Тұрғын үй мәселесі қай кезде де өзекті. «Үйі жоқтың, күйі жоқ» дегендей, үй баспанасыз жанның басты мұңына айналады. Дей тұрғанмен, бүгінгі таңда ел тұрғындары үшін баспаналы болудың мүмкіндіктері көп. Өңірлерде «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы біршама тұрғын үй кешендері салынып, ел игілігіне берілді. Көптеген отбасы қоныс тойын тойлап, қуанышқа кенеліп жатыр. Мемлекеттің мыңдаған азаматтарға жасаған қамқорлығы мен мүмкіндіктерінің нәтижесінде әрбір азамат өз шаңырағының иесі атанып, мерейі тасуда.
«Өз үйім – өлең төсегім» дейді халқымыз. Бақыт шамы маңдайына бұйырған баспаналы азаматтардың қатары бүгінде Жамбыл облысында да көбейіп келеді. Жуырда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Тараз қаласындағы «Арай» алқабынан бой көтерген 80 пәтерлік бес қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй пәтерлерінің кілті толық емес отбасыларға, жетім балаларға, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, сонымен қатар ұзақ жылдан бері кезекте тұрған бюджеттік мекеме қызметкерлеріне табысталды. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевтың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар облыстың барлық елді мекендерінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында және жергілікті, сонымен қатар облыстық бюджет есебінен жалғасын табатын болады.
«Арай» алқабынан бір жарым жылда бой көтерген тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарына республикалық бюджет есебінен 614 миллион теңге жұмсалды. Тұрғын үйдің жалпы аумағы 5 мың шаршы метрді құрайды. Жаңа тұрғын үйде 15 бір бөлмелі, 30 екі бөлмелі және 35 үш бөлмелі пәтер бар. Сонымен қатар барлық пәтер заманауи үлгіде жасақталған. Бір айта кетерлігі, ағымдағы жылдың соңына қарай «Бәйтерек» шағын ауданында жалдық негізде пайдалануға арналған тағы да 100 және 60 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы аяқталатын болады. Бұл да талай тұрғынның баспаналы болуына мүмкіндік сыйлайтын жағдай.
Жамбыл облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әділет Ахатаев жыл соңына дейін №15 шағын ауданда 800 пәтерлік 10 көпқабатты тұрғын үй құрылысының аяқталатынын жеткізді. Сонымен қатар 255 коттедждік жеке тұрғын үй салыну үстінде. «Өңірдегі жалпы тұрғын үй құрылысына биыл 7,2 миллиард теңге қарастырылған. Барлығы 1600-ге тарта отбасы қоныс тойын тойлайтын болады. Бірінші жартыжылдықта Тараз, Қаратау және Жаңатас қалаларында алты тұрғын үй пайдалануға берілді. Өткен жылы 397 мың шаршы метр тұрғын үй салынған болса, биыл бұл көрсеткіш 430 мың шаршы метрге дейін жетіп отыр», дейді басқарма басшысы.
Салынып біткен тұрғын үйлерді бөлу мемлекеттік «7 – 20 – 25» бағдарламасы арқылы жүзеге асатын болады. Ал Ұлттық банктің Жамбыл облыстық филиалының мәліметінше, осы уақытқа дейін өңірде «7 – 20 – 25» бағдарламасымен жалпы құны 92 миллион теңге болатын 10 өтініш қабылданып, 8 өтініш мақұлданған екен. Өңірде 23 мыңға тарта азамат баспана кезегінде тұр. Соның ішінде 16 мыңнан астам азамат Тараз қаласының тұрғындары. Облыс орталығындағы қарқынды құрылыстың нәтижесінде келешекте «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы барлық кезекте тұрған тұрғындар баспаналы бола алады.
Келешекте №15 шағын ауданда тұрғындар үшін Оқушылар сарайы, Неке қию сарайы, Халыққа қызмет көрсету орталығы және Салтанат сарайы сияқты бірқатар көз тартатын кешен бой көтермек. Аталған нысандардың құрылысын аяқтау келесі жылға жоспарланған.
Жыл басынан бері Тараз қаласында жалпы көлемі 120 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген болса, жыл соңына дейін тағы да 13 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Демек, жыл соңында «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы тағы да біраз азаматтар қоныс тойын тойлайтын болады.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы