«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының республикалық сайлауалды штабының мүшелері өз үгіт науқанын Солтүстік Қазақстан облысында жалғастырды. Осы ірі агроөнеркәсіптік өңірде нұротандықтар ауылшаруашылық кешендері жұмысшыларымен, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттерімен және оқытушыларымен кездесті, сондай-ақ Петропавл қаласының азық-түлік базарында болды.
Кездесулер барысында әртүрлі мәселелер талқыланды: ауылдың дамуы, жалпы агроөнеркәсіптік кешенді және етті мал шаруашылығын, білім және ғылым салаларын дамыту, қазақстандықтардың әлеуметтік қамсыздандырылуы.
Білім саласы өкілдерін жастарға қолдау көрсетуге бағытталған партиялық бағдарламалар, студенттердің шәкіртақысын және мұғалімдер мен оқытушылардың еңбекақысын көбейту мәселесі қызықтырды.
«Нұр Отан» партиясы білім мен ғылымды табысты болашақтың негізі ретінде қарастырады. Осы бағытты өзінің «Қазақстан. 2017 мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» сайлауалды тұғырнамасы басымдықтарының бірі ретінде айқындады.
Қалалық Мәдениет үйінде өткен кездесуге келген оқытушылар мен студенттер алдында сөйлеген сөзінде «Нұр Отан» партиясының республикалық сайлауалды штабының жетекшісі Нұрлан Нығматулин: «Бүкіл әлем таныған тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастаған даму жолын жалғастыру үшін, халқымыздың жағдайын одан әрі жақсарту үшін, ұлы мақсаттарға жету үшін алдағы сайлауда өз дауыстарыңызды тек «Нұр Отан» үшін беріңіздер», деп атап өтті.
«Нұр Отан» өз алдына жуық арадағы бес жылға қоятын міндеттері қатарында жоғары, техникалық және кәсіби білімді кеңейту, оның инфрақұрылымын жаңарту, оқытушылар құрамы біліктілігін барынша арттыру. Сонымен бірге, 3 мыңнан аса мектепке дейінгі ұйымдар, республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен 400-ден кем емес мектеп құрылысы, мұғалімдердің орташа айлығының мөлшерін жеке сектордағы орташа айлықтың мөлшеріне дейін жеткізу, ал Педагогикалық шеберлік орталықтарында және «Өркен» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында біліктілікті арттыру курстарынан өткен және біліктілік емтиханын тапсырған мұғалімдерге жалақыны 30-дан 100 пайызға дейін ұлғайту секілді мәселелер бар. Ғылым саласында «Нұр Отан» партиясы мемлекеттік шығындар көлемін ІЖӨ-нің 1%-ына дейін жеткізуді, бизнес пен университеттерді интеграциялауды көздеп отыр.
Кездесулерге келген солтүстік қазақстандықтар «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан. 2017 мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» сайлауалды бағдарламасында белгіленген басты бағыттар елімізді нығайтуға және қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға жағдай жасайтынына сенімді. Сол себепті олар 2012 жылдың 15 қаңтарында «Нұр Отан» үшін дауыс беретін болады.
Өмір ЕСҚАЛИ.