір ата-ананың парызы. Сіз балаңызға осы қасиетті дарыту арқылы ғана оның болашағының үлкен бір бөлігін қамтамасыз ете аласыз. Өйткені баланың қиял әлемі барынша кең болса, оның арманы да соған сай асқақ болмақ. Егер баланың арманы барынша асқақ болса, ол өз алдына соған сай биік мақсат қоя алады. Оның мұндай қыры, көбінесе, бозбала шағынан бастап ашыла бастайды. Егер бозбаланың немесе бойжеткеннің алдына қойған мақсаты биік болса, оның өмірге, сонан кейін өзіне қояр талабы да соншалықты мығым болмақ.
Әрине осының барлығы – ұзақ үдеріс және мұнан кейінгі жағдайлар адамның қандай білім алатындығына, қандай ортада еңбек ететіндігіне, қандай тәжірибе жинақтайтынына және жеке басының жауапкершілігіне байланысты өріс алатындығы анық. Бірақ қандай уақыт, қандай өмір кезеңінде болсын, белгілі бір жұмысты игеруге кіріскенде оған ең алдымен көмекке қиялдай білу қасиеті келетіндігі анық. Міне, осы қасиеті арқылы ол қарастырылып отырған проблеманы мейлінше кең ауқымда көре алатын және оның шешімінің сандаған нұсқаларын байқай алатын болады. Қиялдай білу қасиеті, әсіресе шығармашылық еңбекпен шұғылданатын адамдар үшін таптырмас құрал. Ал біз өмір сүріп отырған қазіргі заман кез келген еңбек түріне шығармашылықпен ойлау талабын қоюда.
Қазақстанның АҚШ-тың Шеврон компаниясымен бірігіп құрған мұнай саласындағы аса ірі компаниясы «Теңізшевройл» ЖШС шет елдерден оқу бітіріп келген «Болашақ» бағдарламасы түлектерін жұмысқа қабылдаған кезде олардың арасында конкурс өткізді. Байқаудың ең басты талабы – олардың бойындағы сыни ойлау қабілетін тексеру болды. Сонан кейін барып, ағылшын тілін қаншалықты білетіндіктеріне, өз мамандықтары бойынша білімділік деңгейлеріне назар аударылды.
Сыни ойлау дегеніміз не? Бұл жалпақ тілмен айтсақ, адамның қаншалықты қиялдай білетіндігін тексеру ғой. Қазір осындай үрдіс әлем бойынша қолданыла бастады. Демек қазіргі диплом дегеніміз, қандай білім алғаныңызды білдіретін қағаз ғана. Әрине біліктілік талабына сәйкес жұмысқа орналасу үшін диплом қажет. Бірақ әлемнің мықты компаниялары дипломмен ғана қанағаттанбайды. Олар бірінші кезекте бойыңызда қандай қасиет барын байқағысы келеді. Соның бірі – адамның қиялдай білу қасиеті. Бұл қасиет адамға сәби кезінен дарымаса, кейіннен қолға түспейтіндігі анық.
Сәби қиялын қалайша кеңейтуге болады? Соның ең басты шарттарының бірі – оған ертегі айту деп түсінеміз. Әрине сәби қиялын дамытуда қазіргі мультфильмдердің де маңызы зор екендігі анық. Бірақ бұл дайын өнім. Кейіпкерлерінің түр-келбетін, барлық заттарды бейнелі түрде көз алдыңа алып келеді. Сондықтан оның балаларды қызықтырушылық рөлі зор. Бірақ бәрібір ертегіге жетпейді. Себебі ертегі тыңдаған сәбилер ондағы кейіпкерлердің бейнелі образдарын қиялдау арқылы өздері сомдауға мәжбүр болады. Демек сәби үшін мультфильмге қарағанда ертегінің пайдасы молырақ. Бұл сәби қиялын кеңейтумен қатар ойлануға, ми жасушаларының барынша жұмыс істеуіне әсер етеді. Басқалай айтқанда, дүниедегі ең кереметтің бәрі қиял туындысы болып табылады.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»