• RUB:
    5.49
  • USD:
    477.14
  • EUR:
    521.28
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Қыркүйек, 2018

«Қазақтелеком» деректерді табыстаудың жаңа халықаралық транзиттік бағдарын іске қосты

281 рет
көрсетілді

«Қазақтелеком» АҚ Еуропа мен Азия арасындағы ақпараттық ағындар транзитінің жаңа мүмкіндіктерін таныстырды. Ақпараттық-коммуникациялық оператор Еуропа, Ресей, Қазақстан, Түрікменстан, Иран арқылы өтіп, одан ары Парсы шығанағына және Үндістанға баратын алғашқы жерүсті бағдарының іске қосылуы туралы ресми жариялады, деп хабарлайды «Қазақтелеком» АҚ баспасөз қызметі.

Қазіргі суасты кабельдері зақымданған жағдайда, қалпына келтіру айтарлықтай уақыт қажет етеді. Жаңа бағдар соның таптырмас баламасы болмақ. Осыған байланысты, Еуропа, ҚХР, Оңтүстік-шығыс Азияның ірі операторлары жаңа транзиттік бағдардың іске қосылуына мүдделі болып отыр.

Жаңа транзиттік бағдарға «PEARL» (ағыл. «інжу») — Persia Europe Alternative Rapid Link деген атау берілді. Тағы бір бағдардың іске қосылуы «Қазақтелеком» АҚ-тың Шығыс пен Батыс арасындағы трафик транзиті нарығындағы үлесін арттыру стратегиясын іске асырудың маңызды қадамы болып табылады. Қазіргі кезде «Қазақтелеком» АҚ Орталық Азиядағы байланыс операторларына транзиттік трафик ұсыну нарығы көшбасшыларының бірі болып отыр, ол Батыс пен Шығыс арасындағы ең қысқа бағдарға ие.

«Біз Еуропа мен Азия арасындағы трафиктің мейлінше өсіп келе жатқанын көріп отырмыз. Операторлар сервистердің бұрынғыдан да сенімді әрі тұрақты жұмыс істеуі үшін қазіргі бағдарлардың баламаларын, жаңа мүмкіндіктерді іздеп жатыр. Жаңа транзиттік бағдар — операторлар үшін інжу-маржан секілді, өйткені ол ақпараттық-коммуникациялар нарығы үшін жаңа мүмкіндіктер есігін ашады», — дейді «Қазақтелеком» АҚ В2В дивизионының сату жөніндегі директоры Шыңғыс Сағындық.

Жаңа бағдардың таныстырылымы байланыс операторларының жыл сайынғы халықаралық «GCCM 2018» көрме-конференциясы аясында өтті. Бұл шара Алматыда екінші рет өткізіліп отыр. Оған ТМД, Оңтүстік-шығыс Азия, Еуропа және Таяу Шығыстың 110 компаниясынан 350-ден астам өкіл қатысты. «GCCM 2018» ұйымдастырушысы — Carrier Community халықаралық телекоммуникация клубы 2008 жылы құрылған, қазір онда 2500 байланыс операторы бар. Алматымен қатар, клуб аясында осы тақылеттес конференциялар Сингапур, Дубай, Кейатаун, Берлин, Амстердам, Лондон, Сан-Паоло қалаларында өткізіледі.