«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» негізінде аймақтарда атқарылатын істің жөн-жобасы түзіліп, тиісті жоспар жасалған-ды. Өзге өңірлердегідей, Алматы облысы да бұл бағытта жасалатын жұмыстарды жүзеге асыруға кірісіп кетті.
Елбасы бастамасында нақтыланған бағыттың бірі – қосымша білім гранттарын бөлу мен студенттерді жатақханамен қамту жайы болатын. Жетісулық жастардың кең қолдауына ие болып, ата-аналардың ризашылығына бөленген бастама бойынша қазір нақты шаралар қолға алынды. Жоспар бойынша облыста студенттерге арналған 10 жатақхана салу көзделген. Қазір құрылыс жүргізуге қажетті жер телімі бөлініп, жобалау жұмыстары басталып та кетті.
– Бес бастаманың ішіндегі ең өзектісі мемлекеттік гранттардың санын арттыру және білімгерлерді жатақханамен қамту мәселесі екені анық. Елбасының шешімімен 2018-2019 жылдары бөлінетін қосымша гранттар білім саласына елеулі серпін беретіні анық. Оқу оқып, ізденемін деген жастарды қолдау, білімге, жатақханаға деген қолжетімділік бойынша жария етілген жақсы жаңалық – жалпыға ортақ жағымды іс. Бұған дейін еліміз бойынша мемлекет тарапынан жоғары оқу орындарына 54 мың грант бөлініп келген. Ендігі кезекте Елбасы бастамасымен аталмыш тегін оқу жүйесі 20 мың грантпен толықты, – дейді Талдықорған заң колледжінің директоры Мықтыбек Рахымбеков.
Бастама аясында жатақханамен қамту үлесін арттыру да студенттердің көңіліне сенім ұялатты. Өйткені еліміздің барлық өңірінде студенттік баспана жайы сын көтермейді. Бұл жағынан жетісулық жастар да қиындыққа тап болып отырғаны жасырын емес. Облыстағы бірегей оқу орны – Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің өзінде де жатақхана жетіспеушілігі бар. Университеттің екі жатақханасы 500 студентке ғана лайықталған. Ал мыңнан астам жас қаладан пәтер жалдап немесе туыс-туғанының үйін сағалауға мәжбүр. Енді «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» негізінде жасалған жол картасы бойынша тағы да 500 орындық жатақхана құрылысы басталмақшы. Дәл осындай жатақхана тапшылығы аймақтағы Сүлеймен Демирель университетінде де сезіліп отыр. Жоспар бойынша бұл оқу орны аумағына 1000 орындық студенттер үйі салынбақ. Бұйырса, құрылыс жұмыстары 2024 жылы толық аяқталады. Мұнан бөлек, облыстағы 8 колледжге жаңадан жатақхана салуға жер телімі қарастырылып отыр. Ғимараттың жобалық-сметалық құжаттарын реттеуге 16 млн теңге бөлінген.
Сондай-ақ биылдан бастап мемлекеттік грант үлесінің артуы да жастардың білім алуға деген құштарлығын ұштап, сенімін нықтады. Мәселен, есеп бойынша Алматы облысында 17 мың ұл-қыз мектеп бітірсе, ҰБТ сынағынан сүрінбей өткен 5198 жас грант иеленіп, жоғары оқу орнына түскен екен. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда 1334 адамға көбейген. Демек, Елбасы бастамасы бойынша грант санының көбейгені аймақтардағы білім алуға ынталы жастардың жолын ашқаны анық.
Ал Алматы облысы өңірдегі кадрларға деген қажеттілікті ескере отырып, ҰБТ қорытындысы бойынша жоғары балға ие болған 100 талапкерге былтыр да білім беру гранттарын бөлген болатын. Ол бойынша педагогикалық, ауыл шаруашылығы және медициналық мамандықтарға басымдық берілген еді. Биыл бұл үрдіс тағы жалғасын тауып, облыс әкімі тарапынан оған қосымша тағы 100 грант бөлінді. Яғни 2018-2019 оқу жылында бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен қосымша 47,5 млн теңге қарастырылып отыр.
– Қазір жергілікті бюджет есебінен 438 студент әкім грантына оқып жатыр. Олардың сексен тоғызы медицина, екі жүз жиырма жетісі педагогика, жиырма үші ауыл шаруашылығы, жиырма бірі мәдениет саласындағы мамандықтарға бөлінсе, басқа да мамандықтар бойынша тағы 78 студент тегін білім алуда, – дейді бұл жайында облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы